Украинада жарықты тиімсіз қолданғандарға айыппұл салына ма?

Желіде Украинада жарықты тиімсіз пайдаланғандарға айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6). Ондағы дерекке сай, энергетика министрлігі осындай ереже енгізуді талап еткен-міс. Factcheck.kz редакциясы мәліметтің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Украинада жарықты тиімсіз пайдаланғандарға айыппұлдар салынатын болады.

Украинаның Энергетика министрлігі жарықты ұтымсыз пайдаланғандар үшін айыппұл жүйесін енгізуді талап етіп жатыр. Украиндар мұндай қажеттілікке бірнеше электр станциясы істен шыққаннан кейін және оларды қалпына келтіруге мүмкіндік болмаған соң тап болды. Айыппұл салынатын жағдайлар:

  • күндізгі уақытта жарықты пайдалану;
  • кешке, бос бөлмеде жарықты қосып қою;
  • жан басына шаққандағы квотадан жоғары тұрмыстық техниканы пайдалану;
  • электр көліктерін пайдалану;
  • электр шәйнекті пайдалану;
  • кешкі уақытта жарықтандырылған көшелерде үй жарығын пайдалану.

Осылайша, тәртіп бұзушылыққа ұшыраған тұрғын бірінші рет 100 гривен айыппұл төлеуге міндетті болады. Қайта салынатын айыппұл — 700 гривен. Айыппұлдар Одесса мен Николаевскаяны қоса алғанда, бірнеше облыста енгізілмек.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Сатиралық жаңалық

Украина энергетика министрлігінің ресми сайтынан жарықты тиімсіз пайдаланған тұрғындарға айыппұл салынуы туралы ақпарат табылған жоқ.

Бұл дерек алғаш рет Telegram-дағы “Империя очень зла” арнасында жарияланған. Парақша иелері жазбалардың “жалған ақпарат” немесе “сатира” болуы мүмкін екенін ескерткен.

Google іздеу жүйесінде “айыппұл” кілт сөзін енгізіп, министрлік сайтында осы тақырыпқа қатысты кейінгі бір жылда жарияланған екі құжатты таптық. Оның біріншісі — электр энергиясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеуге бағытталған «Электр энергиясы нарығы туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы Украина заңының жобасының салыстырмалы кестесі.

Екіншісі — электрмен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеуге қатысты «Электр энергиясы нарығы туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы. Онда энергетикасы саласындағы бұзушылықтар: электр қондырғылары мен желілерін пайдалану мен техникалық жағдайына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін; энергетикалық бақылауды жүзеге асыруға кедергі келтіру немесе жалған ақпарат берген азаматтарға айыппұл қарастырылған.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Украинада жарықты пайдаланғаны үшін салынатын айыппұлдар жоқ. Ресейдің Украинаға басып кіруінің салдары электр қуатының жаппай үзілуіне әкелген жағдайлар тіркелді. Мәселен БҰҰ-ның Украинаға жүк жеткізуге бағытталған гуманитарлық көмегі туралы мақаласында елге жеткізілген негізгі құралдардың бірі — электр инфрақұрылымы зақым келген аймақтарда немесе жертөледе қолдануға арналған күн шамдары екенін жазады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz