Фактчек | Смаилов: Қытайға мемлекеттік қарызымыз жоқ…

    6 наурыздағы мәжіліс отырысынан кейін бірінші вице-премьер және қаржы министрі Әлихан Смаилов журналистерге Қазақстанның Қытайға мемлекеттік қарызы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды total.kz.

    «Қытайдың алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ, тек
    кепілдендірілген 1,2 миллиард доллар қарызымыз бар. Алдыңғы жылдары
    Қытайдың Эксимбанкі мен Мемлекеттік даму банкінен автожол салу
    жобаларына мемлекет кепілдігімен несиелер алынған болатын»

    Үкім: Шындық

    Ұлттық банк деректері бойынша, Қазақстанның Қытайға мемлекеттік қарызы жоқ, яғни, үкімет, орталық банк және жергілікті атқарушы органдардың Қытай Халық Республикасына қарыздары жоқ.

    Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсанындағы Бюджет кодексінің 201-бабына сай, «Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына немесе мәслихаттардың шешімдерімен жергілікті атқарушы органдардың борышына жатқызылған, алынған (игерілген) және өтелмеген мемлекеттік қарыздардың белгілі бір күнге, сондай-ақ борыштық міндеттемелердің белгілі бір күнге сомасы мемлекеттік борыш болып табылады.»

    Мемлекеттік кепілді қарыз

    Есесіне, Қазақстанның Қытайға мемлекеттік кепілді қарызы бар, ол мемлекеттік кепілмен қамтылған елдің резиденттері ҚХР-ға қарыз деген сөз.

    Қысқаша айтқанда, резидент қарызын өтей алмаған жағдайда, мемлекет төлеуге міндетті. Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанның кепілдік берілген мемлекеттік қарызы 620 млрд теңгені құрайды. Оның 9 млрд теңгесі ішкі қарыз болса, сыртқы қарыз – 610 млрд теңге. 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қытайға берілетін қарыз 1073,2 миллион АҚШ долларын құрайды.

    Қазақстан Республикасының мемлекеттік (үкіметтік, егемен) кепілдігі – Қазақстан Республикасының заем алушы-резиденті одан алынуға тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кредит берушілер алдындағы берешекті толық немесе ішінара өтеуге міндеттемесі.

    Мемлекеттік кепілді қарыз алу мен борыш нормаларын көрсететін нормативтік құқықтық актілер:

    — Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсанындағы Бюджет кодексі (12 бөлім «Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш, мемлекет
    тапсырмасы»)

    — 26.02.2009 ж. Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі. № 220 (12 бөлім «Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен мемлекеттің қарауындағы қарыздар»)


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.