Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уэйлс жаңа жобаны іске қосты

WT:Social жаңа жобасы кликбейтпен күресу мақсатында іске қосылды. Джимми Уэйлс әлеуметтік желідегі жаңалықтарға бағытталған жаңа жобасын “Facebook және Twitter-ге бәсекелес” деп атады. Бұл жайлы MediaMedia телеграмм каналы хабарлады.

Сайтта пайдаланушылар жаңалықтармен бөлісіп, оны фейсбуктағыдай достарымен талқылай алады. Платформада жарияланған жаңалықтар хронологиясы бойынша орналасады. Уэйлстың айтуынша бұл жаңалықтар арасындағы бәсекелестікті азайтып, кликбейт тақырыптармен күреседі.

Сайт өз жұмысын бастап кетті. Бір айдың ішінде 50 000-ға жуық адам сайтты пайдаланды. Уикипедияның негізін қалаушының мақсаты бұл көрсеткішті 50 миллионға жеткізу.

Біз бұл жобадан табыс табуды көздемейміз. Дегенмен сайт қаржы тұрғысынан тұрақты болуы тиіс

Джимми Уэйлс

Жаңа жобаның уикипедиямен байланысы жоқ. Алайда атақты кітапхананың бизнес-моделіне құрылған. Яғни WT:Social “қайырымдылық” арқылы жұмыс істейді. Бүгінде 200-ден астам донор жиналды.

Уэйлстың айтуынша сайт басшылығы қолданушыларына қатысты дербес деректі сатпайтын болады. Сонымен қатар құпиялықты қамтамасыз ету және пайдаланушыны әлеуметтік кеңістікте қорғау мақсатында сайтта жарнама болмайды.

Factcheck.kz