Революциядан кейінгі Қырғызстан таңдау алдында тұр

БІШКЕК – Жиырма жыл ішінде үш революцияны басынан өткерген Қырғызстан халқы саяси төңкеріс жасаудан көп тәжірибе жинады деуге болады. Бірақ әр жолы жаңа бір мәселе туатындықтан, кейде тәжірибенің өзі жеткіліксіз болып шығады.

Қырғызстандағы соңғы революция әдеттегідей басталды. 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін көшеге шыққан наразылар дауыс беру қорытындысының күшін жоюды  талап етті. Бұл күрделі саяси дағдарысқа әкеп соқты. 6 қазанда наразылар президент пен парламент отыратын Ақүйді басып алды. Одан кейінгі күндері билік үшін бейбіт күрес басталды. Соңында Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысының күшін жойып, президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Түрмеден жаңа шыққан саясаткер Садыр Жапаров президент қызметін атқаруға кірісті.

Наразылық кезінде елдегі жалғыз тәуелсіз саяси орган – парламент жұмысын жалғастырып, президент сайлауын өткізу және 2021 жылы 10 қаңтарда жаңа конституция бойынша дауыс беру туралы заң қабылдауды қолға алды. Бұл реформаны Садыр Жапаров ұсынды. Жапаровтың қарсыластары оны «билікті заңсыз басып алуға тырысып, елді демократия жолынан алыстатады» деп айыптады.

51 жастағы Жапаров саяси карьерасын 2005 жылы парламентке сайланған кезде бастаған.  2010 жылы сайланған үкімет оны қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болғанда, Жапаров шетелге қашты. Елге оралған соң, түрмеге жабылды. Түрмеде жатқанда ата-анасы мен ұлынан айырылды. Осының бәрі  қырғыз халқының алдында Жапаровтың жүйеден жапа шеккен саяси құрбан рөлін одан әрі күшейтті.

Жапаровтың билікке келуі саясаткердің шым-шытырыққа толы өмірбаянын ғана емес, оны қолдаған адал депутаттар мен жақтастарының да табандылығын көрсетеді. Қазір оған қарсы айтылып жатқан сынға қарамастан, Жапаровтың қазан революциясы кезінде елді хаостан құтқарып қалуда шешуші рөл атқарғанын мойындау керек.  

Қырғыздардың көбі Жапаровты ыдыраған елдің басын біріктіріп, қажет реформалар жүргізуге қабілетті саяси аутсайдер көреді. Ол қазірдің өзінде жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп, көлеңкелі экономикаға тоқтау салып, саяси элита қатарын ары таза жас қызметкерлермен жаңартуды ұсынған бағдарламасын жариялап үлгерді. Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған дауыс беру процесі сәтті өтсе, Қырғызстан 1991 жылы Совет Одағының құрамынан шыққалы оныншы рет Ата заңын өзгертеді. Қырғызстанда «Конституцияны өзгерту өмірді жақсартады» деген аңыз бар. Бірақ конституциялық өзгерістер қоғам конституционализм идеясын толық қабылдап, түсінгенде ғана нәтиже беретіні белгілі. 

Кейінгі апталарда Қырғызстандағы оқиғалардың өрбу қарқынына қарап, әлемдік қауымдастық елде тұрақсыздық басталуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Бірақ қырғыз халқы да елдің саяси құрдымға құлауға шақ қалғанын жақсы түсінеді. Революция кезінде құқық қорғау органдарының қолы байланып, олар не мемлекеттік мекемелерді, не жеке меншікті қорғауға қабілетсіз екенін көрсетті. Қоғамдық тәртіпті сақтауға бұрынғы наразылықтар кезінде қалай әрекет ету керегін жақсы меңгеріп, біраз тәжірибе жинап үлгерген «халық жасағының» ғана көмегі тиді.

Құқық қорғау органдарының қызметіне басшыларының біліксіздігі мен жемқорлығы кедергі болды. Наразылық кезінде көп дивизия басшысы (полковниктен жоғары шен) қарамағындағы қызметкерлердің қоңырауына жауап бермей, жоғалып кетті. (Бұрынғы) ішкі істер министрі мен ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысының қайда жасырынғаны әлі күнге белгісіз: соған қарағанда, олар елден қашып кеткенге ұқсайды. Сондықтан мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамға тағы да өз бетінше әрекет етуге тура келіп отыр. 

Қырғызстанның мемлекеттік бюджеті 2 миллиард долларды құрайды, бұл қаржы түгелдей зейнетақы мен жалақы сияқты кепілдендірілген төлемдерге жұмсалады. Ресейдегі еңбек мигранттары жыл сайын Қырғызстандағы жақындарына 3 миллиард долларға жуық ақша аударады. Бұл – елдегі жалпы ішкі өнімнің 30% тең. Мемлекет пен жеке азаматтар табысының арасындағы алшақтық елдегі жүйелі жемқорлықтың негізгі себебіне айналған. Қырғыздар мемлекеттен ештеңе күтпейді, тек өздерінен көп пара алмауды ғана сұрайды. Шын мәнінде, революция толқыны кедейлік пен жұмыссыздықтан емес, әділетсіздіктен туып отыр. 

Қырғызстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап үкімет жүйелі жемқорлық жасау, сайлау қорытындысын бұрмалау, бейресми институттарға (көбіне қылмыстық топтарға) арқа сүйеу арқылы көп рет қоғамның сенімінен шығып қалды. Осындай мәселесі бар басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Қырғызстанда жемқор режимдер тез ауысады. Бірақ қырғыз халқы енді қалай қиратса, дәл солай қайта құруды үйренуі керек. Әйтпесе тағы бір саяси хаос басталып, мемлекет құрдымға кетуі мүмкін.

Революциядан кейінгі Қырғызстан таңдау алдында тұр

Джоомарт Оторбаев

2014-15 жылдары Қырғызстанның премьер-министрі болған.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz