Қытай консулдығы алдында пикет өткізген 2 адамға айыппұл салынды

21 маусымда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізіп жүрген азаматтардың бірі Ақиқат Қалиолла мен Алмахан Мырзанқызына “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін” 50 айлық есептік көрсеткіш (145 мың теңге немесе 340 доллар) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Консулдық алдында пикет өткізген тағы бірнеше адам полицияға шақыртылған. Олар да әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген адамдардың Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылық акция өткізіп жүргеніне 22 маусымда 135 күн болды. Олар “туыстарымыз үшін жанымыз құрбан, бізді ешқандай айыппұл тоқтата алмайды” деп отыр.

– Бұған дейін 61 мың теңге айыппұл салған. Айыппұлды төлеуге шамамыз жетпейді. Кеше сотта да соны айттым. Тапқан табыс жоқ. Өзімнің қан қысымым көтеріліп жатыр. Жолға да аз ақша кетіп жатқан жоқ. Қарызданып біттім. Бүгін де үш адамға полиция шақырту берді. Бірақ біз шараны тоқтатпаймыз. Біз тоқтатсақ, Қытайдағы туыстарымыздың қандай күйде болатынын білмейміз, – деді сейсенбі күні Алмахан Мырзанқызы Азаттық тілшісіне.

Сот шешімінде Ақиқат Қалиолла мен Алмахан Мырзанқызына Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі бойынша айып тағылғаны жазылған. Сот шешімінде олар 10 маусым күні Қытай консулдығы алдында басқа белсенділермен бірге қолдарына “Қытайдағы геноцид тоқтатылсын!”, “Концлагерь жабылсын”, “Қазақты қорламасын”, “Жазықсыздар босатылсын” деп жазылған плакаттарды, адамдардың суреттерін ұстап, “жергілікті атқарушы органның келісімінсіз және рұқсатынсыз заңсыз пикетке қайталап қатысқан” деп жазылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz