Зерттеу: америкалықтардың жартысы фактчекерлердің бейтараптығына күмәнмен қарайды

Америкалықтардың жартысы фактчекерлерді бейтарап деп есептемейді. Pew Search Center ұйымы өз зерттеуін жүргізіп, қорытындысын ресми сайтында жариялады. 

Сауалнама биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында өткізілді, ал нәтижелері жақында жарияланды.

Зерттеуге сәйкес, америкалықтардың жартысы фактчекиңмен айналысатын ақпарат агенттіктері және ұйымдар біржақты ақпарат таратпайтынына сенімді. Алайда, сұралғандардың 48%-ы фактчекерлер бейтарап емес екенін алға тартады. 

Респонденттің пікірі оның қай партияның бағытын ұстанатынына да байланысты.

Мысалы, он “республикашылдың” жетеуі фактчекерлерді бейтарап емес деп атады. Ал, он “демократтың” жетеуі фактчекерлердің жұмысына еш күмән келтірмеді.

Екі партияға да жатпайтын, тәуелсіз респонденттердің пікірі екіге бөлінді. Олардың 47% фактчекерлерді біржақты ақпарат таратады дейді, ал 51% оларды бейтарап деп атады.

Pew Search Center-дің басқа зерттеуінің нәтижесі бойынша АҚШ тұрғындарының жартысы терроризм, нәсілшілдік және климат өзгеруіне қарағанда фейк жаңалықтар мәселесі әлдеқайда қауіпті деп ойлайтыны анықталды.