Google: Ирандық хакерлер АҚШ президентінің штабын бұзып алуға тырысты

Google Ислам революциясының сақшылар корпусымен байланысы бар ирандық хакерлік топ мамырдан бері президент Джо Байден мен бұрынғы президент Дональд Трампқа қатысы бар он шақты адамның жеке электрон поштасына кіруге әрекеттенгенін хабарлады. Бұл туралы “Америка дауысы” басылымы жазды.

Google компаниясының қауіпті талдайтын тобының ақпары бойынша, бұл топ вице-президент Камала Харриспен қатысы бар адамдарға да бағытталған. Қазіргі және бұрынғы мемлекеттік шенеуніктерді, сондай-ақ үміткерлердің сайлауалды штабына қатысы бар тұлғалар да топтың нысанына айналды.

Өткен аптада Microsoft корпорациясы АҚШ-тың биылғы президент сайлауына Иранның цифрлы түрде араласқаны туралы есеп шығарды.

Есеп бойынша, ирандық хакерлер фишиң шабуылдар жасаған. Олар адамдардың логинын алу үшін сенімді адамның атын жамылған.

Өткен сенбіде Трамптың штабы хакерлердің шабуылына ұшырағанын, құпия құжаттарының ұрланғанын мәлімдеді. Штаб ирандық хакерлерді айыптады, бірақ нақты дәлелдер келтірмеді.

Сол күні Politico басылымы Трамптың штабының ішкі құжаттарын электрон пошта арқылы алғанын хабарлады, бірақ олардың Иранның кибер белсенділігіне қатысы бар-жоғы белгісіз. «Washington Post» пен «New York Times» газеттері де құжаттарды алды.

Factcheck.kz