Мамырдың аяғында интернетте бір әйелдің Аустралия әуежайында кенгурумен бірге ұшаққа отырмақ болған видеосы кең тарады. «Проверено» фактчекерлері видеоның рас-өтірігін тексерді.
10 секундтық видеода әйел ұшаққа отырғызу аймағында әуе компаниясының қызметкерімен дауласып тұр. Жандарында кішкентай кенгуру бар, ол алдыңғы аяқтарымен отырғызу талонын ұстап тұр, ал видеодағы жазбада оны ұшаққа кіргізбей жатқанын айтады. Алайда видеодағы әйелдердің нақты не айтып жатқаны түсініксіз.
Facebook, X, Telegram және «ВКонтакте» сияқты әлеуметтік желі қолданушылары кенгурудың билет ұстап, мұңайған күйі тұрғанын көріп, әуе қызметкерінің әрекетін дискриминация ретінде бағалады.
Кенгуру кейбір қолданушыларға экзотикалық жануар болғанымен, Аустралияда олар әуежай аумағында да кездесіп жатады. Дегенмен ұшаққа билет алған кенгуру – Аустралия үшін де өте сирек құбылыс. Әсіресе кенгуру адамның жетектеуінде болғаны оғаш көрінеді, себебі Аустралияда оларды үй жануары ретінде ұстауға тыйым салынған.
Осындай пікірлер видео жасанды интелектпен жасалған деген күмән тудырады. Бір қарағанда видеода ЖИ белгілері байқалмайды. Жолаушы әйелдің қол қимылдары сәл бұлыңғыр тартады, бірақ оны видеоның төмен сапасы деп түсіндіруге болады. Алайда кенгуру ұстап тұрған билетте рейс туралы ешқандай ақпарат жоқ әрі ондағы белгісіз таңбалар ЖИ суреттегі мәтінді әлі нақты көрсете алмайтынының айқын белгісі.
Оған қоса, видеодағы әйелдердің не айтып тұрғанын түсіну мүмкін емес. Кейбір интернет қолданушылар бұны австралиялық акценттің күшті болуымен байланыстырса да, бұл күмән тудырады.
Hive Moderation қызметі бұл видеоны 99% ықтималдықпен нейрожелінің көмегімен жасалған деп тапты.

Видеоны алғаш болып 2025 жылдың 25 мамырында Instagram-дағы Infinite Unreality атты қолданушы жариялаған. Пост мәтінінде ЖИ туралы ештеңе айтпаған, тек «Ұшаққа кенгуруға жол жоқ» деген қысқаша жазба қалдырған. Instagram платформасында контенттің ЖИ көмегімен жасалғанын белгілеуге болады. Автор бұл белгіні қойғанымен, оны байқау қиын, сондықтан да көп қолданушы бұл видеоны шын деп ойлап қалған.
Қорытындылай келе, әлеуметтік желіде кенгуру туралы тараған видео өте шынайы әрі сапалы жасалса да, жасанды интеллектің өнімі. Роликті жариялаған қолданушы видеоны ЖИ көмегімен жасағанын жасырмаған, тек Instagram интерфейсінің ерекшеліктеріне байланысты бұл белгі көпшілікке көрінбей қалған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.