Қияр туралы фейк және Қытай ғалымы

Желіде коронавирусты орамжапырақпен емдеуге болатыны туралы хабардың әсері “суып үлгермей” жатып, инфекция жұқтырған кезде қиярдың пайдасы туралы хабарлама тарап жатыр. Ендеше кеттік, бірге тексерейік…

Қияр туралы фейк және Қытай ғалымы
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат

Үкім: Жалған

Қиярдың коронавирустан емдейтін қасиеті туралы нақты зерттеу нәтижелері жоқ. Біз бұл көкөністің вирусты жоятыны туралы ақпаратты ДДСҰ сайтынан немесе кез келген басқа беделді зерттеу орталықтарынан таппадық. Мұндай фейктің таралуына қияр төңірегінде жүрген әр түрлі қауесет пен әлі аяқталмаған препринт зерттеулер түрткі болуы мүмкін. Бұл туралы толығырақ төменнен оқыңыз.

Басқа көкөністер секілді қияр да антиоксиданттарға бай, жалпы, пайдалы өнім, күнделікті рационға қосу ұсынылады. Дегенмен вирустан толықтай айығуыңыз үшін тамақтанудан бөлек салауатты өмір салтын ұстану, көп тынығу, ұйқының қануы сынды жағдайлар әсер етеді.

Бұл фейк Ресейдің Саратов қаласынан шығуы мүмкін. Биыл сәуірде аймақтағы кей сайт “Арига” базары маңында дәл осы сурет пен жазу мәтініне ұқсас парақтар іліне бастағанын жазған. “Жарнама” дүңгіршек маңында болған соң бұл саудасын жүргізе алмаған сатушылардың құйтырқы әрекеті боп шығуы да ғажап емес.

Қияр туралы фейк және Қытай ғалымы
“Арига” базарындағы жарнама

Тамақтану жөнінде ДДСҰ не дейді?

ДДСҰ карантин кезінде не вирус жұққан жағдайда күн сайын жүгері және күріш, жасымық пен бұршақ сияқты дәнді-дақылдарды жеуге кеңес береді. Бұған қоса жаңа піскен жемістер мен көкөністерді көп тұтыну керек. Жануар еті, балық, жұмыртқа, сүт өнімдерін де пайдаланғаныңыз абзал.

Коронавирус уақытысында дұрыс тамақтану ләзім. Тамақтану рационыңыз организмнің коронавирус инфекциясына қарсы тұруына, күресуіне, жұққан дағдайда тез айығуыңызға көмектесуі мүмкін.

Әлбетте тамақ пен тамақ қоспалары коронавирустан қорғап қалмайды, немесе одан айықтырмайды. Дей тұрғанмен дұрыс тамақтану имун жүйесінің функционалды жұмысын өз қалпында ұстауға көмектеседі. Бұдан бөлек, дұрыс тамақтану басқа да аурулардың дамуына кедергі жасап, семіру, жүрек ауруы, диабет пен рактың бірнеше түрінен сақтап қалуы мүмкін.

ДДСҰ

Қияр мен коронавирус| Препринт зерттеулер

Біз қиярдың коронаиврус адамға жұққан кездегі әсері туралы зерттеу нәтижесін таптық.

Маңызды: Бұл зерттеу препринт (кәсіби бағасын алмаған алдын-ала зерттеу) және рецензияланбаған (басқа да кәсіби мамандармен кеңесілмеген). Қияр туралы фейк ақпараттың тарауына осындай шикі зерттеулер де әсер ететінін ескерейік. Шала зерттеудің жалпы мазмұнын назарларыңызға ұсынамыз.

Материал 18 шілдеде жарияланған. Зерттеушілердің айтуынша олар коронавирустың әсерінен зардап шегіп жатқандар үшін көкөністің рөлін білгісі келген. Зерттеушілер халыққа шаққандағы COVID-19 өлімі жөнінде ақпаратты Джон Хопкинс Коронавирус Ресурстық Орталығынан алған. Еуростат деректері елдің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) (2019), халықтың тығыздығын (2018), 64 жастан асқан адамдардың пайызын (2019), жұмыссыздық деңгейін (2019) және пайызды қосқандағы ел көлеміндегі факторларды анықтау үшін пайдаланған. Өлім-жітім коэффициенттерін есепке алу кезінде өлім көрсеткіштерін модельдеу үшін квазиму-пуассондық регрессиялық модельдердің көмегімен талданған.

Қарастырылған барлық көкөністің, оның ішінде детерминанттарды ескере отырып, қырыққабат пен қиярдың басы статистикалық маңыздылыққа ие болған. Жекелеген көкөністердің (қырыққабат пен қияр) орташа тұтынуының әр мөлшерін тәулік сайын өсіргеннен COVID-19-дан өлім қаупі 13,6%-ке дейін төмендеген. Материалда салатты тұтыну COVID-19 өлімін арттырғаны туралы жазылған.

Қияр құрамындағы антиоксиданттар мен кукурбитацин

Әрине, кез келген көкөніс түрі секілді қиярдың да организмге пайдасы мол. Оның бұл қасиеттері туралы бірқатар зерттеулер бар. Қияр құрамындағы кукурбитацин өте уытты қосылыстар боп саналады. Олардың биологиялық белсенділігі көбінесе уытты доза деңгейіне жақын, дегенмен мұның фармакологиялық әлеуеті зор. Кукурбитациндер қабынуға, қатерлі ісікке, артериосклерозға және диабетке қарсы фармакологиялық тиімділігі ие.

АҚШ-тың Толықтырушы және интегралды медицина жөніндегі ұлттық орталық веб-сайты антиоксиданттар көп, құрамында көкөністері мен жемістері бар диета пайдалы екенін хабарлайды. Зерттеу көкөніс пен жемісті көп жейтін адам жүрек-қантамыр, инсульт, қатерлі ісік пен соқырлық сияқты кей аурумен аз ауыратынын көрсетті; бірақ бұл нәтижелер көкөністер мен жемістердегі антиоксиданттар санымен, осы өнімдердің өзге де компоненттерімен,  рациондағы өзге де факторлармен немесе өмір сүру салтының басқа түрлерімен қаншалықты байланысаты екені белгісіз. Мысалы, көкөніс пен жемісті көп жейтін адамдар спортпен жиі айналысып, шылымды аз шегуі мүмкін. Мүмкін антиоксиданттар емес, осы факторлар әсері болар.

Оған қоса, зерттеуде антиоксиданттар аурудың алдын алатыны жөнінде айтылмады. Қоспа түрінде антиоксиданттардың көп мөлшерін тұтыну денсаулыққа пайдасы жөнінде дау көп.

Сунь Давэнь деген кім?

Сунь Давэнь әлемдік БАҚ-та жиі айтылатын тұлғалардың бірі. Ашық деректерде ол Дублин университеттік (UCD) колледжінің тамақ және биожүйелер инженериясының профессоры, тамақтану саласындағы зерттеулер мен білім беру саласындағы жаһандық беделді адам екені жазылған.

Ол Қытайда туып, Оңтүстік-Қытай технология университетінде әр түрлі ғылыми дәрежелер алған. Тағы да оның алты академияда академик, соның ішінде Ирландияның Корольдік академиясының ғылыми қызметкері екені де жазылған, бұл – Ирландиядағы ең жоғарғы академиялық құрмет. Оның “Пісірілген етті вакуумды салқындатуды жақсартудың жаңа әдісі”, “Шараптың сақтау процесіне көмектесетін және тездететін жаңа әдіс”, “Үш түрлі салқындату әдісін қолданып, әр қилы мөлшердегі текшелермен қайнатылған сәбізді салқындату” және т.б зерттеулері бар екені айтылады. Оның үстіне ол атақ-даңқтан да таршылық көрмейтін секілді.

Сунь Давэнь жоғырғыдағыдай пікір айтты ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ одан да маңыздысы, бұл – шындыққа жанаспайды және толықтырулар мен зерттеулерді қажет ететін ақпарат. Қиярды коронавирустан емдейді деп күні-түні жеудің қажеті жоқ. Артық тұтыну – денсаулығыңызға зиян.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz