Алматыда “әлеуметтік желіні шектеуге” қарсы митиң өтті

23 сәуірде Алматыда Махатма Ганди атындағы саябақта “әлеуметтік желіні шектейтін” заң жобасына қарсы рұқсат етілген митиң өтті. Наразылық акциясына шамамен 100-ден астам адам қатысты.

Жиналғандар билікті әлеуметтік желі мен интернетте цензура орнатпауға шақырды.

Алматыда "әлеуметтік желіні шектеуге" қарсы митиң өтті
Наразылық акциясына қатысушылар

Митиңге қатысқан құқыққорғаушы Татьяна Чернобиль билік таңдаған тәсілдердің тиімсіз екенін айтты.

Біздің ұсынысымыз мынау: интернетті реттеуді және цензура жасауды тоқтату. Интернет ресурс пен контент авторларында кибербуллинг анықталған жағдайда қазақстандық органның талабына шағымдануға уақыты болу керек. Кибербуллинг барлық ресурстарды шектеуге себеп болмауы керек.

Татьяна Чернобиль.

Чернобиль кибербуллингпен күресу үшін әлем елдерінде қолданып жатқан тиімді тәсілдерін қолдануға шақырды.

Митиңде сөз сөйлеген Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов құжаттағы ережелер сәл жұмсартылса да, әлеуметтік желілер мен мессенжерлерді шектеуге жол ашатынын айтты. Ол, сонымен қатар, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құжатқа вето қоюға шақырды.

Контекст

14 сәуірде Cенат ел арасында қызу талқыланған «Сарым-Закиева» түзетулері деп аталып кеткен заң жобасын мәжіліске қайтарды. Сенаторлар енгізген түзетуге сай, кибербуллиңге қатысты шағымдарды «арнайы сарапшылар тобы» қарастырады. Бұған дейін ұсынылған заң жобасында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселені тек өзі қарауы керек болған.

Сенат заң жобасын мәжіліске қайтармас бұрын белсенділер мен құқық қорғаушылар түзетулер әлеуметтік желідегі ой еркіндігіне қауіп төндіретін және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тым кең өкілет беретін түзетулер бар екенін ескерткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz