23.10 | Трамп туиттеріне шабуыл, WhatsApp-тың жаңа функциясы, әлеуметтік желі қолданушылары қанша?

Әлеуметтік желі қолданушылары қанша?

We Are Social халықаралық агенттігінің сарапшылары әлеуметтік желілердің ай сайынғы аудиториясы төрт миллиард қолданушыға дейін артқанын хабарлады.

Зерттеуге сәйкес, кейінгі бір жылда 450 миллион адам әлеуметтік желіге тіркелген. Күн сайын орташа есеппен 2 миллионға жуық жаңа қолданушы қосылады.

Мамандардың есептеуінше, адамдар өмірінің шамамен 15 пайызын әлеуметтік платформаларға арнайды.

Төменде зерттеушілердің жасаған есебінен үзінді:

  • Әлемдегі жалпы халық саны: 7,81 миллиард адам.
  • Бүкіл әлем бойынша ұялы телефондарды пайдаланатын адамдар саны: 5,20 миллиард
  • Әлемде жалпы интернет қолданатын адам саны: 4,66 миллиард
  • Бүкіл әлем бойынша әлеуметтік желі пайдаланушылары: 4,14 миллиард

WhatsApp-тың жаңа функциясы

WhatsApp мессенджерінде пайдаланушы дерегінің құпиялығына байланысты жаңа функция әзірлеп жатыр. Бұл туралы Wabetainfo порталы хабарлады.

WhatsApp саусақ ізі арқылы қолданушы деректерін қорғау мақсатында Fingerprint Lock функциясын Android-та жетілдіріп жатыр. Егер сіздің Android құрылғыңызда саусақ ізін анықтайтын функция болмаса, бірақ бетіңізді танитын жүйесі болса, саусақ іздеріне байланысты функцияны қолдана алмайсыз. Басылымның дерегінше, WhatsApp мұндай функцияларды жақсарту үшін жұмыс істеп жатыр.

Инсайдерлер көптеген Android смартфонында мұндай биометриялық құлыптаулардың iPhone-Face Unlock секілді корғамайтынын айтып жатыр.

Голландиялық хакер Трамптың twitter-дегі аккаунтын бұзды

Голландиялық хакер Виктор Геверс АҚШ президенті Дональд Трамптың Twitter-дегі аккаунтын бұзды. Бұл туралы Volkskrant хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Геверсте бір апта бұрын АҚШ президентінің жеке хабарламаларын оқуға, сонымен қатар президенттің атынан жазбалар қалдыру мүмкіндігі болған. Бұл ақпаратты растау үшін скриншот жасап, редакцияға көрсеткен.

Хакердің айтуынша, президент аккаунтына пароль жазғанда әртүрлі нұсқа таңдаған. Ол тек бесіншісінде maga2020! паролін жазғаннан кейін твиттер профиліне кірген.

Геверс сонымен қатар президенттің аккаунтында екі факторлы аутентификация болмағанын айтты (компьютерлік жүйеге немесе онлайн-аккаунтқа кіру үшін пайдаланушының жеке басын растау процесі).

Хакер Трамптың аккаунтына кіргеннен кейін ЦРУ, ФБР, әлеуметтік желі және АҚШ президентінің командасына хабар берген. Бір күннен кейін президенттің twitter-дегі аккаунтына екі факторлы аутентификация орнатылған. Сонымен қатар, Нидерландыда жұмыс істейтін америкалық қауіпсіздік қызметінің өкілдері Геверспен байланысқа шығып, қосымша ақпарат сұраған. Геверстің айтуынша, барлау қызметкерлері «өте мейірімді» болған.

Бұдан бөлек Volkskrant Трамптың Twitter-дегі аккаунтына жасалған бірінші шабуыл емес екенін хабарлады. Алғаш рет 2016 жылы президенттің аккаунтын үш адам бұзып, олардың ішінде Геверс те болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz