ДДСҰ: коронавирус Қытай зертханасында қолдан жасалмаған

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сейсенбі күні өткен брифингте қолда бар барлық дерекке сәйкес өткен жылдың соңында пайда болған коронавирус Қытай зертханасында емес, жарқанаттарда пайда болғанын мәлімдеді. Бұл жайлы Reuters хабарлайды.

Женевада өткен брифингте ДДСҰ баспасөз хатшысы Фадела Чейб қолда бар барлық мәліметтер вирус зертханада емес, жануардан шыққанын хабарлады. Оның айтуынша вирусты қолдан жасады деуге әлі негіз жоқ. Дегенмен, вирустың зертханадан “қашып кету” ықтималдығы туралы сұраққа Чейб жауап берген жоқ.

Чейб вирус жануардан адамға қалай жұққаны әлі белгісіз екенін айтты. Оның айтуынша мұны анықтау үшін біраз уақыт керек. Ал Ухань вирусология институты вирусты синтездегені немесе оның “қашып кетуіне” мүмкіндік бергені туралы қауесетті жоққа шығарды.

АҚШ президенті Дональд Трамп вирустың Қытайдағы Ухань қаласындағы зертханадан шығып-шықпауын анықтауға тырысатынын мәлімдеген еді.

Президент Трамп ұйымды “бұл жағдайды басқара алмады және коронавирустың таралуын жасырды” деп айыптап, БҰҰ коронавирус пандемиясына қарсы күрес жөніндегі агенттігін қаржыландыруды тоқтатты.

Factcheck.kz