Түркиядан Тәжікстан азаматтарын қуып жатыр ма?

Интернеттің орыс тілді сегментінде Түркиядан тәжіктердің “қуылып жатқаны” туралы ақпарат тарады (сайттарда: 1, 2, 3, 4, 5; әлеуметтік желіде: 1, 2, 3, 4, 5). Ресейшіл БАҚ-тардың жазуынша, бұл Ресейдегі Крокус Сити Холда болған терактіге байланысты-мыс. Factcheck.kz мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Түркия тәжіктерді өз территориясынан қуып жатыр. Тәжікстанның барлық азаматы 2024 жылдың 20 сәуіріне дейін Түркия аумағынан кетуі керек, әйтпесе олар мәжбүрлі түрде депортацияланып, айыппұл салынады.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

Қолжетімді деректерде “Түркияның тәжіктерді қуып жатқаны” туралы және депортация мен айыппұлға қатысты ақпарат жоқ. Дегенмен Түркия 2024 жылдың 20 сәуірінен бастап Тәжікстан азаматтарына визалық режим енгізетіні рас. Көрсетілген күнге дейін Тәжікстан азаматтары Түркияға визасыз кіре алады. Түркия арқылы өтетін Тәжікстан азаматтарынан транзиттік виза талап етілмейді. Бұл қазір Түркияда жүрген тәжік азаматтары белгілі бір күнге дейін кетуі керек деген сөз емес.

Мәскеудегі лаңкестік әрекеттен кейін Ресейдегі Орталық Азиядан келген мигранттарға, оның ішінде тәжіктерге қатысты теріс реакция байқалды. Осыған байланысты жоғарыдағы мәлімдемеде кремльшіл медиалар Түркияның Тәжікстан азаматтарына қатысты виза енгізуі мен лаңкестікті байланыстырады. Дегенмен бұған қатысты ресми мәлімдеме жоқ.

Адам құқықтарының халықаралық стандарттарының ішінде еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқығын қорғау туралы халықаралық конвенция бар. Ол елден шетелдікті заңсыз шығаруға тыйым салады және мұндай шешім шығару кезінде қабылданатын белгілі бір процессуалдық шараларды орындауға міндеттейді.

Мәдімдеме: Мәскеуде Тәжікстаннан келген қылмыскерлердің қатысуымен болған қанды терактіден кейін Түркияда бірқатар тұтқындаулар болды. Біз террористтерге қатысты айтып отырмыз.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Шындық

Түркияда билік органдары жоспарланған рейд кезінде сегіз провинцияда “Ислам мемлекеті”* ұйымына қатысы бар деген күдікпен 40 адамды ұстады. Бұл тұтқындаулар Мәскеудегі терактіге күдіктілердің бірі Түркиядан Ресейге барғаны туралы ақпарат шыққан шақта пайда болды.

*Қазақстан аумағында тыйым салынған ұйым.

Мәлімдеме: Крокус Сити Холдағы қанды қырғынды жасағандардың кем дегенде екеуі Түркияға барғаны белгілі, олар сонда дайындалған болуы ықтимал.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Дәлелденбеген

Крокус Сити Холл ғимаратына жасалған шабуылға қатысы бар екі күдікті, екі Тәжікстан азаматы ақпан айында Ресейде визасыз болу мерзімін ұзарту үшін Түркияға барды деген ақпарат бар. Олар Түркияда қысқа уақыт болған кезде тапсырма алған болуы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Дегенмен, тергеу жалғасып жатқанын атап өту керек.

Контекст

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы “Крокус сити холл” концерт залының ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Кейінгі мәлімет бойынша, аталған концерт залдағы атыс пен өрттің салдарынан кемінде 150-ге жуық адам қаза болған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz