“Масс-медиа туралы” заң | Вице-министр Ысқақов сөз еркіндігі туралы рейтиңді қалай бұрмалады?

Қазақстанда “БАҚ туралы” заңның орнын басатын “Масс-медиа туралы” заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Сарапшылар мен журналистер заңның қабылдануына қарсы, себебі бұл сөз бостандығы мен журналистердің құқғын шектеуі мүмкін.

14 ақпанда Atameken Business телеарнасында жобаны сарапшылармен талқылауға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов “Шекарасыз тілшілер” ұйымының Баспасөз еркіндігі рейтиңінде “Қазақстан 2021 жылғы 178-орыннан 2022 жылы 122-орынға ауысқанын” мақтанышпен айтты. Оның сөзінше, еліміз “рейтиңде 45 позицияға көтерілген”-міс.

Вице-министр сөзі (тайм-код: 40:12)

“Шекарасыз тілшілер” дайындайтын рейтиңде Қазақстанның позициясы расымен жақсарды ма? Factcheck.kz шындығында не болып жатқанын талдады.

Үкім: Манипуляция

Шекарасыз тілшілер (Reporters without borders, RSF) ұйымының 2021 жылғы Баспасөз рейтиңінде Қазақстан 180 елдің ішінде 155-орында болып, 2022 жылы 122-орынға көтерілгені рас. Алайда бұл Қазақстандағы журналистердің жағдайы жақсарғаны я Ақпарат министрлігінің еңбегінің арқасы емес, рейтиң жасау методологиясы өзгергеннен (2021 жылғы және 2022 жылғы методология) болды. Тіпті Қазақстанның баллы 49,72-ден 48,28-ге түсіп кеткен. Ал “Шекарасыз тілшілердің” Қазақстанға қатысты бөлімінде репрессия модернизацияланып, мемлекет сөз еркіндігінің жалғыз кеңістігі саналатын интернетке бақылауды күшейткені жазылған.

Методологияда не өзгерді?

“Шекарасыз тілшілер” жыл сайынғы Баспсөз еркіндігі рейтиіңінде 2013 жылдан 2021 жылға дейін пайдаланған методологиясында 180 елдегі баспасөз еркіндігі дәрежесі RSF әзірлеген сауалнамаға сарапшылардың жауаптары және журналистерге қатысты зорлық-зомбылық деректерімен біріктіру арқылы анықталған. Сауалнамада келесідей критерийлер бағаланған: плюрализм, баспасөз тәуелсіздігі, медиа орта және ішкі цензура, заңнамалық база, жаңалықтар мен ақпарат өндірісін қолдайтын инфрақұрылымның ашықтығы мен сапасы. Сауалнамада осы критерийлерге бағытталған 87 сұрақ болған, ал ұпай RSF таңдаған сарапшылардың жауаптары негізінде есептелді. Осылардың нәтижесінде ең көп дегенде 100 (ең жақсы), кем дегенде 0 (ең нашар) балл берілетін.

Ал 2022 жылдан бастап RSF академия және медиа сектордың мамандарынан тұратын топтың жасаған методологиясын пайдалана бастады. Бұл рейтиңде де әр елге 0-ден (ең нашары) бастап 100-ге (ең жақсы) дейін балл беріледі. Ұпай беру екі компонент негізінде есептеледі:

  • журналистердің жұмысына және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты күш көрсетудің сандық есебі;
  • RSF сауалнамасына баспасөз бостандығы мамандарының (соның ішінде журналистер, зерттеушілер, академиктер және құқық қорғаушылар) жауаптары негізінде әрбір елдегі немесе аумақтағы жағдайды талдау.

Әрбір елдің не аумақтың баллы баспасөз бостандығы жағдайын көрсететін 5 контекстік көрсеткішті пайдалана отырып бағаланады: саяси контекст, құқықтық база, экономикалық контекст, әлеуметтік-мәдени контекст және қауіпсіздік. Жалпы сұрақ саны 123-ке жетті. Қазақстанның әрбір контекстік көрсеткіштегі жағдайын мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.

Әрбір көрсеткіш үшін 0-ден 100-ге дейінгі диапазонда қосымша балл есептеледі. Барлық қосалқы ұпайлар жалпы баллға бірдей үлес қосады. Және әрбір көрсеткіште барлық сұрақтар мен қосалқы сұрақтардың салмағы бірдей. Методологиямен толығырақ мына сілтемеге өтіп таныса аласыз.

Контекст

Жақында “Ашық НҚА” порталында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған “Масс-медиа туралы” заң жобасы жарияланды. Алайда жаңа заңның қабылдануына журналистер мен құқық қорғаушылар қарсылық білдірді, себебі оның 26-бабындаЕрекше жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау алдында лауазымды адамдармен ақпараттық хабарламаларды келісуі керек екені” жазылған. Яғни, цензураны заңдастыру ұсынылып отыр.

Медиа қауымдастықтың наразылығын тудырған тағы бір бап — “баспасөз картасына” қатысты. Сарапшылар сөзінше, бұл журналистерді алалайтын және оларды қысымда ұстайтын тетік.

Сарапшылар бұдан басқа да баптардың халықаралық заң талаптарына сай келмейтінін айтып, президентке хат та жолдады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz