Мемлекеттік білім гранттары: кімдер тегін оқи алады?

20 маусым мен 5 шілде аралығында Қазақстанда Ұлттық Біріңғай Тестілеу өтті. Енді талапкерлер тестілеуден жинаған баллдарымен шілденің 13 – 20 аралығында мемлекеттік білім гранттарының конкурсына қатыса алады. Осыған байланысты, әлеуметтік желілер мен талапкерлердің WhatsApp-чаттарында  көп ақпараттар тарап жүр. Factcheck.kz сайты білім гранттарына қатысты талапкерлер арасында жиі тарап жатқан ақпараттарды тексеріп көрді. 

“ҰБТ-дан шекті балл алмасаң да грантқа түсу мүмкіндігің бар”

Үкім: Жалған

ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысында мемлекеттік білім гранттарының конкурсына қатысу үшін талапкер ҰБТ-дан кем дегенде 50 балл жинауы керек деп көрсетілген. Оның ішінде міндетті Қазақстан тарихы, Математикалық сауаттылық және Оқу сауаттылық бойынша кемінде – 5 балл және 2 бейіндік пән бойыншада кемінде – 5 баллдан. Яғни талапкер ҰБТ дан шекті 50 балл жинай алмаса білім гранттарының конкурсына қатыса алмайды.

Мемлекеттік білім гранттары: кімдер тегін оқи алады?
WhatsApp чаттағы хабарламалардың бірі

Ал мынадай мазмұндағы хабарламалар шығармашылық даярлықты талап ететін мамандықтарға қатысты. Жоғарыда сілтеген №58 қаулыда шығармашылық даярлықты талап ететін мамандықтар бойынша, білім гранттарының конкурсына қатысу үшін талапкер ҰБТ бойынша міндетті Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығынан кемінде 5 балл және екі шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл жинауы керек

Ескерту: Талапкер ҰБТ нәтижесі негізінде 4 білім беру бағдарламасы бойынша конкурсқа қатыса алады. Ал шығармашылық емтихан тапсырған жағдайда конкурста тек 1 ғана білім беру бағдарламасын таңдайды. Бағдарламалар тізімі мен шығармашылық емтихандарың формасын ҚР БҒМ 2018 жылғы 31 қазандағы 600 бұйрығынан көре аласыздар.

Алтын белгі иегерлері тегін оқи алады

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысында Алтын белгі иегерлеріне мемлекеттік гранттар конкурсында ерекше жеңілдіктер қарастырылмаған. Бірақ, кейбір жекеменшік жоғары оқу орындарда Алтын белгі иегерлеріне ішкі гранттар мен жеңілдіктер беріледі. Солардың негізінде төс белгі иегерлерінің тегін оқу мүмкіндігі бар. Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының толық тізімін сілтеме бойынша көре аласыздар.

Алтын белгі иегерлерінде қандай жеңілдіктер бар?

№58 қаулыға сәйкес алтын белгі иегерлеріне тестілеу баллдары басқа талапкердің баллдарымен теңескен жағдайда ғана басымдық беріледі. Ұқсас басымдық алтын белгі иегерлерінен басқа 

    • мектеп бітіргеннен кейін білімін техникалық және кәсиби білім беретін оқу орындарында жалғастырғандарға;
    • мамандығы бойынша кемінде 1 жыл жұмыс істеген талапкерлерге;
    • халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жоба конкурстарының, спорттық жарыстардың жеңімпаздарына;
    • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетімдер, І, ІІ дәрежелі және бала кезінен мүгедектер, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендер;
    • үздік білімі туралы (куәлік, аттестат, диплом) құжаттары бар талапкерлерге беріледі

Мемлекеттік гранттар Жоғарғы оқу орындарына да бөлінеді

Үкім: Шындық

Биылдан бастап мемлекеттік білім гранттары жеке мамандықтарға емес, білім беру бағдарламаларының топтарына бөлінеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Facebook желісіндегі ресми парақшасында хабарлады. Бірақ ҚР БҒМ тапсырсымен мемлекеттік гранттар кейбір жоғарғы оқу орындарына да бөлінеді. Бұл ЖОО тізімі 2019-2020 жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысында көрсетілген. Олардың ішінде Қазақ-Британ Техникалық Университетіне – 700 грант, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне – 1100 грант, Астана IT университетіне – 600 грант, Мәскеу авиация институтының “Восход” филиалына 45 грант бөлінген.

Нысаналы гранттар дегеніміз не?

Мемлекеттік білім гранттарынан айырмашылығы – арнайы ЖОО-ға бөлінеді. ҚР БҒМ-нің тапсырысы бойынша бөлінгендіктен, нысаналы грант иегерлеріне стпендия тағайындалған.  Талапкер грант конкурсында тек құжат өткізген ЖОО-ны ғана таңдай алады. Егер құжататтар   КБТУ да өткізілсе, төрт білім беру бағдарламасы да КБТУ-дан болуы керек. Грант арнайы ЖОО-ға бөлінгендіктен, студент басқа ЖОО-на ауысатын болса грант сақталмайды.

Көп балалы отбасыдан шыққан талапкерлерге гранттар бөлінді

Үкім: Шындық

2 шілдедегі ҚР Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов 2019-2020 оқу жылына көп балалы отбасыдан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алатын талапкерлерге қосымша 5000 грант бөлінетінін хабарлады. Қосымша гранттардың конкурсы 21-31 шілдеде өтетін негізгі мемлекеттік білім гранттары конкурсынан кейін 10-25 тамыз аралығында өткізіледі. Яғни жоғарыдағы критерийлерге жататын талапкерлер алдымен негізгі республикалық конкурсқа қатысады, одан  жеңе алмағандар 5-10 тамыз күні қайта конурсқа қатысуға өтініш білдіріп, грант ұтып алуға екінші мүмкіндік алады.

Қосымша гранттар әкім гранттарының конкурстық жүйесіне ұқсас таратылады. Алдымен гранттар жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Гранттар нысаналы (целевой) болғандықтан атқарушы органдар өңірлік қажеттіліктерге байланысты  гранттарды нақты мамандықтарға бөліп, конкурс арқылы грант иегерлерін анықтайды. Конкурсқа қатысу үшін жалпы ережелерге сай талапкер ҰБТ-дан шекті 50 балл жинауы керек.

Талапкерлер конкурсқа қатысу үшін 5-10 тамыз аралығында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруі керек.

ҰБТ 2019 тапсырушыларына жасалған жеңілдіктер

18 маусымдағы ҚР Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов талапкерлерге жасалған бірнеше жеңілдіктерді атап өтті:

  • Біріншіден, ҰБТ жылына 4 рет өткізілетін болды. Бұл министрдің пікірінше мектеп түлектернің психологиялық қысымын төмендетеді;
  • Өз мамандығы бойыншы ақылы оқуға түскісі келетін колледж түлектерін ҰБТ дан босатты;
  • IELTS, TOEFL халықаралық сертификаты бар талапкерлер “Шет тілі” пәнінен босатылады, және сол пәннен автоматты түрде максималды – 40 балл беріледі;
  • Әрбір түлекке ҰБТ сертификаты мен қоса ақпараттық парақ беріледі. Онда білім беру бағдарламалар тобының тізімі, гранттар саны мен өткен жылғы конкурс нәтижелері көрсетіледі;
  • Биылдан бастап білім беру гранттары мамандықтарға емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша беріледі.

Кейбір сауалдар бойынша тиісті органдардан жауап келмеуіне байланысты, материал әлі толықтырылады. 

Factcheck.kz