Орыс тіліндегі медиа кеңістіктен Батыс халқы мен Украинаға қарсы Ресей пропагандасының түрлі нұсқасы мен айла тәсілін көруге болады. Жақында Factcheck.kz редакциясының назарына қызық жаңалық ілікті. Медиада “Ресейге қарсы санкциялар Чехияда легионеллез ауруының артуына әкелді” деген жаңалық тарады. Оған сенсек, биыл “Чехияда легионеллезбен ауырғандар саны күрт өскен” мұның бір себебі ретінде “энергияны үнемдеу есебінен суды жылытудың жеткіліксіздігі” дейді орыс тіліндегі ақпарат сайттары. Осылай олар Чехияның Ресейге қарсы санкция салдарынан энергия жетіспей, қиындыққа тап болғанын меңзейді (1, 2).
Мәлімдеме: Чехияда легионеллезбен ауырғандар саны күрт өсті. Бұл туралы республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау институты хабарлады.
Дертке шалдыққандар саны екі есеге артқан. 2023 жылы бірінші жартыжылдықта 130 адам ағын судағы бактерияны жұқтырса, биылғы жылы Мемлекеттік денсаулық сақтау институты дәл осы кезеңде 302 адам жұқтырғанын хабарлады. Ведомство мамандарының айтуынша, оның бір себебі – энергияны үнемдеу есебінен суды жылытудың жеткіліксіздігі.
Медиада тараған ақпарат
Үкім: Манипуляция
Чехияда 2023 жылдың қаңтар-шілде аралығында (жарты жылдықта емес) 130 адам ағын судағы бактерияны жұқтырып, биылғы дәл осы кезеңде 302 адам жұқтырғаны рас. Бірақ мұның Ресейге қатысты санкциямен себеп салдарлық байланысы бары күмәнді. Деректерді талдасақ, бұл тұста тек корреляция болуы мүмкін екенін көреміз. Толығырақ төменнен оқыңыз.
Толығырақ
Мемлекеттік денсаулық сақтау институтының деректеріне сай, 2024 жылдың алғашқы жеті айында легионеллезді жұқтырғандар саны 302 адамға жеткен. Бұл сан 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп, өйткені былтыр осы уақыт аралығында 130 жағдай тіркелген.
Мұның себебін түсіндірген денсаулық сақтау институтының баспасөз хатшысы Дана Шаламунованың сөзінше, «Ауру көрсеткішінің өсуінің себептерінің бірі энергияны үнемдеуге байланысты суды жеткілікті жылытпау, сондай-ақ құбырдағы су айналымының төмендігі немесе құбырдағы судың тоқырауы болуы мүмкін», – деді.
Яғни Шаламунова инфекцияның жиі тіркелуін энергияның жетіспеушілігімен емес, адамдардың өз еркімен энергияны үнемдеуге тырысуын себептердің бірі деді. Бұл тұста “Ресейге қарсы санкциялар Чехияда легионеллез ауруының артуына әкелді” деген тақырыптың орынсыз екені айтпаса да түсінікті.
Легионеллез — ластанған су мен топырақ қоспаларында кездесетін легионелла тектес бактериялардың әсерінен туындайтын инфекциялық ауру. Оны емдеу әдістері бар, бірақ қазірге дейін бұл ауруға қарсы вакцина жоқ. Легионеллез жеңіл қызу көтерілуден пневмонияның ауыр түріне дейін баруы мүмкін. Кейде өлімге әкеледі.
Аурудың артуы мен санкция арасында байланыс бар ма?
Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты санкция мен Чехиядағы легионеллездің жиі тіркелуінің себеп салдарлық байланысы жоқ екенін көру үшін келесі деректен де байқауға болады. Ресей Украинаға 2022 жылы ақпанда басып кірді, сол кезден бастап Еуроодақ елдері Ресейді экономикалық тұрғыдан ығыстыру үшін санкция сала бастады, Ресейден энергетика сатып алудан бас тартты. Бірақ дәл сол алғашқы кезеңнің өзінде (2022 жылы энергияға бағаның күрт өскен кезі) Чехияда легионеллез көрсеткіші көп өспеді. Тек 2021 жылы 98 жағдай тіркелсе, 2022 жылы 140-қа жетті. Бірақ санкцияның қазіргі деңгейге жетпеген кезі, 2019 жылы 125 жағдай тіркелген-ді. 2015 жылдан бергі алғашқы 7 айда тіркелген легионеллездің санын қарайық.
Оның үстіне, Чехияның статиска бюросының дерегіне сай, энергетиканың құнының өсуі 2022 жылға келген, бірақ ол кезбен салыстырғанда қазір айтарлықтай түскенін айтуға болады.

Оның үстіне, Чехияның статиска бюросының дерегіне сай, энергетиканың құнының өсуі 2022 жылға келген, бірақ ол кезбен салыстырғанда қазір айтарлықтай түскенін айтуға болады.
Дереккөз: Чехияның статиска бюросы
Бұдан бөлек, Ресей-Украина соғысы басталғалы бері Чехияда қазір электроэнергия арзандап келе жатқанын айтып өткен жөн. Мысалы, 2022 жылы тамызда мегаватт сағатына 476 еуро болса (бағаның шарықтау шегі), 2024 шілдесінде 69 еуроға түскен.

Дереккөз: Statista.com
Контекст
Бұл тұста Чехияда расымен электро энергияның бағасы қымбаттап жатқанын айту керек. Елдің статиска бюросының дерегіне сәйкес, шілдеде инфляцияға ең көп әсер еткендердің ішінде «тұрғын үй, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа да түрлері» екенін атап өткен жөн. Оның ішінде қызмет көрсету және тұрғын үйлерді жөндеу – 4,4%-ке, сумен жабдықтау – 10,9%-ке, кәріз – 13,4%-ке, электрмен жабдықтау – 8,9%-ке, жылумен және ыстық сумен жабдықтау – 5,0%-ке қымбаттаған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.