Урсула фон дер Ляйен «гомосексуализм көшпелі халықтар дәстүрінің ажырамас бөлігі» деп айтты ма?

Сәуірдің аяғында оқырмандардың бірі редакциямызға Euronews телеарнасында көрсетілгені болжанған бағдарламаның үзіндісін жіберді. Онда Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйен бейнеленген және онда «гомосексуализм көшпелі халықтар дәстүрінің ажырамас бөлігі» деп жазылған.

Урсула фон дер Ляйен «гомосексуализм көшпелі халықтар дәстүрінің ажырамас бөлігі» деп айтты ма?

Кілт сөздер арқылы іздеу нәтижесі хабарламаның Telegram мессенджерінде (1234), Facebook (12) және ВКонтакте әлеуметтік желілерінде, кейбір жаңалық ресурстарында шыққанын (12) көрсетті. Жазбада мұндай сөзді Еурокомиссия төрағасы Қазақстанға келер алдында айтты делінген.

Бұл скриншоттың бірінші нұсқасында фон дер Ляйеннің 1-минуттық видеодағы сөйлеген сөзінде экранның төменгі жағында цитаталар сериясы жазылған. Роликте Euronews телеарнасындағы жаңалықтар бағдарламасының музыкасы бар, ал фон дер Ляйеннің дауысы дыбыссыз берілген.

Factcheck.kz редакциясы Еурокомиссия басшысы расымен «гомосексуализм» көшпенді халықтар дәстүрінің ажырамас бөлігі екенін айтқан-айтпағанын тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Урсула фон дер Ляйен бар кадр Euronews арнасының 2023  жылғы 30 наурыз күнгі жаңалықтардан алынған. Сюжет Еурокомиссия басшысының Еуроодақ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасы туралы сөйлеген сөзіне арналған. Онда көшпелі халықтар мен «гомосексуализм» туралы айтылмаған. Біз тексерген видеороликтегі цитаталарды фейк авторы жазған.

Урсула фон дер Ляйен «гомосексуализм көшпелі халықтар дәстүрінің ажырамас бөлігі» деп айтты ма?
Euronews телеарнасында 2023 жылғы 30 наурызда шыққан кешкі жаңалықтар бағдарламасының скриншоты

Урсула фон дер Ляйеннің толық сөзі Еуропа комиссиясының Youtube арнасында жарияланған.

Хабарламаны кім таратты

Фейк цитатасы бар видеоны жариялаған біз тапқан ең алғашқы дереккөздердің бірі 24 сәуір күні таңғы 7:05 кезінде «Қазақстан жаңалықтары» Telegram-арнасы болған. Видео жазбасында роликтің мессенджерлерде тарап жатқаны айтылған.

Сондай жазуы бар ролик бес сағаттан соң «АТО Донецк Z» Telegram-арнасында пайда болды. Сағат 15:49-да «Қазақстан жаңалықтары» жазбасын «Сегодня.KZ» арнасы бөліскен, ал екі күннен соң сол жерде Урсула фон дер Ляйен мен «гомосексуализм» туралы цитата скриншоты пайда болған.  

28 сәуірде фейк цитатаны журналист Антон Бударовқа тиесілі «Эффект Манделы [Сны Буданбай]» Telegram-арнасы жариялаған.

Цитатаны Facebook-те 24 сәуірде сағат 17:13 Ермек Ниязов есімді адам бөліскен. Ал 26 сәуірде брендинг сарапшысы, сценарист, суретші және ән авторы Анастасия Ахметова салған. Екеуінің де аудиториясы біршама көп болуы — 700 және 5 200 жазылушысының болуы фейктің одан әрі тарауына ықпал еткен.

Жаңалықтар ресурсы арасында Урсула фон дер Ляйен айтты делінген цитатаны tmn.sm.news (Түмен жаңалықтары) және kz24.news сайттарынан табуға болады. Жоғарыда айтқан «Қазақстан жаңалықтары» Telegram-арнасы осы соңғысына тиесілі. Бір қызығы, цитата сайтта Telegram-да жарияланғаннан кейін екі күннен соң, сәуірде Еурокомиссия төрағасының Қазақстанға сапарының мақсаты мен жоспары туралы материалда пайда болған.

kz24.news ресурсы мен Telegram-арнасы толықтай анонимді. Сайтта редакция туралы ақпарат жоқ. whois.com дерегінше, сайт домені 2021 жылғы 28 желтоқсанда тіркелген. archive.org веб-архивінің Wayback machine құралы ресурс парақшаларын 2022 жылғы 7 наурыздан бастап архивтеген. Сол кездері кей мақалалардың авторы көрсетілген. Қазір сайттағы жарияланымдар не анонимді, не Сабира Адильбекова деген адамға тиесілі. Фото бойынша іздеу еш нәтиже берген жоқ. Есімі бойынша іздегенде де kz24.news материалдары немесе релевантты емес нәтиже шығады.

Редакция хабарламаның расымен о баста мессенджерлерде тарауы мүмкін екенін мойындайды, бірақ мұның 24 сәуірден бұрын тарағанына дәлел таба алған жоқпыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz