Бразилия соты президент таратқан фейк ақпаратқа байланысты тергеу бастайды

Бразилия жоғарғы федералды соты (STF) қазіргі дауыс беру жүйесінің осал тұсы туралы жалған ақпараттың таралуына байланысты ел президенті Жаир Болсонаруға қатысты тергеу жүргізуге шешім қабылдады. Бұл туралы ТАСС сайты Бразилия жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сот шешімінде әлеуметтік желіде бірнеше рет таралған жалған мәлімдеме арқылы демократиялық институттардың заңсыздығы туралы дискурс пайда болғаны жазылған.

Сонымен қатар, бұл жағдайды президент жақтастарының институт мүшелеріне қарсы арандату деп бағаланған.

28 шілдеде Болсонару мемлекеттік арна эфирінде 2018 жылғы президент сайлауының күмәнді болғанын айтты. Оның пікірінше, ол сайлаудың бірінші турында “жеңіске жеткен”, бірақ дауыс беру нәтижесі “жалған” болған.

Бұған қоса Бразилия президенті әлеуметтік желіде қазіргі жүйенің осал тұсы жайлы айтылған видеоны көрсеткен. Бірақ мұндай жайтты елдің орталық сайлау комитеті жоққа шығарды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz