Фактчек | Қазақстанның әр бесінші тұрғыны — шетелдік

25 қаңтар 2 миллион тіркелушісі бар ZTB.KZ парақшасында “Қазақстанның әр бесінші тұрғыны — шетелдік” деген ақпарат жарияланып, 10 мыңға жуық лайк жинады. Оқырман өтінішін ескере отырып, Factcheck.kz мәліметтің рас-өтірігін тексерді.

Қазақстан күтпеген жерден экспаттардың ең көп үлесі бар елдердің ТОП тізіміне енді. The World Expat Index мәліметінше, еліміздің әр бесінші тұрғыны — шетелдік.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция және дәлелденбеген

Несі манипуляция? The World Expat Index статистикасын өзін “шетелде тұратындарға сақтандыру қызметін ұсынамыз” деп таныстырған “William Russell” командасы жариялаған. Сайтта ZTB көрсеткендей “Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны — шетелдік” деп жазылмаған. The World Expat Index есептеуіне сай, Қазақстан тұрғындарының 19.88%-і — шетел азаматы екен-міс. Авторлар БҰҰ-ның Уикипедияғы 2019 жылғы халықаралық көші-қон есебіне сілтеме қойып, осы ақпаратқа сүйенгенін көрсеткен.

Дегенмен БҰҰ жоғарыдағы есебіне сай, Қазақстандағы мигранттардың халық санына шаққандағы үлесі — 19,97% (The World Expat Index бұл деректі неліктен “19.88%” деп бергені белгісіз). БҰҰ жазуынша, 2019 жылы Қазақстан халық саны — 18 551 427 адам, одан бөлек 3 705 556 мигрант тіркелген. Сандар “әр бесінші тұрғын — мигрант” деуге саяды. Дегенмен, ұйым мәліметінше, “мигрант — ұзақтығы үш айдан 12 айға дейінгі көші-қонды қамтитын қысқа мерзімді / уақытша көші-қон және тұрғылықты жерін бір жыл немесе одан да көп уақытты қамтитын ұзақ мерзімді / тұрақты көші-қон“. Яғни, елге мигранттар уақытша келіп, кейін елден кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай қорытынды жасау — методология тұрғысынан қате.

Несі дәлелденбеген? БҰҰ-ның ең кейінгі мәліметіне сәйкес, 2020 жылы Қазақстанда ≈3 390 000 мигрант тіркелген, жалпы халық санына шаққандағы үлесі 18,1% (алайда бұл уақытта әлемде пандемияға қарсы карантин шаралары болғанын, соның салдарынан сандарда өзгеріс болуы мүмкін екенін ескерген жөн). Ал 2022 жылғы 21-желтоқсандағы ІІМ Көші-қон қызмет комитетінің дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға 5 600 000 шетелдік келді; 650 000 шетел азаматы Қазақстанда уақытша тұрып жатыр.

Комитеттің жазуынша, алдыңғы 2020-2021 жылғы пандемия кезімен салыстырғанда 2022 жылы Қазақстанға келушілер саны артқан. Ал 2019 жылы елге 7 миллионға жуық шетелдік келген.

Әлемдегі миграция

БҰҰ бағалауы бойынша, 2020 жылы әлемде 281 миллионға жуық халықаралық мигрант тіркелген, бұл жер шарындағы халықтың 3,6%-i.

  • Фактчек | Қазақстанның әр бесінші тұрғыны — шетелдік
  • Фактчек | Қазақстанның әр бесінші тұрғыны — шетелдік

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz