Британ штаммы туралы БАҚ-тағы ақпарат неге дұрыс емес?

Бүгінде әлемде британ коронавирусының жаңа штамы белсенді таралып жатыр. Ол алғаш рет желтоқсанның ортасында анықталды. Қазір ДДСҰ мәліметі бойынша жаңа штамм әлемнің 86 елінде тіркелген.

Бұған дейін жаңа COVID-19 штамы қандай екенін жаздық. Қысқаша айтқанда, вирус бірқатар мутацияға ұшырады, бұрынғыдан да жылдам жұғатын болды (оның таралуы 70%-ке өсті), бірақ денсаулыққа қатысты жаңа қауіп анықталмады.

Осы хабар аясында БАҚ-таа жаңа COVID-19 штамы туралы көп жалған ақпарат шыға бастады. Әлемде бұл аурудан 2 миллионнан астам адам қайтыс болуының өзі үлкен алаңдаушылық туғызады. Бұл, әсіресе, вакцинация бағдарламасы жаңадан басталып жатқан немесе жылдам дамымай жатқан елдерде байқалады.

Factcheck.kz редакциясы ең көп кездесетін мәлімдемелерді жинап, британдық коронавирус штамының қаупі туралы айтатын БАҚ басылымдарында не дұрыс емесін анықтады.

Алдын ала нәтижелер

Барлық дерлік материалда кликбейт тақырыптары бар бұрмаланған немесе манипулятив деректер араласқан. Жарияланым авторлары негізгі дереккөздерден сөздерді үзіп алып, оны айғайлаған тақырып пен қаралым үшін өздеріне ыңғайлы етіп ұсынады. Көбіне бұқаралық ақпарат құралдары өкілі өздері айтып отырған ғылыми зерттеулердің толық мәтінін немесе өздері ақпарат алып отырған шетел басылымдары материалын толық қарап та шықпайды.

Пікір: Коронавирустың британ нұсқасы тек жұқпалы емес, ол жұқтырғандарға үлкен қауіп төндіреді. Жаңа және дамып келе жатқан респиратор вирусының консультатив тобы (NERVTAG) алдын ала есебі – осының дәлелі. Вирустың жаңа нұсқасы жиі ауруханаға жатқызуға және жұқтырғандар өліміне әкеледі деген пікір бар.

РБК

Үкім: Манипуляция

NERVTAG зерттеу тобы шынымен жаңа COVID-19 штамынан қайтыс болғандардың едәуір санын көрсететін жаңа есеп жариялады. Алайда бұл зерттеу қарттар үйінде жүргізілді, барлық респондент егде жастағы, иммунитеті әлсіз және табиғи себептерге байланысты созылмалы аурулары көп болды. Авторлар бұл туралы еңбегінде бірнеше рет айтып өткен.

Есеп бойынша, орта есеппен коронавирустың «британ» штамы инфекциясынан өлу қаупі 1,53 есе жоғары болып тіркелген. Одан соң эксперттер мәлімет тек алдын ала айтылғанын және «британ» штамы коронавирустың әдеттегі нұсқасынан гөрі қаншалық қауіпті екенін көрсете алмайтынын баса айтты. Оған қоса, зерттеу вирустың осы нұсқасы егде жастағы тұрғындар арасындағы өлім туралы деректі талдау негізінде жүргізілді. Бұл оларға аса қауіпті болғанын анықтау үшін керек болған және әзірше ешнәрсе расталмады. 

Коронавирус тек катализатор болатынын және аурудың дамуына жанама әсер ететінін есте ұстаған жөн. Бұл жерде адамның иммун жүйесі әлдеқайда үлкен роль атқарады. Әсіресе, егер ол жасына байланысты әлсіз болса.

NERVTAG зерттеу тобы алғаш болып жаңа коронавирус штамы пайда болғаны туралы хабарлағандардың бірі болды. Олар 18 желтоқсанда B.1.1.7 штамының шынымен де жұқпалы екеніне сенімділік жоғары екені айтылған есеп жариялады, яғни адамнан адамға жұғуы оңай.

Дегенмен сол есепте мамандар вирустың келесі мутациядан кейін қауіпті бола бастағаны туралы ешқандай дәлел жоқ екенін айтты. Эксперттер қауымдастығы жаңа штамдағы өзгерістерді қадағалауды жалғастырады және осы тақырып бойынша үнемі ғылыми баяндамалар жариялайды. Бүгінде британ штамының қауіпті екені туралы ешқандай дәлел жоқ.

Дәл осы ақпаратты ДДСҰ растады. Ұйым мамандарында коронавирустың COVID-19 жаңа штамы аурудың ауырлығын арттыратыны туралы ешқандай дәлел жоқ.

Пікір: Коронавирустың британ штамы балалар үшін қауіпті. Вирус иммунитетті айналып өтіп, жылдам жұғу үшін әртүрлі жаңа қасиетке ие болып жатыр, соның кесірінен балаларға тез жұғады.

Daily Mail

Үкім: Манипуляция

COVID-19 жаңа нұсқасы шынымен де жұқпалы болды және ауру балалар мен жасөспірімдерде табылған жағдайлар тіркелді. Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігі балалардағы коронавирус белгілеріне мыналарды жатқызады: шаршау, жүрек айну, тәбеттің төмендеуі, тұйықтық және бас ауруы. Дәл осы ақпаратты АҚШ-тың Ауруларды бақылау орталығы да растады. Дегенмен балаларда аурудың ауыр жағдайлары туралы ешқандай дәлел жоқ.

The Lancet беделді медицина журналы британ штамының балалар мен жасөспірімдер арасында таралуы туралы материал жариялады. Авторлар бүкіл әлемде балалар мен жасөспірімдерді ауруханаға жатқызудың артуы байқалса да, жас пациенттер арасында ауыр жағдайлардың болуын растайтын еш дәлел жоқ екенін айтады.

Зерттеушілер вирус таралуының бірінші және екінші толқындары кезінде жас пациенттерді ауруханаға жатқызу саны туралы деректерді салыстырды. Сонымен қатар, ауру белгілерін, балалар мен жасөспірімдердің вирусқа иммун реакциясын және ауру ауырлығын ескерді.

Бұл ғалымдарға коронавирустың британ штамын жұқтыру бастапқы штаммен салыстырғанда айтарлықтай өзгеше клиникалық ағымға әкелмейді деген қорытынды жасауға мүмкіндік берді. COVID-19 өткір респираторлық ауруы ауыр түрі балалар мен жастарда әлі де сирек кездеседі.

Сонымен қатар, авторлар бұқаралық ақпарат құралдарында аурудың аса ауыр жағдайлары туралы хабарлар қоғамды шатастырып, бұл британ штамы жас азаматтар үшін қауіпті болды деген пікірге әкелді деп хабарлайды. Осы белгісіздік Корольдік педиатрия және балалар денсаулығы колледжінің мәлімдемесін талап етті.

Ұйым президенті, профессор Рассел Винер қоғамдағы ауру дерегі артқан сайын COVID-19 жұқтырған балалар саны аздап көбейетінін, бірақ балалар мен жастардың басым көпшілігінде ауру белгілері жоқ немесе аурудың өте жеңіл түрін бастан өткізетінін айтты. Бұдан вирустың жаңа нұсқасы барлық жастағы адамға әсер етеді, бірақ балалар мен жастар арасында аурудың ауыр түрі байқалмайды деген қорытынды жасауға болады. Сонымен қатар, дәрігерлер жастардың ересектерге қарағанда иммунитеті әлдеқайда күшті екенін айтты, бұл ауруды едәуір жеңілдетеді деп түсіндіреді.

Мұны оның Ұлыбританияның әртүрлі аймағындағы балалар ауруханаларындағы бірқатар әріптесі растады.

Пікір: AstraZeneca вакцинасы жаңа COVID-19 штамына қарсы тиімді болмады. Мұны Оңтүстік Африка және Ұлыбритания ғалымдары жүргізген зерттеулер көрсетті.

Интерфакс

Үкім: Манипуляция

Ақпарат БАҚ-та Оңтүстік Африка республикасы сатып алынған AstraZeneca вакцинасын сатып алуды тоқтатқаннан кейін тарала бастады, өйткені бұл препарат тиімсіз деп танылды. Шешім Витуатсранд университетінің осы уақытқа дейін тек баспасөз релизінде ұсынылған зерттеулеріне негізделген. Ғалымдар британ препаратының екі дозасы вакцинацияланған Оңтүстік Африканың 2000 азаматын тексерді деп хабарлайды, бірақ бұл зерттеу туралы мәлімет жоқ. Әлемдік ғылыми қауымдастықта да вакцинаның тиімсіздігі жоққа шығарылды.

Лондонда Оңтүстік Африка ғалымдарының тұжырымы әлі мойындалған жоқ. Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Эдвард Аргар ВВС-ге берген сұхбатында айтқандай, кез келген зерттеу «байыпты назар аударуға лайық», бірақ препараттың тиімсіз екені туралы ешқандай дәлел жоқ.

Оған қоса, Оксфорд университетінде AstraZeneca вакцинасын сынақтан өткізуге қатысушылар арасында жүргізілген зерттеу мәліметі жарияланды, оның британ штамына қарсы тиімді екені анықталды. Ғалымдар AstraZeneca вакцинасының екінші және үшінші кезеңдеріне қатысқан еріктілерден жұғынды (мазка) алды. Тест олардың препарат енгізілгенге дейін де, одан кейін де болуы мүмкін қандай штамды жұқтырғанын анықтауға арналған (зерттеу симптомы бар және симптомсыз науқастар арасында жүргізілді).

Сынақ нәтижесі вакцина тек бастапқы пандемия вирусынан ғана емес, 2020 жылдың соңынан бастап бүкіл Ұлыбританияда аурудың өсуіне себеп болған вирустың жаңа нұсқасынан да қорғайтынын көрсетті.

Елдің Премьер-министр Борис Джонсон AstraZeneca ғана емес, Pfzier де британ COVID-19 штамына қарсы тиімділігін көрсететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі вакцина коронавирустың алдыңғы нұсқасына да, жаңа нұсқасына да қарсы тиімді болып отыр.

ДДСҰ AstraZeneca вакцинасынан бас тартудың қажеті жоқ екенін хабарлады. Ұйымның бас ғылыми қызметкері Сумия Сваминатанның айтуынша, препарат ауыр жағдайлар деңгейін төмендетеді және ауруханаға жатқызуды азайтады. Олар жаңа мутация бүгінгі күнге дейін жасалған вакциналардың тиімділігіне әсер етпейтініне сенімді.

Бұған дейін NERTAG мамандары бұл ақпаратты растап, анықталған мутация дамыған вакцинацияға жол бермейтіндей соншалық маңызды емес екенін мәлімдеді. Британ эксперттері кеңесінің мүшесі Бен Киллинганың айтуынша, вирус бұрыннан бар вакцинаны толығымен қайта өңдейтіндей өзгерген жоқ.

Бұрын интернетте AstraZeneca вакцинасы туралы көптеген жалған ақпарат таралды. Мәселен, Кремльді қолдайтын Russia Today телеарнасы елдер британ вакцинасын арзан болғандықтан ғана сатып алады деген материал жариялады, бірақ іс жүзінде ол мүлдем тиімсіз болуы мүмкін.

Пікір: Ұлыбританияда коронавирустың қауіпті жаңа түрі табылды. Жаңа нұсқа коронавирустың британ мутациясына ұқсайды. Ғалымдар жаңа нұсқада вирустың антиденелерге төзімді болатын мутациялардың ықтимал жиынтығы бар деп алаңдайды.

РИА жаңалықтары

Үкім: Манипуляция

Бұқаралық ақпарат құралдары Эдинбург университеті ғалымдары зерттеуін жариялаған The Guardian британ басылымы журналистеріне сілтеме жасайды. Жаңа B1525 штамы 10 елде геномды ретке келтіру арқылы анықталған деп айтылады. Ғалымдар бұл нұсқа вирустың антиденелерге төзімділігін жоғарылатуы мүмкін деп алаңдайды. Бірақ авторлар бұл әлі алдын ала мәліметтер ғана екенін, жаңа мутация әлі расталмағанын нақтылауды ұмытып кеткен.

Эдинбург зерттеушілері айтуынша, олар ашқан коронавирус нұсқасында зерттеушілерді алаңдатқан бірқатар мутация бар. Соның бірі – вирустың сыртынан табылған тікенді ақуыздағы E484K мутациясы, бұл вирустың жасушаға енуінде маңызды роль атқарады.

Оған қоса, есеп авторларының өзі бұл мутацияның қандай екені және оның көпшілігінің коронавирустың жұғу қабілетін немесе аурудың ауырлығына қандай әсері болуы мүмкін екені әлі белгісіз екенін айтады. Ғалымдар жаңа мутация қаупін және оның коронавирус инфекциясы таралуына қалай әсер ететінін растау үшін әлі де көптеген тест пен сынақ қажет дейді.

Оған қоса, Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігі жаңа мутациялар туралы мәліметтерді мұқият бақылап отыратынын және жаңа штамдарды уақтылы анықтау үшін барлық шара қолданып жатқанын хабарлады. Дегенмен қазіргі таңда бұл мутациялар жиынтығы неғұрлым ауыр ауруды немесе жеделдетілген инфекцияны тудыратыны туралы ешқандай дәлел жоқ.

Британияның қоғамдық денсаулық сақтау эксперттері вирустың бұл нұсқасын қауіпті немесе алаңдаушылық тудыратын мәселе деп санауға әлі ерте екенін айтады. Өйткені SARS-CoV-2 басқа вирустар сияқты көптеген мутацияға ұшырайды, бірақ олардың барлығы бірдей халық денсаулығына қауіп төндірмейді.

Сонымен қатар, қазір Эдинбург университеті ғалымдарының тек алдын ала зерттеу деректері бар, оларды әлемдік ғылыми қауымдастық та, денсаулық сақтау саласындағы ірі халықаралық ұйымдар да растамаған.

Тағы бір айта кететін жайт, бүкіл әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары коронавирустың тағы бір өлімге әкелетін штамы табылғаны туралы ақпаратты жиі жариялайды, бірақ олар келтірген деректердің бәрі бірдей сенімді емес.

Қорытынды

Бұл материалдар манипулятив мәліметтер мен кликбейт тақырыптары арасындағы дүбара болып отыр. Жарияланым авторлары негізгі дереккөздерден сөздерді үзіп алып, оны айғайлаған тақырып пен қаралым үшін өздеріне ыңғайлы етіп ұсынады. Көбіне журналистер ғалымдар алдын ала деректерді немесе расталмаған ақпаратты мәлімдейтін түпнұсқа мәтіннің толық мәтінін қарастырмайды. Нәтижесінде мұндай материалдар қоғамда шиеленіс тудырып, оқырмандар арасында жалған ақпарат таратады.

Factcheck.kz