“Қытай геноцид саясатын тоқтатсын!” Алматыда консулдық алдында үш әйел пикет өткізді

8 ақпанда Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салған үш әйел жиналып, пикет өткізді. Фарида Қабылбек, Гүлнұр Қосдәулетқызы және Нұрзат Ермекбай пикет кезінде туыстары туралы ақпарат жазылған плакат ұстап тұрды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

– Отбасын асыраушысынан айырып, балаларды тірі жетім қылып, әйелдерді тірі жесір қылған Қытай геноцид саясатын тоқтатсын! Лагерьлерді жапсын. Қытайдағы мұсылмандарды босатсын. Төрт жылдан бері біздің көрмеген қорлығымыз жоқ. Жолдасымды жіберуді қатаң талап етемін, – дейді Гүлнұр Қосдәулетқызы.

17 жылдан бері Қытайдан қайта алмай отырған Қазақстан азаматы Рахыжан Зейнолла туралы Азаттық бұған дейін хабарлаған. Әйелі Фарида Қабылбек 13 жыл түрмеде, бір жарым жыл “саяси лагерьде” болған күйеуінің енді үйқамақта отырғанын айтады.

– Оны жазықсыз ұстап, “тыңшы” деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамады. Ол аздай, бір жарым жыл саяси лагерьде ұстады, ал содан кейін үйқамаққа жіберді. Не деген сұмдық! Неге жібермейді? Қытай оны Қазақстанға қайтарсын! – деген еді Фарида Қабылбек бұған дейін Азаттыққа.

Нұрзат Ермекбай да Қытайда қалған бауыры Бірлесбек Ермекбайға іздеу салып келгенін айтты.

Консулдық күзетшілері карантинді алға тартып, іштен ешкім шықпайтынын жеткізді. Консулдық алдында пикет өткізгендер олардан осындай жауапты жиі естиді. Өзін күзет бөлімінің бастығы деп таныстырған адам Азаттықтың түсірілім тобының камерасын көлегейлеп жапты.

Жергілікті әкімдік өкілі Рита Ерманова келіп, пикет жасағандарға “шараның заңсыз екенін” ескертті. Оқиғаны бірнеше полицей сырттай бақылап тұрды.

Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр. Бір апта бұрын Қытайда сотталған інісі туралы ақпаратты талап еткен Байболат Күнболатұлын полиция консулдық алдында ұстап әкетіп, ескерту берген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz