Әлеуметтік желіде жолбарыс Астана іргесіндегі ауылда үй жануарларына шабуылдады деген ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3). Тараған видеода кадр сыртындағы адам жолбарыстың екі ит пен бір сиырды өлтіріп, инспектордың қолын тістеп алғанын айтады. Осыдан соң оны атып тастауға мәжбүр болған-мыс. Ал жарияланым сипаттамасында мұның Астанадан 25 шақырым жерде орналасқан Рождественка ауылында болғаны жазылған.

Үкім: Фейк
Оқиға Қазақстанда емес, Ресейдің Хабаровск өлкесінің Нанай ауданында 2024 жылдың желтоқсанында болған. Бейненің Қазақстанға қатысы жоғын Ақмола облысының полиция департаменті де хабарлады.
Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2024 жылдың 29 желтоқсанында Арсеньевское ауылды елді мекенінің Уни ауылына жолбарыс кіріп кеткен, жыртқыш алдымен екі итті сүйреп әкетіп, содан кейін үйлердің ауласына кірген.
Ауыл тұрғындары оқиғаны дереу аңшылық инспекциясына хабарлаған. Мән-жайды анықтап, қауіпті бағалау үшін оқиға орнына екі инспектор келеді.
Инспекторлар жолбарысты иттердің бірін жеп жатқан жерінен қораның төбесінен тапқан. Олар жақындай бергенде жолбарыс инспекторлардың біріне шабудаған. Екінші инспектор әріптесін қорғау үшін жолбарысты атуға мәжбүр болды. Амур жолбарысы орталығының хабарлауынша, инспектор амбулаторлық емдеуге жіберліді. Ал жануардың денесі сараптамаға кеткен.

Дереккөз: Амур жолбарысы орталығы
29 желтоқсанда Хабаровск өлкесінің Нанай ауданына қарасты Уни ауылының (Арсеньевское ауылды елді мекені) шетінде арық жолбарыс қораға шығып кетті. Жануарды ұстау кезінде инспекторлардың біріне шабуылдап, жабайы табиғаттан мәжбүрлі түрде жоюға [атуға – авт.] тура келді.
Амур жолбарысы орталығы
Тараған видеоның кадр сыртындағы адам жолбарыстың сиырды жеп қойғанын айтады. Бірақ ресейлік жергілікті ақпарат құралдары сиырларға да шабуылдайды деген күдік болғанымен, жолбарыс ешқандай сиырды жемегенін жазды.
Астана іргесіндегі ауылда үй жануарларына шабуылдады деген ақпарат желіде айтарлықтай кең тарағандықтан, Ақмола облысының полиция департаменті де мұның жалған екенін хабарлаған.
«Әлеуметтік желілерде Целиноград ауданында жолбарыстың қолға түсіп, атылғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Ақмола облысының полиция департаменті бұл дерек тіркелмегенін және тарап жатқан ақпарат жалған екенін хабарлайды. Жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік барын еске саламыз», – деді полиция департаментінде.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.