Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарын еске алу акциясы өтті

13 ақпанда күндіз Алматының Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында жұрт Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, оған бастапқыда шамамен 200-ден астам адам жиналған. Кейін жиналған халық қарасы көбейген. Жиналғандар арасында саясаткерлер мен қоғам белсенділері Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Еркін Рақышев, Гүлжан Ерғалиева, Жанболат Мамай бар.

Тәуелсіздік монументінде оқиға құрбандарының тізімі жазылған. Жұрт қаза болғандардың рухына құран бағыштап, монументке гүл қойған. Жиналғандар “Халық террорист емес” деген жазуы бар үлкен плакат ұстаған. Сөйлегісі келгендерге шағын микрофон ұсынылған.

Халық биліктің қаңтар оқиғасы кезінде халыққа оқ атуын сынап, азаптау мен қудалауды дереу тыюды талап етті. Кейбір адамдар билікті қатты сынаған өлеңдер оқыды.

Алаңды алыстан полиция қызметкерлері бақылады. Аумақта көлік қозғалысы тоқтамаған.

Сағат түскі 12-ге таман алаңда интернет байланысы нашарлады. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер үзілді.

Бұған дейін билік белсенділерге Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасын өткізуге рұқсат бермеген. Бірақ белсенділер оқиға құрбандарын еске алу азаматтық борышы екенін айтып, бәрібір жиналатынын хабарлаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz