15 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесті. Жиын барысында Тоқаев Германиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемін атап, мұны “рекордтық көрсеткіш” деді.
Factcheck.kz редакциясы Тоқаевтың сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.
Мәлімдеме: Президент былтыр Қазақстанға Германиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 64 пайызға өсіп, 770 миллион долларға жеткенін атап өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Ұлттық банк дерегіне сенесек, 2023 жылы Германиядан расымен 770,2 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған, бұл 2005 жылдан бергі көрсеткіштердің ең көбі. Бұған ең жақын сома 2012 жылы болған, ол кезде немістер Қазақстан экономикасына 681,6 млн АҚШ долларын құйылған. Былтырғы инвестиция 2022 жылғыдан 64%-ке көп (2022 жылы — 469,4 млн АҚШ доллары).
Контекст
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының мәліметі бойынша, 2022 жылы Орталық Азияға инвестиция ағыны 39%-ке артып, 10 миллиард долларға жеткен. Қазақстандағы тікелей инвестиця екі есеге өсіп, 6,1 миллиард АҚШ доллары болған. Бұл ретте өндіруші сала 4,1 миллиард АҚШ долларына өскен.
Бұған дейін Factcheck.kz редакциясы сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров шетелдік инвестициялар туралы сөзін тексергенде Қазақстанның инвестиция тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы екенін жазған. Дегенмен сарапшылар инвесторларға қайырымдылық жасаушылар ретінде қараудың қажеді жоқ дейді, өйткені олар табыс болатынын біліп, көбіне біздің тау-кен өнеркәсібімізге ақша құяды.