24.09 | Лукашенконың батысты айыптауы, Еуроодақ мәлімдемесі, коронавирусқа байланысты жаңа функция

Беларусь президенті Александр Лукашенко 23 қыркүйекте өткен инаугурацияны елдің ішкі мәселесі деп, батыс елдерін бұл туралы хабардар етуге міндетті емес екенін айтты. 23 қыркүйекте Беларусьте Лукашенкоға қарсы 100 мыңнан астам адам митингке шығып жатқан тұста ол жасырын инаугурациясын өткізді. Ұлықтау рәсімі өтетіні туралы ресми хабарланбаған.

Мемлекеттік БелТА агенттігінің мәліметінше, Лукашенко инаугурациясына әскерді қосқанда 2 мыңға жуық адамды шақырған. Президент, сонымен бірге, ұлықтау рәсімін жасыру мүмкін емес екенін айтқан.

Меніңше, біз батыс елдерін инаугурация өтетіні туралы хабар беруге міндетті емеспіз. Бұл – елдің ішкі мәселесі, – деді Лукашенко Қытай елшісі Цуй Циминмен Минскте кездескенде.

Лукашенко Польша, Литва, Украина, Чехия және басқа да елдердің Беларуське байланысты ұстанымын түсінбегенін меңзеп, инаугурацияның өтетінін айтуға міндетті емес екенін тағы да қайталады.

24.09 | Лукашенконың батысты айыптауы, Еуроодақ мәлімдемесі, коронавирусқа байланысты жаңа функция
Александр Лукашенко

Көршілерді құдай береді. Оларды таңдай алмайсың. Бірақ біз бірге өмір сүруге, дос болуға мәжбүрміз. Алайда әрдайым олай болмайды.

Александр Лукашенко

Осыған дейін Беларусьпен көршілес Украина, Литва, Латвия, Польша елдері Лукашенконы заңды сайланған президент деп мойындамады. Көрші елден тек Ресей құттықтаған еді.

Президент, сонымен бірге, Беларусьтегі президенттік сайлаудың заңдылығы мен нәтижесін мойындауды ешкімнен сұрамағанын айтты.

Біздің елде бірнәрсенің мойындалмағанын айтып, айқайлап жатыр. Біз ешкімнен сайлауымызды мойындауды немесе мойындамауды сұрамадық. Ең бастысы конституциямызға сай болуы керек. Олар конституцияға қайшы әрекетімізді көрсе бізге айтсын.

Александр Лукашенко
24.09 | Лукашенконың батысты айыптауы, Еуроодақ мәлімдемесі, коронавирусқа байланысты жаңа функция
Фото: the-village.me

Александр Лукашенконы АҚШ, Канада, Германия, Украина, Польша, Чехия, Словакия, Дания, Эстония, Латвия, Литва Нидерланды және Ұлыбритания Беларусь президенті деп мойындамады.

23 қыркүейекте Минск тұрғындары Тәуелсіздік сарайының маңайынан әскери техниканың көбейгенін және Тәуелсіздік көшесі жабылғанын байқаған. «Беларусь Республикасының Президенті туралы» заңға сәйкес, президенттің ант қабылдау рәсімі республикалық БАҚ арқылы тікелей эфирде көрсетілуі керек. Бірақ барлық Беларусь телеарнасында бұл уақытта сериал көрсетті.

Александр Лукашенконы инаугурациясымен тек демократиялық индексі өте төмен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов құттықтады.

Орталық сайлау комитеті 9 тамызда Лукашенконы 80 пайыз дауыс жинаған жеңімпаз деп жариялады. Беларусь президентінің билік басында отырғанына биыл 26 жыл болды. Беларусь халқы бір айдан астам уақыт Александр Лукашенкоға қарсы жаппай митингке шығып жатыр.

Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Еуропарламентте “Беларусьте 9 тамызда өткен сайлау нәтижесі бұрмаланған” деп мәлімдеді.

Финляндия, Исландия, Норвегия, Швеция және Дания сыртқы істер министрлері Беларусь халқына қолдау білдірді. Олар Беларусь билігін халқына қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды. Министрлер ресми Минскіден заңсыз ұсталғандардың барлығын босатуды және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен келісімге келуді ұсынды.

Еуроодақ Лукашенконы мойындамайтынын екінші рет хабарлады

Еуроодақ Александр Лукашенконы Беларусьтің заңды сайланған президенті деп мойындамайтынын екінші рет хабарлады. Бұл туралы Лукашенконың жасырын өткізген инаугурациясына байланысты жарияланған мәлімдемеде айтылған.

Еуроодақ 9 тамызда Беларусьте өткен сайлауды әділ және заң бойынша болмағанын тағы да хабарлайды. Еуроодақ жалған нәтижені мойындамады. 23 қыркүйекте өткен “инаугурацияға” байланысты Лукашенко демократиялық лигитимділігінен айырылды.

Еуроодақ жариялаған мәлімдемеден үзінді

Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Беларусь халқының құқығы тапталғанын айтты. Оның айтуынша, бұлай жалғаса берсе Беларусьте саяси кризис болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, Боррель Беларусь халқы кімді сайласа да өздерінің құқығы екенін мәлімдеп, оларды Еуроодақ әрдайым қолдайтынын жеткізді.

24.09 | Лукашенконың батысты айыптауы, Еуроодақ мәлімдемесі, коронавирусқа байланысты жаңа функция
Хосеп Боррель. Сурет: AP Photo/Francisco Seco

Еуроодақ халыққа қарсы күш қолдануды және репрессияны тоқтатып, тез арада заңсыз ұсталғандарды босатуды сұрады. Құжатта айтылғандай, ұйым ресми Минскке жасаған ұсынысын ескереді деген үмітте. Бұған қоса Беларуське байланысты қарым-қатынасты да қайта қарайтынын айтты.

Бұған дейін 16 қыркүйекте Еуропарламент жиналысында Хосеп Боррель Беларусьте өткен сайлау нәтижесі бұрмаланғанын хабарлады.

Беларусь оппозиционері және ресми сайлаудың нәтижесіне дейін президенттікке үміткер болған Светлана Тихановская Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) адам құқықтары жөніндегі жиналысына қатысқан еді. Ол БҰҰ-дан Беларусьтегі адам құқығын бұзу фактілерін есептеу үшін арнайы тексеру тобын жіберуді сұрады.

Google Maps жаңа функцияны іске қосты

Google Maps аймақ бойынша коронавирус жұқтырғандарды көре алатын жаңа функцияны іске қосты. Бұл туралы компанияның сайтында хабарланды.

Зерттеушілердің айтуынша, Google Maps-та коронавирус жұқтырған адам санын аймақ бойынша түспен белгіленеді. Сондай-ақ, вирус жұқтырғандардың өскенін немесе төмендеуін көрсететін белгі болады.

24.09 | Лукашенконың батысты айыптауы, Еуроодақ мәлімдемесі, коронавирусқа байланысты жаңа функция

«Функция сізге әлемде қауіпсіз жүруге көмектеседі. Сіз өзіңіздің аймағыңыздағы COVID-19 туралы жаңа ақпаратты көре бастайсыз»

Google

Google Maps басшыларының айтуынша, коронавирусқа байланысты ақпарат Johns Hopkins, New York Times және Wikipedia порталынан алады. Олардың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан COVID-19-ға байланысты статистиканы жинайтынын айтылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz