22 қарашада әлеуметтік желілерде Ұлытау обылысындағы Сәтбаев қаласының үстінен «Орешник» ресейлік баллистикалық зымыраны ұшып бара жатыр делінген видео тарап кетті (1, 2, 3, 4, 5). Біз анықтаған ең алғашқы жарияланым Астана уақыты бойынша 22 қараша күні сағат 7:15-те әскери тілші Шыңғыс Дамбиевтің Telegram-арнасында пайда болған (архив). Кейіннен оның «Telegram-канал Dambiev» деген таңбасы бар видеосы басқа да көптеген парақшада шыққан.

Factcheck.kz редакциясы видеода шынымен «Орешник» ұшып бара жатыр ма, жоқ па екенін анықтауды жөн көрді.
Үкім: Фейк
Видеода 21 қараша күні Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс МС-29» жүк кемесін алып ұшқан «Союз-2.1а» зымыран тасығышының ұшқан сәті таспаланған. Бұл басқа да әртүрлі жерлерде зымыранның ұшқан сәті түсірілген бейнелермен, сондай-ақ бұрын түсірілген зымырандардың видеолармен расталады. Сонымен қатар, Сәтбаев қаласы да, жалпы Қазақстан аумағы да әскери қимылдар жүріп жатқан аймақтан және «Орешник» зымыраны ұшырылды деп болжанған (Астрахан облысы) жерден алыста орналасқан. «Орешник» зымыраны батыс бағытта ұшқандықтан, бұл қала аспанының үстінен өтуі мүмкін емес.
Мәселенің анық-қанығы
Днепр қаласына құрлықаралық баллистикалық зымыранмен соққы жасалуы мүмкін деген алғашқы жаңалықтар 21 қараша күні күндіз пайда болды. BBC-дің орыс қызметі Украина әуе күштеріне сілтеме жасай отырып, соққы таңғы сағат 5 пен 7 аралығында жасалғанын және зымыран Астрахан облысынан ұшырылғанын хабарлады. Кейінірек президент Владимир Путин арнайы видеоүндеуінде орта қашықтыққа арналған баллистикалық зымыран қолданылғанын мәлімдеді.
«Союз 2.1а» зымыраны жүк кемесімен бірге 21 қараша күні Астана уақыты бойынша 17:22-де Байқоңырдың 31-алаңынан ұшырылды. 10 минуттан кейін бұл туралы «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы өздерінің Telegram арнасында жазды.
Ұшырылымнан кейін бір сағат ішінде желіде қазақстандықтар әртүрлі өңірде (Байқоңыр: 1, 2; Қостанай, Жезқазған) зымыранның аспанда ұшқан сәтін түсірген видеоларды жариялай бастады, оның ішінде Сәтбаевтан түсірілген сол видео да бар (1, 2, 3, 4). Әсіресе TikTok қолданушысы zigaaleksandra-ның #рекомендации, #ракета, #байконур хэштегтерімен жариялаған видеосы ерекше назар аудартып, миллионға жуық қаралым жинаған (архив).

Болжам бойынша, дәл осы видео келесі күні Дамбиевтің тарапынан «Орешник» туралы жалған контекст қосылып жарияланған. Видеоның ұзақтығы, «Зымыран. Сәтбаев қаласы 21.11.24» деген жазу және видеодағы әуеннің өзі бірдей.
Біз желіден тапқан алдыңғы жылдардағы «Союз» зымыран тасығышының ұшқан сәті бейнеленген видеолар қазіргі видеолардан айтарлықтай айырмасы жоқ. Мысалы, 2018 жылғы 10 шілдеде осындай көріністі Алматы тұрғындары (1, 2), 2022 жылғы қыркүйекте Байқоңыр (1, 2) мен Сәтбаев тұрғындары сондай-ақ 2022 жылғы қазанда Архангельск облысының тұрғындары бақылаған.

Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.