Пластик бөтелкеден су ішу зиян ба?

Желіде EL ARNA телеарнасының 17 мамырда YouTube арнасында жарияланған “Жаңа қадам” бағдарламасының үзіндісі тарады. Видеода эндокринолог Гүлжан Мұратханқызы “Ер-азаматтардың тестостерон гармонының төмендеуінің тағы бір себебі — қоғамдағы пластиктің көптігі” дейді. Ол сөзін “Ер-азаматтарға пластик бөтелкеден су үшуге болмайды! Пластиктің ішінде бисфенол А, В деген ксеноэстроген бар. Яғни оның құрамы әйел адамдардың эстрогеніне ұқсайды. Яғни ер-азамат пластиктен күнде су іше берсе, ол зат барып тестостерон гармонының орнына отырып алады” деп жалғайды.

Гүлжан Мұратханқызының мәлімдемесі (тайм-код: 1:04:33)

Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz бұл мәлімдеменің қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Дәлелденбеген

Зерттеулер расымен көптеген пластиктің құрамында бар бисфенол А атты химиялық заттың адам денсаулығына зиян екенін айтып, жазып келеді. Алайда бұл қарапайым пластик бөтелкеден су ішуге болмайды дегенді білдірмейді, себебі бөтелке мен басқа да пластиктердің құрамындағы бисфенол А аз көлемде болады, ал оның мұндай көлемдегі зияны әлі дәлелденген жоқ. Көптеген денсаулық сақтау ұйымдары да нақты жауап бере алмайды не оның қазіргі көлемін қауіпсіз санайды.

Бисфенол А дегеніміз…

Бисфенол А әдетте қоршаған орта жағдайында әлсіз фенол иісі бар түссіз кристалды қатты зат. Ол алғаш рет 1891 жылы синтезделгеннен кейін өндірісте кеңінен қолданылып келеді. Қазіргі бисфенол А поликарбонатты пластмассаларды, эпоксидті шайырларды және басқа полимерлі материалдарды синтездеуде қолданылатын өнеркәсіптік компонент. Одан жасалған поликарбонатты пластмассалардың жақсы химиялық және физикалық ерекшеліктері бар, соның ішінде — қаттылық, термиялық тұрақтылық пен қышқылдар, майларға төзімділік. Жоғарыда аталған материалдар тамақ пен сусынға арналған контейнерлер жасау үшін қолданылады, мысалы, пластикалық бөтелкелер мен балаларды тамақтандыруға арналған бөтелкелер, сонымен қатар ойыншықтарда, көзілдіріктерде, компакт-дискілерде және т. б. кездеседі.

Бисфенол А-ның қоршаған орта мен адам денсаулығына әсері кейінгі онжылдықта өзіне назар аудартты. Кейбір зерттеушілердің жазуынша, оның атмосферада болуын шектейтін физика-химиялық қасиеттеріне қарамастан, бүкіл әлем бойынша үйдің ішінде де, сыртқы ауада да бисфенол А-ның жоғары концентрациясы анықталған. Бисфенол А мен оның кейбір ішкі аналогтарының концентрациясы үй мен кеңселер сияқты микроорталарда, әсіресе дамыған елдерде көбірек. Зауыттардағы бисфенол А-ның кәсіби әсері де жұмысшылардың денсаулығы үшін маңызды мәселе болып отыр. Оның даладағы ауада болуы Оңтүстік Азияның дамушы елдерінде ерекше мәселеге айналды. Бұл елдерде ережелердің болмауы мен тұрмыстағы (электронды) қалдықтарды көптеп жағу бисфенол А-ның жоғары концентрациясына әкелген.

Әдетте бисфенол А эстроген рецепторы, андроген рецепторы мен қалқанша безінің гормоны рецепторы сияқты түрлі биологиялық рецептормен әрекеттесу арқылы адамның эндокриндік жүйесіне кері әсер етеді деп саналады. Бұл жойқын әсерлер ұрпақты болу жүйесінің, жүйке жүйесінің, метаболикалық функцияның, иммундық функцияның және ұрпақтың өсуі мен дамуына қауіп төндіреді. Алайда бұл бисфенол А-ның көп дәрежеде әсер еткен кезінде ғана болуы мүмкін, қазір адамдардың пайдаланатын көлемі зиян екені дәлелденбеген. Оны пайдалану көлеміне қатысты түрлі ұйым өзінше талаптар қояды.

Медициналық және халықаралық ұйымдардың позициясы

Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі (EFSA) 2023 жылы сәуірде 2015 жылы белгіленген рұқсат етілген тәуліктегі тұтыну көрсеткішін айтарлықтай төмендетті.

Рұқсат етілген тәуліктегі тұтыну көрсеткіші – тамақ я болмаса ауыз судағы қасақана қосылмаған (мысалы, ластаушы заттар) және денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмейтін, бірақ өмір бойы тұтынылатын заттардың мөлшері.

EFSA сарапшылары рұқсат етілген тәуліктегі тұтыну көрсеткішін дене салмағының әр килограмына 0,2 нанограмм деп (грамның 0,2 миллиардтан бір бөлігі) белгіледі, бұл көрсеткіш бұрын дене салмағының килограммына 4 микрограмм (грамның 4 миллионнан бір бөлігі) еді.

Азық-түлікпен байланысатын материалдар, ферменттер және өңдеуші қоспалар бойынша EFSA тобының төрағасы доктор Клод Ламбре «Зерттеуімізде көкбауырда Т-хелпер жасушалары деп аталатын лейкоциттердің проценті артқанын байқадық. Олар біздің жасушалық иммундық механизмдерімізде маңызды рөл атқарады және олардың көбеюі өкпенің аллергиялық қабынуы мен аутоиммундық аурулардың дамуына әкелуі мүмкін» деген. Сондай-ақ, зерттеушілер тобы репродуктивті жүйенің денсаулығына, даму мен метаболизмге қауіп-қатерді бағалау кезінде анықталған басқа да зиянды әсерлерді ескерді.

Ал АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) кейінгі рет 2018 жылы жаңарған сұрақ-жауабында азық-түлік контейнерлері мен қаптамаларында бисфенол А-ның рұқсат етілген деңгейі қауіпсіз екенін жазады.

Адамдар бисфенол А-ның төмен деңгейінің әсеріне ұшырайды, өйткені көптеген қаптама компоненттері сияқты, бисфенол А-ның өте аз мөлшері азық-түлік қаптамасынан тағамға не сусындарға көше алады. FDA ұлттық токсикологиялық зерттеулер орталығы жүргізген зерттеулер оның төмен дозадағы әсері адамға айтарлықтай ықпал етпейтінін көрсетті.

FDA

2012 және 2013 жылдары FDA диеталық қоспалар туралы ережелеріне түзетулер енгізуді сұрайтын екі петицияны қанағаттандырды, енді бисфенол А нәрестелерге арналған бөтелкелерде, шыныаяқтарда және нәрестелер тағамының қабында қолданылмайды. Ұйымның жазуынша, бұған қауіпсіздік мәселелері емес, реттеуші органдардың рұқсаты тағамдық қоспаны нақты пайдалану үшін бұдан былай талап етілмейтіндігіне негізделген, өйткені бұл пайдалану түпкілікті және толығымен тоқтатылды.

Бисфенол А әсері туралы пікірталас 2012 жылы басталып, бес жылға созылған бисфенол А токсикотикалық деректерін байланыстыратын академиялық және реттеуші консорциум не CLARITY-BPA деп аталатын бірлескен жұмысқа әкелді. Тәуелсіз академиялық зерттеушілер мен FDA, Ұлттық экологиялық ғылымдар институты (NIEHS) және Ұлттық токсикология бағдарламасы (NTP) сияқты мемлекеттік органдар арасындағы бұл әріптестік әртүрлі әсерді зерттеу үшін бірдей негізгі эксперименттік дизайнды пайдалану арқылы нәтижелердегі сәйкессіздіктерді жоюға бағытталған.

Қорытынды есепте консорциум мүшелері бисфенол А адам денсаулығына қалай әсер ететіні туралы негізгі зерттеудің де, қосымша университеттік зерттеулердің де нәтижелерін қорытындылауға тырысты. Алайда авторлар ортақ пікірге келе алмады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz