Америка билігі Орталық барлау басқармасының (ОББ) және Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденді сотқа берді. Бұл туралы АҚШ Әділет министрлігінің сайты хабарлады. Барлық оқиға Рermanent Record Сноуденнің өмірбаянын жариялағаннан басталды.
Биліктің айтуынша Сноуден кітабын шығарар алдында оның мазмұнын ОББ және ҰҚА-мен ақылдасуы тиіс еді. Сноуден жұмысқа орналасу кезінде жарияламау туралы құжатқа қол қойған. Билік өмірбаянды сатылымнан алып тастауды талап етпегенімен, үкімет қызметкері тарапынан міндеттемелерді бұзғаны үшін кітапты сатудан түскен барлық қаржыны аударуды сұрайды. Бас прокурордың көмекшісі Джоди Хант:
“Бұл талап-арыз Әділет министрлігі қоғамның сенімін аяқ асты етпейтінінің және АҚШ алдындағы міндеттемелерді орындамау есебінен баюға мүмкіндік бермейтініміздің белгісі”, – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ билік Сноуденге қаражат аудара алатын баспаға қатысты шара қолдану туралы өтініш білдірді.
ТАСС хабарлауынша кеше өткен телеконференция кезінде, Сноуден өзінің мемуарларын жариялау туралы шешім қабылдауда мемлекеттік құпияны сақтау мен конституциялық қағидаттарды орындау арасында таңдау жасағанын мойындады.
“Мен ОББ-ға да, АҚШ үкіметіне де ант берген жоқпын. Мен АҚШ конституциясын сақтауға ант бердім. Даудың басы да осы: Үкімет Конституцияны бұзған жағдайда, құпия ақпаратты жарияламау керек пе?” – деді Сноуден.
Арыз 2013 жылы құпия ақпаратты тарату және тыңшылық жөніндегі айыптаулардан бөлек қаралатын болады.
2013 жылдың маусым айында Эдвард Сноуден The Guardian және The Washington Post басылымына Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне қатысты құпия ақпаратты берді. Ақпаратқа сәйкес америка арнайы қызметі қолданыстағы байланыс желілерінің көмегімен түрлі елдердің азаматтарын бақылаған. АҚШ-та оған мемлекеттік мүлікті жымқырды және мемлекеттік құпияны жария етті деген айып тағылды.
2013 жылдың 16 шілдесінде Сноуден Ресейдің көші-қон қызметіне уақытша баспана беру туралы өтініш білдірді. 2013 жылдың тамыздың 1-і Сноуден тиісті куәлігін алды.
Бірер күн бұрын Эдвард Сноуден француздық France Inter радиостанциясына берген сұхбатында телеграм мен уатсапты қолданбауға шақырды.