Еуропа уайымдауды қойып, держава болуға ұмтылуы керек

1957 жылғы Рим келісімінен соң Еуропа милитаристік импульсінің қалдықтарынан құтылып, ауқымды да бейбіт ортақ нарық құруға кірісіп кетті. Содан бері Еуропаның жалғыз күш-қуаты – оның сауда саясаты болып келеді.

ПАРИЖ – Бәлкім АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер өткен айда сауда соғысының алдын алған болар, дегенмен, Еуропа одағының алдында тұрған күрделі мәселелер әлі шешілген жоқ. Гоббстікіне ұқсап бара жатқан ғаламдық ортада Еуроодақ тек күш-қуатын арттырса ғана тірі қала алады. Күш саясатынан бас тартатын одақ ретінде құрылған ұйым үшін бұл – өте қиын шаруа.

1957 жылғы Рим келісімінен соң Еуропа милитаристік импульсінің қалдықтарынан құтылып, ауқымды да бейбіт ортақ нарық құруға кірісіп кетті. Содан бері Еуропаның жалғыз күш-қуаты – оның сауда саясаты болып келеді.

Бұл саясат қандай да бар стратегиялық ойға негізделмеді, әлемдік нарықта үлкен жетістіктерге жеткеніне қарамастан, Еуроодақтың жаһандық ықпалы шектеулі болды. Қазір Еуроодаққа классикалық державаның жалған рөлін ойнағаннан гөрі биліктің алуан түрін жұмылдырып әрі қолданып, шынайы әлемдік ойыншыға айналатын кез келді.

Қазір-ақ Еуропаның біршама норматив билігі бар, ол – “Брюссель эффекті” арқылы ғаламдық стандарттарды енгізу мүмкіндігі. Мұны Еуропаның технология компанияларын ауыздықтау әрекетінен байқаймыз. Мәселен, жақында күшіне енген Жеке мәліметтерді қорғаудың жалпы ережесін (GDPR) Еуроодақтың ішінде азаматтардың жеке ақпаратын жинап, таратудың нұсқаулығы деп атауға болады.

Ал ірі цифрлық платформалар, соның ішінде ықпалды америкалық компаниялар, бұған бейімделуге тырысып жатыр. АҚШ-тың “ірі төрттігі” – ең үлкен технология компаниялары – Alphabet (Google-дың қожайыны), Apple, Facebook және Amazon нарықтағы үстем позициясына байланысты Еуроодақтың қысымына ұшырап отыр.

Дегенмен, Еуроодақ өзінің норматив билігін пайдаланбақ түгіл, оны көбіне мойындамай келген. Бұл екеуі оның өзін өзі бағалау, тәуекелді сезіну және әрекет қабілеті сияқты үш саладағы әлсіздігіне себеп болды.

“Еуроодақ – лайықты күш” деп санап, мұны жария түрде айтуға жасқанбаса, және Еуропа одағының әлеуетін мойындаса, өзін өзі бағалау деген – осы болар еді. Германиядан бастап Еуроодақтың көп бөлігінде мұндай сенімділік мүлде жетіспейді. Германия өз болашағына сеніммен қараудың орнына ресурстарын қызғанышпен қорғап әлек.

Трамп Германияны “трансатлантикалық қорғанысқа лайықты үлес қоспай, байлығын еселеп жатыр” деп ызаландырып келеді, сондықтан Берлин өз мүмкіндігін Еуропаны күшейтуге жұмсауы керек. Бірақ, Германияда ресурстарды бөлісу тақырыбы енді өзгере бастағандықтан, нақты өзгерістер болуы үшін уақыт қажет. 

Еуропа өз ықпалын арттырып, оны қолдануға құлшынбай отырса, Америка керісінше өз мүдделері мен қалауына жету үшін нарықтағы үстемдігін сенімділікпен пайдаланып келеді. Мәселен, Трамп 2015 жылғы “Иранның ядролық келісімі” деген атпен белгілі Бірлескен жан-жақты іс-әрекет жоспарынан (JCPOA) шығып, Иранға көбірек санкция салатынын мәлімдегелі бері “АҚШ нарығына жолымыз жабылады” деп қорыққан Еуропа компаниялары бұл елден шығып кеткен жөн деп шешті. 

Еуропалық компанияларды Иранда қалуға көндіру үшін Еурокомиссия 1996 жылғы “Блоктау ережелеріне” өзгеріс енгізді. Оған сәйкес Еуроодақ юрисдикциясындағы акторлардың экстратерриториялық санкцияларға бағынуына тыйым салынады әрі бұл санкциялардан жапа шеккен компаниялардың шығынын өтеуге кепілдік беріледі және сол санкция негізінде шыққан шетелдік соттардың шешімдерін Еуроодақ аумағында заңсыз деп таниды. Бірақ мемлекеттер арасындағы ғаламдық қаржылық транзакцияларға мүмкіндік беретін қауіпсіз хат алмасу жүйесі – Дүниежүзілік банкаралық қаржылық телекоммуникация қоғамының (SWIFT) басындағы қиындықтардан соң бұл шара мүлде тиімсіз болып қалды.

Иран 2012 жылы сабақ алған: SWIFT торына жол жабылса – халықаралық қаржы жүйесіне жол жабылды деген сөз. АҚШ қазір дәл осыны көздеп отыр. Егер SWIFT қарашаның басына дейін Иранды үзіп тастамаса, оған қарсы шаралар қолданылуы мүмкін. SWIFT осы талапты орындаса, бұл “Иран JCPOA шартынан шыға қоймас” деген соңғы үміт мүлде үзілді дегенді білдіреді. Бұл – Еуропаның үлкен саяси жеңілісі болмақ, себебі  SWIFT Еуроодақтың юрисдикциясына кіреді.

Еуропа еуроға келгенде де сенімсіздік танытып, өзін құрдымға сүйреді. Еуро әлемдегі екінші ең маңызды валюта болса да, ол барлық көрсеткіштер бойынша доллардан кейін қалып тұр. Ал бұл Еуроодақтың АҚШ сауда санкциялары алдындағы дәрменсіздігін күшейте түседі.

Еуроодақтың екінші осал тұсы – тәуекелді сезінуді үйренуі керек. Мәселен, Қытай экономикалық амбициясын жүзеге асыру үшін Еуропаның өнеркәсіп технологиясына қол жеткізуді көздейді, әрі ол “Бір белдеу – бір жол” жобасын орындау үшін Еуропаның порттарын қажет етеді. Еуропа өзін оп-оңай тонауға жол беріп отыр, соның ішінде порттары мен әуежайларын Қытайдың тартып алуына рұқсат беріп қойды. Еуроодақ–Қытай қарым-қатынасы екі жаққа тиімді болуы керек. Еуроодақ, соның ішінде әсіресе Қытайдың инвестициясын құшақ жая қарсы алған Оңтүстік және Шығыс Еуропа елдері Қытай әрекеттерінің қауіпсіздікке төндірер қатерін мойындауы қажет. 

Дегенмен, мұны жүзеге асыру үшін Еуропа Ресейге мейлінше жұмыла қарсы тұруы керек. Еуроодаққа Қытайдан аздау қатер төндіріп тұрса да, Ресей оның ішкі алауыздығын баса көрсетіп, тіпті одан әрі ушықтырып келеді. Германия Еуропаның Ресейге энергетикалық тәуелділігін одан сайын арттыра түсетін “Солтүстік ағыс – 2” жобасын қолдап отырғанда, Қытайға порттарын сатты деп Грекияға кім өкпе арта алады?

Еуропа мен Америка Құрама Штаттары арасындағы текетірестің күшеюі осының барлығын одан сайын ушықтырып жіберді, ал бұл Қытайды ауыздықтаудағы өзара әріптестікке кесірін тигізді. Әрекет етудің барлық әлеуеті осы жерде жатса керек. Көпжақты құрылымдарды қиратып жатқан Трампты біреу келіп сабасына түсіреді деп күтіп отырғанша, Еуропа Америкасыз жүйені елестетіп, барлық тізгінді өз қолына алуы керек. 

Бұл – халықаралық сауда режимі Америкасыз-ақ өмір сүре алады дегенге көз жеткізіп қана қоймай, Еуроодақтың геосаяси әл-қуатын арттырып, әлемдік державалар арасындағы тепе-теңдікті өзгертетін әскери әлеуетті арттыру деген сөз. Мұнда Франция президенті Эммануэль Макронның НАТО-дан тыс Еуропа әскери күштерін құру бастамасы өте маңызды. Біраузыдылық және Біріккен Корольдікті қоса алғандағы өзара ықпалдастық бұл бастаманы орындауға жол ашады. Алда қандай сын-қатер тұрғаны айқын. Бірақ Еуроодаққа және бүкіл әлемге тигізер пайдасына қарасақ, мұны қолға алу керек-ақ.

Еуропа уайымдауды қойып, держава болуға ұмтылуы керек

Заки Лаиди – Франция Саяси зерттеулер институтының халықаралық қатынастар профессоры, Францияның бұрынғы премьер-министрі Мануэль Вальстың экс-кеңесшісі.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz