Avast 2013 жылдан бері пайдаланушылардың жеке деректерін жинап, сатқан

Avast антивирус әзірлеушісі желіде пайдаланушылардың мінез-құлқы туралы деректерді жинап, сатқан. Компанияның 400 миллион клиенті “монетизацияның” құрбаны болуы мүмкін. Себебі Avast ақпаратты кем дегенде 2013 жылдан бастап жинады. Бұл туралы Forbes хабарлады.

Жақында тағайындалған бас директор Ондрей Влчек (Ondrej Vlcek) компания ақпаратты сатқанын растады. Алайда оның айтуынша сатып алушы дербес дерек нақты кімге тиесілі екенін анықтай алмайды.

Влчек Avast браузерлердегі кеңейтулер арқылы пайдаланушылардың веб-белсенділігін бақылағанын айтты. Дегенмен, ақпарат компания серверлеріне түскенше, пайдаланушының аты немесе URL мекен-жайлары сияқты нақты дерек өшірілген.

Біз жарнама берушілердің немесе бөгде компаниялардың ешқайсысына Avast арқылы нақты адамдарға таргетинг жасауға мүмкіндік беретін ақпаратты бермейміз.

Ондрей Влчек

Компанияның бас директоры клиенттерге нақты қандай мәлімет ұсынылғанын ашып айтпады. Оның айтуынша, олар “компания клиенттерінің интернетті қалай пайдаланатыны” туралы жалпы мәліметті сатқан.

Сатып алушылар интернет қолданушыларының қанша пайызы бір сайттан екіншісіне өтетінін біле алады. Әдетте мұндай ақпаратқа жаңа өнім шығарып жатқан Amazon сияқты компаниялардың инвесторлары қызығушылық білдірген.

Бас директордың сөзіне қарағанда, деректерді сату Avast компаниясының жалпы табысының 5%-ын құрайды. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында компания 430 миллион доллар табыс тапқанын ескерсек, шамамен 20 миллион доллар пайда тапқан.

Avast антивирус әзірлеуші компаниясының деректер жинағын сататынын бірінші болып Adblock Plus негізін қалаушы Владимир Палант анықтады. Ол бұл туралы Mozilla және Opera компанияларына хабарлаған кезде, браузерлер өз дүкендерінен Avast кеңейтуін алып тастады. Ал Паланттың Google-ге жіберген өтініші, әлі күнге дейін жауапсыз.

Factcheck.kz