Жақын күндері мессенжерлер мен әлеуметтік желіде Feminita феминистік ұйымы ұйымдастырды деген жасөспірімдерге арналған жыныстық тәрбие шарасы туралы ақпарат тарап жатыр.
Хабарламаларда Feminita ұйымы шараға 7-11-сынып оқушыларын қатысуға шақырып жатқаны жазылған. Сонымен бірге, жыныстық бағдар мен біржынысты қарым-қатынастарға байланысты тақырыптар көрсетілген бағдарлама қоса берілген.



Сонымен қатар, шара 9 наурызда, Алматыдағы Astana International Hotel-де өтеді деп жазылған.
WhatsApp-тағы мектеп чаттарынан алынған скриншоттарды әлеуметтік желіде басқа қолданушылар, соның ішінде «Қазақстан ата-аналар одағының» мүшелері, атап айтқанда Бағила Балтабаева да (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8) таратып жатыр. Кейбір жазбаларда белгісіз себептермен Алматы қаласына еш қатысы жоқ Жетісу облысының Білім басқармасы аталып өткен.
Осы арада бұл ақпарат жаңалықтар ресурстарында да тарап үлгеріп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұл мәселеге байланысты полицияға жүгінгені хабарланды.
Желі қолданушылары наразылық білдіріп, мемлекеттік органдарды жағдайға назар аударуға шақыруда, ал Feminita ұйымының мүшелеріне қоқан-лоққы жасала бастаған. Алайда бұл шара туралы ақпарат рас па?
Үкім: Фейк
Feminita өздерінің ресми парақшасында мұндай шара ұйымдастырмайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, бастама өз іс-шараларына 18 жасқа толмаған адамдарды шақырмайтынын ерекше атап өтті. Factcheck.kz редкциясы Astana International Hotel-ге хабарласып, осындай шараның жоспарланған-жоспарланбағанын анықтаған. Қонақүй бұл ақпаратты жоққа шығарып, оларға «мұндай ұйымдармен жұмыс істеуге» тыйым салынғанын айтты.
Осылайша, бұл ақпарат Feminita ұйымын қаралауға бағытталған кезекті жалған ақпаратқа ұқсайды.
Тағы бір мәселе, Жетісу облысының Білім басқармасы да жасөспірімдерге арналған жыныстық тәрбие тақырыбындағы ешқандай шара туралы білмейтінін мәлімдеді. Дегенмен, бұл басқарманың аталған мәселеге не себепті араласқаны әлі де түсініксіз.

Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.