Құқық қорғаушылар Қазақстанда бейбіт жиналыстардың азайғанын хабарлады

Қазақстанда 2018 жылы 32 бейбіт жиналыс өткізілді, көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 5 есе аз. Бұл жайлы Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюросы өз есебінде айтты.  

Авторлар өзекті терминге нақты анықтама берді. Бейбіт жиналыстар – азаматтық наразылықты қоғамдық түрде жеткізудің түрлі формалары. Олардың ішінде кең таралғаны – митинг және пикет.

Статистиканы қалай шығарды

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро бейбіт жиналыстар мониторингін 2010 жылдан бері арнайы әдіспен өткізеді. Мониторингке сәйкес бейбіт жиналысқа қатысушы оқиға орнында болу керек және жиналыс фото/видеоға түсірілуі тиіс.

Мониторингті жүргізушілер және қорытындыны дайындаушылар ұсынылған есептегі ақпараттың шынайлығына, пікірлерге, тұжырымдарға және қорытындыға жауапкершілікті өз мойындарына алады.

Қанша бейбіт жиналыс өткізілді?

Бюроның қорытындысы бойынша Қазақстанның сегіз қаласында 2018 жылы 32 бейбіт шеру өткізілді.

Ұйымның дерегіне сәйкес 2011 жылы 162 наразылық акциялары өтті. Ал 2015 жылдан бастап жиналыстар саны төмендей бастады. 2015 жылы 71, 2016 жылы 52, ал 2017 жылы 36 бейбіт жиналыс өткізілді.

Заңбұзушылық тіркелді ме?

Қазақстандағы бейбіт жиналыстардың басым көпшілігі (88.3%) жергілікті билік органдарының рұқсатын талап ететін қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жүргізіледі. Десек те, халық бұл заңды елемей келеді.  

Осылайша, 2017 жылы рұқсат етілмеген 31 іс-шараның алтауына полиция кедергі келтірсе, сегіз жағдайда қатысушыларын тұтқынға алды. Ал, 5 жағдайда іс сотқа жетіп, бейбіт жиналысқа қатысушаларына әкімшілік жаза қолданылды.

2018 жылы бейбіт жиналыстың барлығы арнайы рұқсатсыз өткізілді. Оның 21-інде (63.6%) қатысушылар тұтқынға алынды. Қалған акциялар еш кедергісіз өткізілді. Мониторинг аясында 2018 жылы рұқсатсыз өткізілген жиналыстардың 119 қатысушысына қозғалған әкімшілік сот істері де тіркелді.

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz