Қытайдың жаңа әлемлік медиа тәртібі

30 жыл бұрынғы Тяньанмынь қырғынынан бері Қытай ерекше экономикалық дамуға қол жеткізді. Алайда, Батыс басшылары мен сарапшыларының болжамына қарамастан, бұл ел баспасөз бостандығын кеңейтіп, адам құқықтарына біртіндеп жол аша қоймады. Керісінше, “Шекарасыз репортерлар” ұйымының соңғы есебіне қарасақ, Қытай репрессияшыл “жаңа әлемдік медиа тәртібін” қалыптастыруға барынша кірісіп жатқан сияқты. Бұл – әлемнің демократиясына ашық қатер төндіретін қауіпті бастама.

Тяньанмынь көтерілісшілері қойған талаптардың бірі – сөз бостандығы, Қытай конституциясының 35-бабында оған кепілдік берілген. Алайда, Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) мен мемлекеттік аппарат бұл талапты орындамай келеді.

Қытай – журналистерді түрмеге қамау бойынша алдыңғы орында тұрған елдердің бірі. “Шекарасыз репортерлардың” 2019 жылғы Әлемдегі сөз бостандығы индексі бойынша ол 180 елдің ішінде 177-орынды иеленген. “Қытайдың ұлы брандмауэрі” – Интернетті сүзгіден өткізудің аса күрделі жүйесі, ол Қытайдағы 830 миллион қолданушының Интернетке кіру бостандығын шектеп отыр. Ал Қытай компартиясы баспалар мен әлеуметтік медиа платформаларына қысым жасап, цензура орнатудан еш қысылмай отыр. Бұл ел “әлеуметтік гармония” және “құндылықтардың айырмашылығы” деген риториканы ұстанып, Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясынан бас тартып келеді.

Тянаньмыннан кейін Қытайдың кей басшыларының бойындағы ойшылдық сенімділікке ойысты. Қазір бұл режим авторитаризм моделін бүкіл әлемге мақтанышпен насихаттап отыр.  Оның жаңа әлемдік медиа тәртібін құру жоспары “Бір белдеу, бір жол” бағдарламасы сияқты танымал болмағанымен, ол да дәл сондай амбицияға негізделген.

Медианы қудалау науқаны арқылы Қытай әлем демократиясындағы жікшілікті пайдалануды көздейді. Қоғамның демократиялық құндылықтарды қолдауындағы толеранттылық, ашықтық сияқты осал тұстарын тауып, өз саяси мұраттарын насихаттау арқылы оларды ашық сынауға тырысады. Ел басшылары журналистердің үні өшірілсе, авторитаризмге балама қалмайтынын біледі. Оның үстіне, ресми ұстанымға сын айту – қылмыс саналатын елде конструктив саяси пікірталас жүргізу мүмкін емес.

Қазірдің өзінде Қытай Коммунистік партиясы Дүниежүзілік медиа саммиті, Дүниежүзілік интернет конференциясы сияқты ірі халықаралық конферециялар арқылы өзінің репрессиялық әдістерін экспорттауды бастап кетті. Оңтүстік-шығыс Азиядағы баспасөз еркіндігін шектеуге бағытталған заңнамалық реформалар Қытай заңдарын үлгі етіп алған, оның үстіне журналистер “Қытай стиліндегі журналистиканы” оқуға жиі шақырылып тұрады.

Тіпті сөз бостандығы құқықтық тұрғыдан қорғалған елдерде Қытай азаматтардың мемлекеттік саясатқа қатысты ақпаратқа негізделген таңдау жасау еркіне араласып жатыр. Швециядан Австралияға дейінгі елдердегі Қытай елшіліктері Батыс ақпарат құралдарын өз мақалаларына цензура орнатуға мәжбүрлеп жатыр. Бұған қоса, билік Батыс басылымдарындағы ақылы контентті сатып алып, ғаламдық пропаганда аппаратына инвестиция салуды жалғастырып жатыр.

Әлемнің демократиялық елдері алысты ойламайтын, Қытайға жақсыаттануға бағытталған бәсекеден жоғары көтеріліп, оның балама авторитар ұстанымына бірлесе қарсы тұруы керек. Яғни, Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясының шарттарын қорғайтын амбицияшыл, табанды әрі үйлесімді жауап беруге тиіспіз.

Баспасөз бостандығына шабуыл жасаған елдерге қарсы шығудан тайсалмауымыз керек. Біздің құндылықтарымызға қауіп төндіретін шектен шығушылыққа қарсы дауыс көтеруіміз қажет. Және мұны дәл қазір қолға алуымыз керек.

Шілденің 10-11-інде баспасөз бостандығының әлемдегі ең табанды қорғаушылары Лондонда Баспасөз бостандығының әлемдік конференциясында бас қосады. Олар бұл мүмкіндікті негізгі прнциптерді қайта шегелеу үшін ғана емес, Қытайдың ақпараттық ақпалына кедергі қойып, сөз бостандығы құқын бұзғандардың жазасыздығына тосқауыл қою үшін де күш біріктіру үшін пайдалануы тиіс.

Мұндай ұйымдасқан қарсылық Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ли Сяобо сияқты Қытайда ақпарат бостандығы құқығын қорғау жолында құрбан болғандарға тағзым болмақ. Қытай үкіметі түрмеге қамаған Ли Сяобо сонда жатып көз жұмған. Бұл сонымен бірге өмірге қауіп төндіретін түрмелерде жатқан 100-ден аса журналиске көрсетілген құрмет болары анық. Олардың арасында “Шекарасыз репортерлар” сыйлығын алған Хуан Ки және Қытайдағы әлеуметтік және экологиялық мәселелерді көрсеткені үшін өте көп жүлде алған фотограф Лу Гуанг бар.

Отыз жыл бұрын осы айда Пекинде және бүкіл Қытайда авторитар режимге ержүректікпен қарсы тұрған мыңдаған бейбіт демонстрант қанға бөккен. Әлемнің демократиялары бүкіл әлемде баспасөз бостандығы мен демократияны қорғайтындықтан, дәл сол қытайлықтар сияқты батылдық көрсетуі тиіс.

Қытайдың жаңа әлемлік медиа тәртібіВуер Кайси – “Шекарасыз репортерлар” ұйымының басқару кеңесінің мүешсі, 1989 жылы Тянаньмынь демонстрациясын басқарғандардың бірі болған.

 

Қытайдың жаңа әлемлік медиа тәртібіКристоф Делуар – “Шекарасыз репортерлардың” Бас хатшысы.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz