Еуроодақ бірқатар Ресей азаматы мен ұйымына санкция салды

Еуроодақ “Луганск халық республикасы” мен “Донецк халық республикасының” тәуелсіздігін мойындаған Ресейдің бірқатар азаматы мен ұйымына санкция салды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Тізімге қорғаныс министрі Сергей Шойгу, президент әкімшілігінің жетекшісі Антон Вайно, мемлекеттік дума вице-спикері Петр Толстой, Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова, Russian Today телеарнасының жетекшісі Маргарита Симоньян, жүргізуші Владимир Соловьев, News front медиахолдингінің басшысы Константин Кнырик, сонымен бірге, ақпарат құралдары “трольдер фабрикасы” деп атайтын “Интернет-зерттеулер агенттігі” енген. Бұдан бөлек, санкция тізіміне үкімет жетекшісінің орынбасары Дмитрий Григоренко, ВЭБ.РФ төрағасы Игорь Шувалов, кәсіпкер Евгений Пригожиннің анасы мен әйелі де енген.

Шектеулердің сонымен бірге Қара теңіз флотына жетекшілік ететін Игорь Осипов, әуе-ғарыш күштерінің жетекшісі Николай Евменов, құрлықтағы әскер бас қолбасшысы Олег Салюковқа да қатысы бар. Ұйымдар арасында “Ресей”, “Промсвязьбанк”, ВЭБ.РФ банктері тізімге енген.

23 ақпанда күндіз Еуроодақ Ресейге салынатын санкция пакетін мақұлдаған. Шектеу шараларына сәйкес, санкция тізіміне енген адамдар мен ұйымдардың активтері бұғатталып, қаржыларын пайдалануына тыйым салынады. Олар Еуроодақ аумағына кіре алмайды немесе транзит дәлізі ретінде пайдаланып, өзге елге өте алмайды.

Бұған қоса, Еуроодақ Ресейдің мемлекеттік қарызына санкция салып, Еуроодақ капиталы мен қаржы нарығына шектеу қойды. Санкция Еуроодақ пен Украина шығысындағы сепаратистік республикалармен кез келген экономикалық қатынас орнатуға тыйым салады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz