«Ұлттық такси кеңесі»: DiDi қызметі Ресейге қауіпті

Ресейде «Ұлттық такси кеңесінің қауымдастығы» президент Владимир Путинге хат жолдады. Олар DiDi қызметі «Ресейдің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді» деп мәлімдеді. Бұл туралы Forbes.ru сайты хабарлады.

DiDi компаниясы қосымша пайдаланушыларының қозғалысы туралы ақпаратты жинайды және бұл мәліметтерді шетелде өңдейді.

Хаттан үзінді.

Қауымдастық дерегінше, DiDi такси қызметін мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары, әскери мекеме қызметкерлері тапсырыс береді. Хат авторлары осыған байланысты жиналған ақпарат «шетелге рұқсатсыз таралатынын» жазған. Олардың пікірінше, бұл «Ресей қауіпсіздігінің әлсіреуіне» әкеледі.

DiDi компаниясы Forbes журналистеріне түсініктеме беріп, мұндай шағымға «еш негіз» жоқ екенін айтты.

Бұған дейін Қытайдың киберқауіпсіздік қызметі DiDi компаниясы клиенттердің дерегін жинау туралы заңды бұзғаны үшін App Store және Google Play дүкенінен такси қызметін белгісіз мерзімге өшіретінін хабарлаған.

Әзірше, жаңа пайдаланушыларды тіркеу тоқтатылды. Алайда, қосымшаның қазіргі қолданушылары, яғни, жолаушылар мен жүргізушілер такси қызметін пайдалануды жалғастыра береді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz