Кореядан келген коронавирус: Денсаулық сақтау министрлігі жаңа фейкті жоққа шығарды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Оңтүстік Кореядан Жамбыл облысына вирус жұқтырды деген күдікті 150 қазақстандықтың келгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Facebook-тегі ведомствоның ресми бетінде жарияланды.

Хабарламада «Оңтүстік Кореядан Жамбыл облысына келген 150 Қазақстан азаматы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуына жол бермеу бойынша барлық шаралар қабылдануда, медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етілді, шетелден келген адамдарға күнделікті мониторинг жүргізілуде» деп айтылған.

Комитет қазақстандықтарды әлеуметтік желіде тараған тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырады.

Вирусқа байланысты барлық ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми интернет сайттарынан, Денсаулық сақтау министрлігі мен Комитеттің әлеуметтік желілеріндегі беттерінде, сондай-ақ Комитеттің ресми telegram арнасынан білуге болады.

Factcheck.kz