Фактчек | Айқын Қоңыров 2020 жылы ЖІӨ қысқарғаны туралы не деді?

9 маусымда Мәжілістің кезекті пленар отырысында депутат Айқын Қоңыров Қазақстанның ЖІӨ көлемі төмендеуі және 2020 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің айтарлықтай қысқарғаны туралы мәлімет айтты.

Оның сөзі 2:27:30-да басталады

Factcheck.kz редакциясы депутат ұсынған деректерді тексерді.

Мәлімдеме: «2020 жылы ЖІӨ 10 миллиард доллардан астам төмендеді және жан басына шаққанда шамамен 8% қысқарды».

Айқын Қоңыров

Үкім: Жартылай шындық және Техникалық қате

Жартылай шындығы мынау: Депутат қазақстандық дереккөздердегі ЖІӨ-ні доллармен есептеген дерек келтіреді, сол себепті көрсеткіштердің төмендегені байқалады. Дегенмен ұлттық валютадағы статистиканы келтіретін болсақ, онда 2019 жылдан 2020 жылға дейінгі экономикалық көрсеткіш, керісінше өсті. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк немесе Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық ұйымдар мәліметі Қазақстандыкінен айтарлықтай ерекшеленеді.

Техникалық қатесі мынау: Депутат ЖІӨ көрсеткіштері туралы ескі деректерді келтірген. Мәселе мынада, статистика биыл 27 мамырда түзетілді. Жаңа мәліметтер бойынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің төмендеуі – шамамен, 7%, ал ескі мәліметтер бойынша – 8%.

Толығырақ…

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ 181 665 млн АҚШ долларына, ал 2020 жылы 171 241 млн АҚШ долларына тең болды. Солайша, елдің ішкі жалпы өнімі бір жыл ішінде 10 млн доллардан астамға төмендеді.

Дегенмен ұлттық валютадағы статистиканы қарасақ, жағдай мүлдем басқаша болып шыға келеді. Сонымен, 2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ 69 532 626 миллион теңге болса, 2020 жылы 70 714 083 миллион теңге болады. Сонда еліміздің жалпы ішкі өнімі, керісінше, жылына шамамен 2%  өсіп отыр.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ-ге келетін болсақ, дәл сол мәліметтер бойынша, 2019 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 812 доллар, ал 2020 жылы 9 130 доллар болады. Осы мәліметтер бойынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 7% төмендеді. Оған қоса, осы жылдың 27 мамырында мәліметтер түзетілгенін де айта кеткен жөн. Бұрын бұл көрсеткіш 9 055 доллар болды, бұл жағдайда көрсеткіш 8% төмендеуі мүмкін.

Дегенмен мұндай көрсеткішті доллармен есептегенде ғана ала аламыз, ұлттық валютада жағдай басқаша. Сонымен, 2019 жылы ЖІӨ жан басына шаққанда 3 755 744 теңге, 2020 жылы 3 770 522 теңге болды. Демек теңгемен есептесейтін болсақ, жан басына шаққандағы ЖІӨ керісінше 0,4% өсті.

Халықаралық ақпарат көздері қандай деректер ұсынады?

Оған қоса, Ұлттық статистика бюросы мәліметінің халықаралық көрсеткіштерден айырмасы бар. Мысалы, Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ 181,666 млн АҚШ долларына, ал 2020 жылы 159,800 млн АҚШ долларына тең болды. Демек 12%-тен аса төмендеген.

Осындай жағдай жан басына шаққандағы ЖІӨ-ді есептеу кезінде де болды. Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, 2019 жылы бұл көрсеткіш $ 9,812-ке, ал 2020 жылы $ 8528-ке тең болды. Төмендеу көрсеткіші – 13%.

Халықаралық валюта қоры мамандары басқа мәліметтер ұсынған. Олардың айтуынша, 2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ 181 670 млн доллар, 2020 жылы бұл көрсеткіш 164 790 млн доллар болды. Мұнда жылына 9%-тен астам төмендеу байқалады.

Сол мәліметтер бойынша, 2019 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 750 АҚШ долларына, ал 2020 жылы 8 730 АҚШ долларына тең. Бұл ақпарат бойынша, төмендеу көрсеткіші 10%-тен асады.

Есептеудегі бұл айырмашылық халықаралық ұйымдар мемлекеттің экономикалық көрсеткішін есептеудің әртүрлі әдісін қолдануына байланысты. Мысалы, бұл кедейлік деңгейін анықтау кезінде жақсы байқалады. Біз бұған дейін БҰҰ немесе Дүниежүзілік банк стандарттары қолданылатын болса,  кедейлік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың саны ұлттық статистика бюросы мәліметіне қарағанда екі-үш есе көп болады деп жазған едік (2016 жылы бұл мәліметтер 6 рет өзгерді).

Қазақстан Республикасы Есеп комитеті мәлімдемесі бойынша, COVID-19 пандемиясынан туындаған 2020 жылғы дағдарысқа инфекцияны ірі масштабта жұқтырудың алдын алу үшін қатаң шектеу шаралары мен мұнай бағасының рекорд төмендеуі себеп болып отыр, бұл факторлар елеулі экономикалық құлдырауға алып келді. Дүниежүзілік банк та осындай пікір білдірді.

Factcheck.kz