9 қараша күні Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин Петропавлдағы Қазақстан мен Ресей XV өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі. Негізгі тақырып – екіжақты туризмді дамытудағы жаңа әдістер мен тенденциялар. Ресей президенті өз сөзінде: «Жыл сайын Ресейге 3,6 млн қазақстандық азамат, ал Қазақстанға шамамен 3 млн-ға жуық ресейлік келеді» – деді.
Үкім: Манипуляция
Ресей президенті Ресей статистика комитетінің ресми мәліметтерін келтірген күннің өзінде бұл сандар үш түрлі себеппен күмән тудырады: біріншіден, бұл санға Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны кесіп өткен барлық адамдар кіреді (себептері әртүрлі болуы мүмкін); екіншіден, еліміздің Статистика комитеті Қазақстанға келген Ресей азаматтарының саны 1,7 млн деп көрсеткен; үшіншіден, қазақстандық қонақүйлер мен мотельдер бір жылда 290 мыңнан артық ресейлікті қабылдамаған.
Қазақстандық статистика
Туристік сапарға қатысты Владимир Путин келтірген сандар Федералдық мемлекеттік статистикалық қызметі сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес келеді. Олардың мәліметінше, 2017 жылы Ресейге 3,49 млн қазақстандық азамат, Қазақстанға 2,98 млн ресейлік азамат келген. Атап өту керек, Қазақстанда да, Ресейде де «турист» деп шекараны ресми түрде кесіп өткен шетелдіктерді айтады (тұрақты мекен-жайын ауыстырғандар мен жұмысқа тұру мақсатында барғандардан бөлек), бұл шынайы туристерді анықтауда қиындық тудырады.
Factcheck.kz сұранысына жауап ретінде Росстат ақпаратты нақтылап жіберді: өткен жылы Ресейге 4,14 млн қазақстандық барған, ал Қазақстанға 3,18 млн ресейлік келген. Дегенмен Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі (әсіресе Ресейге барған туристер) жоғарыда аталған деректермен сәйкес келмейді:

Өткен жылы Ресейге барған қазақстандықтар санына қатысты екі елдің ресми деректеріндегі айырмашылық 500 мың адамнан асады, ол Қарағанды қаласының тұрғындарына тең.
Оған қоса Ресей статистикалық комитетінің ақпаратынша, 2017 жылы орналастыру мекемелері бар-жоғы 230 мың қазақстандық азаматқа қызмет көрсеткен, ол еліміздің Статистика комитеті мәлімдеген Ресейге барған қазақстандықтар санының 6,5%-ы ғана.

2017 жылы Қазақстанға келген ресейлік азаматтар туралы екі елдің ресми деректеріндегі айырмашылық 1,5 млн адамға жетеді.
Отандық Статкомитет 2017 жылы қонақүйлер, мотельдер, демалыс үйлері мен пансионаттар тек 287 мың Ресей азаматтарын қабылдаған дейді, ол жалпы Қазақстанға келген ресейліктердің 17%-ы ғана. Орта есеппен олардың әрқайсысы республикамызда екі-үш күн болып, бір-екі түн қонып шыққанға ақша төлеген. Соңғы 10 жылда Қазақстанға келген Ресейлік туристер туралы мәлімет кестеде көрсетілген:
Жыл | Ресейден келген туристер саны (адам) | Орналастыру мекемелерінде қызмет көрсетілген ресейлітер саны (адам) | Қазақстанға келген жалпы ресейлік азаматтардың ішінде туристік мақсатта келгендердің шамамен үлесі |
2017 | 1 708 873 | 287 046 | 16, 8 |
2016 | 1 587 409 | 247709 | 15,6 |
2015 | 1 646 568 | 217 113 | 13,2 |
2014 | 1 757 721 | 203 616 | 11,6 |
2013 | 1 780 574 | 155 901 | 8,8 |
2012 | 1 371 306 | 141 765 | 10,3 |
2011 | 1 346 594 | 136 731 | 10,2 |
2010 | 1 041 978 | 115 341 | 11,1 |
2009 | 934 972 | 110 547 | 11,8 |
2008 | 953 632 | 120 236 | 12,6 |
Бұл деректер мынаған дәлел: 2008 жылдан Қазақстан шекарасын кесіп өтетін ресейлік азаматтардың саны екі есеге өскеніне қарамастан, республикаға туристік мақсатта келіп, қонақүйлерде тоқтайтындар 12,2% шамасында ғана. Көрсеткіш соңғы үш жылда көтерілген.
«Есепке алудағы ерекшелік»
Қазақстанға қатысты туристік мәліметтерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен алсақ, Ресейге қатысты бұл ақпараттарға Федералды қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметі жауап береді.
«Ресейлік азаматтардың Қазақстанға және қазақстандық азаматтардың Ресейге қатынауындағы айырмашылық Ресей мен Қазақстан шекара қызметтерінің сапарды есепке алудағы ерекшеліктеріне байланысты», – деп түсіндірді Росстат халықаралық Статистикалық жобалар мен шетелдік статистика басқармасының басшысы Игорь Харитонов.
Есепке алудың қандай ерекшеліктері бар екенін Росстаттағылар түсіндіріп айтпады. Ал қазақстандық Статкомитет көрсеткіштердің айырмашылығын мүлдем түсіндіргісі келмеді.
Сарапшылар екі ресми мекеме екі түрлі сандарды көрсеткенде қабылдаушы елдің келу туризмінің ақпаратына жүгінген дұрыс деп есептейді. Әлемдік туристік ұйымның айтуынша әлем елдерінде «келу туризмін есептеу, шығу туризміне қарағанда дұрыс жолға қойылған». «Шығу туризмі статистикалық есеп формаларында нашар көрсетілген», – дейді ресейлік «Статистика туризма» оқулығының авторлары. Осылайша, 2017 жылы Қазақстанға келген 1,7 млн ресейлік туралы ақпарат Ресейдің мәліметіне қарағанда сенімдірек.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.