Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға қарсы петиция аргументтерін талдайық

16 маусымда epetition.kz сайтында сол күні күшіне енген тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту туралы заң мен сенатта енді қаралатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қарсы петиция пайда болды. Оның авторы Алена Г. есімді адам болғанымен, мұның артында «Қазақстандық ата-аналар одағы» РҚБ тұрғаны туралы одақ өзінің Instagram парақшасында жазды.

Талаптарға сай, петиция 2024 жылдың 16 желтоқсанына дейін 50 мың қол жинап үлгеруі керек. Материал жазылып жатқан уақытта 663 адам қол қойды.

Оқырмандардың өтініші бойынша мәтінде келтірілген негізгі аргументтерді тексеріп көрдік.

Петиция мәтінінде келтірілген одақтың аргументтерінің басым бөлігін Factcheck.kz редакциясы бұған дейін тексеріп, бұрмаланған және жалған тұсын әшкерелеген. Мысалы, ата-аналар одағының пікірінше, аталған заң жобалары баланы отбасынан тартып алуға бағытталған. Бұл қате – өзгерістердің баланы отбасынан тартып алуға ешқандай қатысы жоқ. Мұны бұған дейін болған заңдар реттейді.

Қысқаша қорытынды

Петиция бұған дейінгідей бұрмаланған және жалған деректердің жиынтығы. Оқырманды алдау үшін бізге бұрыннан таныс «жұлып алу» тактикасы қолданылған. Яғни автордың бұл заңдардың неге әкелетіні туралы ойы бұрыс тәпсірлеу мен негізсіз болжаммен қатар жүреді. Эмоцияға басу жиі қолданылған, петиция аудиторияны заңдарды қабылдаудың қоғам үшін жағымсыз салдарымен қорқытады. Петицияның негізгі ойы өзгеріссіз қалған – автор балаларды отбасынан тартып алып, ата-аналар негізсіз қудалауға ұшырайтыны, бұл түптеп келгенде елдегі отбасы институтының беделін түсіруге әкеп соғатынына сенеді. Дегенмен мұны растайтын аргументтер күмәнді.

Толығырақ

Мәлімдеме: Бұл заң мен заң жобасы бірін-бірі толықтырып, келесі мақсатты көздейді: тәрбиелеудің дәстүрлі процессі үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Петиция мәтінінен үзінді

Үкім: Манипуляция

Мәлімдеменің өзінде автордың «тәрбиелеудің дәстүрлі процессі» деп нақты нені меңзегені белгісіз болса да, мәтіннің жалғасынан күш көрсетуді жазалау әдісі ретінде айтып отырғанын көреміз. Петиция авторы ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынына наразы. Бұл контексте «тәрбиелеудің дәстүрлі процессі» тіркесі субъективті және манипуляция, өйткені ол тәрбие мен физикалық зорлық-зомбылықты теңестіреді. Оның үстіне сөйлемдегі «дәстүрлі процесс» тіркесі дәстүрге сілтеу логикалық айласына ұқсайды. Осы тұста кез келген физикалық зорлық адам құқығын бұзатынын, демек бұл заңға қайшы екенін айта кеткен жөн.

Мәлімдеме: Бұл заң мен заң жобасы бірін-бірі толықтырып, келесі мақсатты көздейді: ҚР-да ювенальды жүйе енгізіп, жағымсыз адамдарға қысым жасау құралы ретінде балаларды тартып алу қоқан-лоқысын пайдалану.

Петиция мәтінінен үзінді

Үкім: Манипуляция

Алдымен ювеналды жүйе Қазақстанда жаңадан енгізілмегенін, оның бұрыннан барын айтып өткен жөн. Ол кәмелетке толмағандарға қатысты заң үстемдігін жүзеге асыратын мекеме мен ұйымдардың желісі, сондықтан Қазақстанда бұрыннан бар.

Кәмелетке толмағандармен жұмыс әдісін өзгерту мақсатында 2001 жылдан бастап «Қазақстандағы ювенальды әділет» жобасының аясында жұмыс жүргізіле бастады. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Оның мақсаты — «Әділет, Ішкі істер, Білім министрліктерінде, соттарда, прокуратураларда және адвокатурада кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құру» еді. Бірақ ол «жағымсыз адамдарға қысым жасау құралы ретінде» пайдаланылатынына дәлел жоқ, керісінше, бұл қорқынышқа сілтеу логикалық айласына келеді. Яғни, сіз автордың сөзімен келіспесеңіз, сіздің «балаңызды тартып алады»-мыс.

Сонымен, ювенальды әділет жүйесі — бұл кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау жүйесі, оның ішіне тәрбие, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету секілді әрекеттің бәрі кіреді.

Ал «баланы тартып алу» мәселесіне келсек, біз бұған дейінгі талдауымызда жазғанымыздай, ата-ана құқығынан айыру – балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда қолданылатын ақырғы шара. Мұндай жағдайда тартып алу — баланы қауіптен құтқару. Бұл туралы түпкілікті шешімді ұзақ процесстен кейін сот шығарады. Ал мұндай жағдайда да баланы отбасына қайтарудың заң жүзінде бекітілген тетіктері бар. Балалардың құқығы бар және олар бұзылмауы керек. Оның үстіне ол бұрыннан бар, оның авторлар сілтеп отырған тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс санатына ауыстыру шарасына қатысы жоқ.

Мәлімдеме: Бұл заң мен заң жобасы бірін-бірі толықтырып, келесі мақсатты көздейді: азаматтардың жеке ісіне араласатын, өз еркімен жазалайтын және құқықтарын таптайтын шексіз өкілеттік берілген құрылым құру.

Петиция мәтінінен үзінді

Үкім: Жалған

Петицияның жалғасынан автор «құрылым» деп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған баланы қабылдайтын кәсіби отбасыны меңзеп отырғанын байқаймыз. Бұл балаларды орналастырудың жаңа формасы, оның механизмі бұрыннан келе жатқан асырап алатын отбасыларға және патронатқа ұқсас. Кәсіби отбасылар «шексіз өкілет» алып, «өз еркімен жазалайды және құқықтарын таптайды» деген мәлімдемеге мүлде дәлел жоқ.

Ата-аналар одағының кәсіби отбасы туралы мәлімдемелерін бұған дейін әшкерелегенде тереңірек қарап, талдадық.

Кәсіби бала асырап алушы отбасы дегеніміз міндетті оқудан, сертификаттаудан және аккредиттеуден өтетін балаларды орналастырудың бір түрі. Жоспарланғандай, бұл қайталанатын бас тартуды (екінші реттік жетімдік) болдырмауға көмектеседі және денсаулығына қатысты немесе басқа кез келген қиындыққа тап болған балаларды орналастыруға кепілдік береді.

Баланы беру кезінде қорғау және қамқорлық органдарымен шарт жасалады. Кәсіби отбасының қызметі ақылы және тоқсан сайын балалар денсаулығының, білім беру жұмыстары және оларды асырауға жұмсалған қаражат туралы есеп беріп тұруы керек.

Кәсіби отбасына орналастыру кезінде баланың пікірі де ескерілгені маңызды және он жастан бастап бұл оның келісімімен ғана болады. Осылайша, кәсіби отбасылар мемлекеттік мекемелерді ауыстыруға арналған, өйткені олар орналастырудың ыңғайлы нұсқасы, бірақ олар балаларды тартып алу процесін ешбір жағдайда жеңілдетпейді.

Кәсіби отбасы туралы бастаманың қаншалықты өміршең екенін уақыт көрсетеді. Дегенмен, бір нәрсе анық – кәсіби асырап алушы отбасыларға шексіз билік берілмейді.

Петиция авторының жазуынша, заңның келесі мақсаты: «Үкіметтік емес ұйымдарды және осы құрылымды қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен негізсіз көп қаражат бөлуді заңдастыру». Бірақ заң жобасы әлі қарауда жатқандықтан, бұған қатысты нақты ештеңе айта алмаймыз.

2023 жылдың соңында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан «қаржылай ынталандыру үшін» кәсіби тәрбиешілерге әр баланы асырау үшін ай сайын 10 АЕК (36 920 теңге) және әрбір тәрбиешіге 70 АЕК (258 440 теңге) төленетінін айтты.

Қорытынды

Қорытындылай келе, петициядағы бірнеше қызықты мәлімдемеге де назар аудармасқа болмайды, мұны да қысқаша айта кетейік.

Мәлімдеме: Біздің балаларымызға дәстүрлі емес жыныстық қатынасты «қалыпты» деп қабылдату мақсатында буллиң үшін жауапкершілік стратегиялық түрде енгізіліп жатыр деп есептейміз.

Балаларды буллиңнен қорғау мен «дәстүрлі емес жыныстық қатынасты» қабылдау арасында ешқандай байланыс жоқ.

Мәлімдеме: Қатыгездік тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа теңестірілген, біз оны заңсыз деп санаймыз, өйткені бұл күнделікті (отбасылық) қарым-қатынасты алалайды, отбасының өзі институт ретінде стигма мен виктимблеймиңге ұшырайды.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қорлауға теңестіру алалау емес — бұл отбасындағы әрбір адамның құқығын қорғауға бағытталған.

Мәлімдеме: Мен бұл заңдарды қабылдамай, бұғаттауды қатаң талап етемін! Сондай-ақ олардың лоббистерінің сыбайлас жемқорлық және ұлттық мүддеге опасыздық жасау әрекеттеріне тергеу жүргізу қажет!

Әрбір азаматтың кез келген заңды қабылдамауды талап етуге құқығы бар, бірақ отбасы және балаларды қорғау заңы мен ұлттық мүдделерді сату арасында байланыс бары өте күмәнді.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz