Қосымша гранттар: кімдер қатыса алады?

Қазақстанда биыл бакалавриатқа тапсырушыларға 53 785 грант бөлінген. Оқуға тапсырушылар 13-20 шілде аралығында құжаттарын өткізіп, мемлекеттік білім гранттарының конкурсына өтініш білдірді. Білім грантын беру конкурсына 64 452 адам қатысқан. 

Ал, мемлекеттік білім гранттарына ілікпей қалған талапкерлер үшін қосымша гранттар (ішкі гранттар, әкімнің гранттары, көп балалы отбасыдан шыққандарға арналған гранттар және т.б.) бөлінетіндігі туралы әлеуметтік желілерде айтылып жүр. Factcheck.kz сайты талапкерлер арасында таралып жүрген “қосымша гранттарға” байланысты ақпараттарды тексеріп көрді. 

“Көп балалы отбасыдан шыққан талапкерлерге арналып 5 мың грант бөлінеді”

Үкім: Шындық

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес көпбалалы отбасыдан және атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасыдан шыққан балаларға қосымша 5 мың грант бөлінді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында 8 тамыз күні жарияланды.

Көрсетілген гранттарға көпбалалы отбасыдан шыққан немесе атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасыдан шыққан балалар үміткер бола алады. 

Конкурсқа қатысу үшін 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау конкурстың негізгі шарты болып табылады. 

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша – кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша – кемінде 60 балл жинау керек. 

Құжат өткізу уақыты: 5-15 тамыз.

“Оқуға түсе алмағандар үшін қосымша 3 мың грант бар”

Үкім: Шындық

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше жалпы конкурс кезінде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 3 мыңнан астам грант игерілмей қалған.

Осы гранттар инженерлік, педагогикалық әрі жаратылыстану мамандықтарына қайтадан бөлінетін болады. Осы мамандыққа тапсырғандар қатыса алады. Бұл, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі №199 қаулысына сай тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін даярлаудың басым бағыттары бойынша ҰБТ сертификатына сәйкес қосымша тағайындалатын болады.

Қосымша гранттар: кімдер қатыса алады?
edu.gov.kz сайтынан алынды

“Алматы облысының әкімі А.Баталов 5 мың грант бөлді”

WhatsApp-та “Алматы облысының әкімі А.Баталов қосымша 5 мың грант бөлді” деген ақпарат тарап жүр. 

Қосымша гранттар: кімдер қатыса алады?
 WhatsApp-та тараған ақпарат

Үкім: Жалған

Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына кіріп қарағанымызда бұндай ақпарат таппадық. 

Жергілікті және республикалық бюджет есебінен беріліп жатқан білім беру гранттары бойынша ақпаратты байқадық. Жалпы конкурсқа жергілікті бюджет есебінен – 150, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына – 100 және республикалық бюджет есебінен көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына – 540 (жоғарыдағы 5 мың гранттан алынып отыр), жалпы саны – 790 грант бөлінген. Ал, облыстық білім басқармасының маманы Саида Самановаға хабарласқанымызда “5 мың грант” туралы ақпараттың жалған екенін айтты.  

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz