YouTube Ресейдегі саяси журналистика платформасына қалай айналды?

МӘСКЕУ – Ұзақ жылдар бойы Ресейдегі әр отбасы үшін телевидениенің орны бөлек болды. Ресейліктердің көбі жұмыс күні аяқталғаннан кейін жаңалық көріп отырып демалуды әдетке айналдырған. Олар экрандағы адамдарға айқайлап, сынап-мінеуі мүмкін, бірақ бәрібір теледидар көруден бас тарта алмайды. Совет одағы тұсында халыққа жалған ақпарат жеткізу міндетін алты түрлі арна атқарса, қазір азаматтарды алдау формасы әлдеқайда агрессивті сипат алып, бұл қызметке жұмылдырылған арналар саны да бірнеше есе артқан. 

Шын мәнінде, XXI ғасырда Ресейде өзім жұмыс істейтін Dozhd TV-ден басқа тәуелсіз телеарна жоқ. Бірақ биліктің қысымымен бұл арнаны да кабельдік телевидениеден алып тастаған. Сондықтан ресейліктердің көбі біздің арнаға қосыла алмайды. Көрермен басқа қолжетімді арналарда көрсетілетін «сарапшылар» мен ресми тұлғалардың сөзіне сенуге болмайтынын білсе де, қолда бар контентті қараудан басқа амалы жоқ. Олар инерция, әдет пен жалқаулықтың себебінен осылай жасайды және бұл әлі ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

Бірақ кең таралған жемқорлық пен үздіксіз насихатқа қарамастан, интернеттің арқасында Ресей журналистикасында біраз өзгерістер болып жатыр. Елде екі түрлі шынайылық орнаған: біріншісі – бәріне таныс постсоветтік сипаттағы ақпарат, екіншісі – наразылық акцияларынан тікелей трансляция, ресми органдардағы жемқорлық туралы зерттеулер мен мемлекеттік арналардың қара тізіміне ілінген тұлғалардың сұхбатын көруге мүмкіндік беретін YouTube.

Онлайн форматта қарқынды дами бастаған шынайы журналистикамен бірге Ресей билігі де жаңа виртуалды әлемнің салдарын ескеру керегін түсіне бастады. «Единая Россия» билеуші партиясына қатысы болмаса да, 2018 жылы қиыр шығыстағы Хабаровск қаласында өткен губернатор сайлауында күтпеген жерден жеңіске жеткен Сергей Фургалдың мысалын қарап көрейік. Кейінгі екі жылда Кремль бұл саяси тұлғаны жолынан алып тастауға тырысып, оны 2004-05 жылдары жасалған бірнеше кісі өліміне айыпты деген күдікпен түрмеге жапты.

Биліктің таңданысына қарай, Фургалдың тұтқындалуы Хабаровск пен басқа бірнеше қаладағы жаппай наразылық акцияларына себеп болды. Мемлекеттік арналар бұл акциялар туралы қысқа-нұсқа ақпарат таратумен ғана шектелсе, жас әрі еркін аудиторияға арналған әлеуметтік желілер мен YouTube желісі митингілердің тікелей трансляциясы мен жаңалықтарына толды. Экраннан сөйлеп тұрған тілші көрерменнің реакциясын біле алмайтын советтік кезеңнің мүмкіндіктерімен салыстырғанда, қазір наразылық акциясынан хабар таратып тұрған адам оқырмандардың пікірін оқып, талаптарын тыңдай алады. Хабаровскідегі наразылар орталықтан алыста болса да, өздерін Ресейдің түкпір-түкпірінде миллиондаған адам көріп, қолдап отырғанын білді. 

YouTube Ресей саясатына өзгеріс әкелгенге дейін, елдегі журналистердің көбі мамандығы бойынша жұмыс істеуден үміт үзе бастады. Олар алдында мемлекеттік насихат жүргізуге жұмыс істеу немесе қоғамның мүддесі үшін шынайы журналистикамен айналысу деген екі таңдау тұрғанын түсінді. Журналист екінші жолды таңдаса, билік оған қаржылық қысым көрсету үшін қолынан келгеннің бәрін жасар еді.

Бірақ YouTube оларға шынайы журналистикамен айналысып жүріп-ақ, табыс табуға мүмкіндік берді. Бір кездері мемлекеттік арнаның жұлдызы болған Алексей Пивоваров  2010 жылдың ортасында қызметінен кетіп, 2018 жылы YouTube-тан Редакция арнасын ашты. Арна ұлттық деңгейдегі өзекті тақырыптарды көтеріп, сапалы кадрлар, оқиға орнынан репортаж, мәселеге қатысы бар тараптар тегіс сөйлейтін сұхбат сияқты ескі журналистика принциптерін пайдаланып, материалдар жариялайды. Ресейлік телеарналарда көп жылдан бері мұндай контент болмағандықтан, онлайн арналар миллиондаған көрермен жинап, жарнамадан миллиондаған рубль табыс тапты. 

YouTube-тегі тәуелсіз ақпарат құралдарының танымалдылығы «ресейліктердің саясатта шаруасы жоқ» деген аңызды жоққа шығарады. YouTube-тің сандық деректері кең аудитория жинауға тез бейімделді. Мысалы, бұрынғы спорт журналисі Юрий Дудь  интеллектуалды жанкүйерлер аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Арна қызметін рэперлер және ток-шоу жүргізушілерімен сұхбат құрудан бастаған Дудь кейінірек саясаткерлер мен басқа тұлғаларды қонаққа шақыра бастады.

Дудь бір кездері ешкім табысты деп ойламаған салада үлкен жетістікке жетті. Мысалы, оның Ресейдегі ВИЧ, Сталиндік репрессия және 2004 жылы Бесландағы мектепке жасалған террорлық шабуыл  туралы фильмдерін миллиондаған адам көрген. Дудьтің аудиториясында либералды қала интеллигенциясына қарағанда, мектеп оқушылары мен студенттер көп. Дудь жастарды онлайн платформаға қалай жинау керегін біледі: ол 30-ға толмаған азаматтарға елде болып жатқанын түсіндіруді қолға алған.

Жаңа медиадағы ең үлкен жетістіктердің бірі Ресейдің оппозициялық көшбасшысы  Алексей Навальныйдың атымен байланысты. Мемлекеттік арналар бұрын Навальныйдың атын ауызға да алмайтын. Тамызда оппозиционер жүйке жүйесін жансыздандыратын Новичоктан уланып, Берлинге емделуге кеткеннен кейін Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары Навальныйдың барын мойындап, оны «Берлиндегі науқас», «интернеттегі бұзақы» немесе жай ғана «блогер» деп атай бастады.  Навальныйды мемлекеттік арнадан көрсетуге тыйым салынған: бірақ бұл мәселе емес. Жақында ол Берлинде жүріп, Дудьқа сұхбат берді. Бұл видео жарияланғаннан кейін бірнеше күн ішінде 15 миллион қаралым жинаған.

YouTube Ресейдегі саяси журналистиканың негізгі платформасына айналды. Мемлекеттік телеарналармен салыстырғанда, YouTube-қа контент өндірушілер табыс пен танымалдылық кілті саналатын көрерменнің сенімін жоғалтпау үшін жалған ақпарат таратпауға және қателік жібермеуге тырысады.

Осы тұста бұл арналар әлі қанша уақыт ашық болуы мүмкін деген сұрақ туады. Совет одағының шекпенінен шыққан билік YouTube-ті жеткілікті деңгейде бағаламайды немесе желіні бұғаттап тастаса, Ресейде бұрын-cоңды болмаған көлемдегі наразылық басталуы мүмкін екенін түсініп отыр.

Ресей – Солтүстік Корея емес. Мұнда күн санап мемлекеттік арналарға деген қызығушылығын жоғалта бастаған батыл әрі еркін адамдар тұрады. Орта жастан асқан ресейліктердің көбі жас ұрпақтың толқынына ілесе бастады. Ал бұған қазір көп теледидарда көрерменге жаңа, фактіге негізделген ақпарат ұсынатын интернетке қосылу мүмкіндігінің болуы әсер еткен.

YouTube Ресейдегі саяси журналистика платформасына қалай айналды?

Екатерина Котрикадзе

Ресейдегі жалғыз тәуелсіз арна Dozhd TV-дің тілшісі және жүргізушісі.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Factcheck.kz сайтының мультимедиалық редакторы. SMM маман. 2018 жылы Нью-Йоркатағы CNN каналынан тәжірибеден өткен.

Factcheck.kz