Қазақстанда өмір сүру құнына қатысты Numbeo рейтиңіне неге сенбеу керек?

Маусымның басында қазақстандық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде Numbeo ресурсының жаңарған рейтиңі туралы жаза бастады (1, 2, 3, 4, 5, 6). Медиа ұйымдардың таратқан дерегіне сенсек, Numbeo сайтының өмір сүру құнына қатысты рейтиңінде Қазақстан 139 елдің ішінде 114-орынға тұрақтаған. Кейбір ақпарат құралдары осы көрсеткіштің тағы бір индексіне сүйеніп, Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу құны Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда арзан дегенді жазды.

Қазақстанда өмір сүру құнына қатысты Numbeo рейтиңіне неге сенбеу керек?
Желіде тараған ақпараттың скриншоты

Factcheck.kz редакциясы бұл көрсеткішке сенуге бола ма деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Үкім: Манипуляция

Numbeo сайтының өмір сүру құнына қатысты индексі бары, онда Қазақстан 139 елдің ішінде 114-орында деп көрсетілгені рас. Дегенмен, біз бұған дейін бірнеше рет жазғанымыздай, ресурстың деректі жинауы мен өңдеуіне қатысты сұрақ көп, методологиялық мәселелері бар. Сондықтан, бұл индекс әлем мен Қазақстандағы шынайы жағдайды көрсетпейді.

Толығырақ

Numbeo ресурсының методология бөлімінде деректерді жинау үшін пайдаланушы енгізген деректер мен супермаркет уеб-сайттары, такси компаниясының уеб-сайттары және мемлекеттік агенттіктерден қолмен жиналған деректер пайдаланылатыны жазылған. Одан бөлек, әрбір көзден қолмен жиналған деректер жылына екі рет енгізілетіні және сенімділікті арттыру үшін пайдаланушы енгізген деректен үш есе жоғарылықпен өлшенетіні жазылған.

Дегенмен, индекстегі Қазақстан көрсеткіштері жеке-жеке берілген парақшаға өтсек, Қазақстанға қатысты деректердің жұпыны екенін көреміз. Мысалы, сол парақшадағы дереккөздер мен сілтемелер ретінде тек үш сілтеме көрсетілген. Олар: киімдерге арналған Lamoda дүкені, азық-түлікке арналған Астықжан дүкені және көлікке арналған Kostanay.newauto.kz сайты. Яғни бұл жерде өмір сүру құнын көрсететін басқа да индикаторларға сілтеме, басқа да көптеген дүкен мен жергілікті мемлекеттік органдардың көрсеткіштері мүлде жоқ.

Одан өлек, пайдаланушылардың толтырған деректеріне қатысты келесі ақпарат берілген: кейінгі 12 айда 477 пайдаланушы сауалнаманы 4 844 рет толтырған (кейінгі жаңару: 2025 жылдың 14 маусымы). Numbeo авторлары Қазақстанның барлық қаласы қамтылды десе де, бұл сауалнаманың репрезентативтілігіне байланысты сұрақтар бар. Яғни, сауалнаманы толтырғанда Алматы мен Астана секілді үлкен қаладан көп адам қатысып, басқа қалаларда тым аз адам болуы мүмкін. Тіпті, сауалнама толтырған қазақстандықтар тұрғылықты қаласын өтірік белгілеуі мүмкін.

Қазақстандағы күмәнді рейтиңдерге байланысты бұған дейін жазған «Қуып жетіп, басып озды»: Қазақстан мен оның күмәнді рейтиңдердегі орны атты материалымыздан оқи аласыз.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz