Фейк | «Испан» пандемиясы Билл Гейтстің әкесінің кесірінен болған

Әлеуметтік желіде испан тұмауының басты себебі вирус емес, Билл Гейтстің әкесі екендігі айтылған ақпарат тарады. Билл Гейтстің әкесі әскерлерге салған екпенің нәтижесінде бактериялық инфекция пайда болып, бүкіл әлемге тарады деген мәлімдемені StopFake.kz сайты жоққа шығарды.

Испан тұмауының таралу себебі бұл емес. Ауру алғаш рет 1918 жылы тіркелді, ал Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтстің әкесі 1925 жылы дүниеге келген. Ол ешқашан дәрігер болмаған және вакцина егумен айналыспаған. Бұған қоса Вашингтон университетін бітірген соң өмір бойы адвокат болған.

Испан тұмауын вирус тудырғаны ғылыми тұрғыда дәлелденген. 2005 жылы ғалымдар H1N1 штаммын қайта жасап, расымен 1918 жылғы пандемияның басталуына осы себеп болғанын дәлелдеген.

Контекст

Factcheck.kz Билл Гейтс жер халқын қысқартқысы келгені туралы таралған жалған ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Ted конференциясында Гейтс адам санының азаюы туралы емес, халықтың өсуін азайту қажеттілігі туралы мәлімдеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz