Pfizer компаниясы вакцинасының бедеулікке алып келетінін жасырған ба?

Әлеуметтік желіде ресейлік “Звезда” телеарнасының Pfizer-дің коронавирусқа қарсы вакцинасы бедеулікке алып келетіні зерттеу кезінде-ақ анықталып, компания мұны жасырғаны, фармацевтер мен лоббистер вакцинаны тезірек нарыққа шығару үшін Pfizer-ді АҚШ пен Еропаның барлық әкімшілік кедергілерінен «сүйреп өткені» туралы 16 наурыздағы сюжеті тарады (1, 2). Телеарнаның бұл ақпаратын Ресейдің басқа да сайттары мен форумдары бөліскен (1, 2, 3, 4, 5).

Factcheck.kz телеарна сюжетіндегі ақпаратқа қаншалықты сенуге болатынын тексерді.

Мәлімдеме: Расында, мемлекет компанияның жұмысын немқұрайды бақылаған. Мұны Pfizer құжатын талдау бағдарламасының директоры Эми Келлидің зерттеуі дәлелдейді. Мәселен, ол Pfizer вакциналарының шынымен белден төмен ұратынын анықтады! Вакцина ерлердің бедеу қылуы мүмкін. Бұл зерттеу кезінде-ақ дәлелденген, бірақ жасырылған!

“Зерттеу басталған бойда сперматозоидтардың концентрациясы мен қозғалғыштығы айтарлықтай төмендегені тіркелді. Бұл көрсеткіш шамамен 22% болды. Бес-алты ай бақылаудан кейін бұл көрсеткіш шегі әлі де өте төмен күйінде қалды. Содан кейін олар зерттеуді тоқтатты, біз мұның қашан қалпына келетінін не қалпына келмейтінін білмейміз” деді Pfizer құжатын талдау бағдарламасының директоры Эми Келли.

“Звезда” телеарнасы
Үкім: Жалған

Pfizer компаниясының коронавирусқа қарсы Comirnaty вакцинасы нарыққа шыққан күннен бастап бүгінге дейін ер адамдардың сперматозоидтарының көлемі мен қозғалғыштығына, сапасына әсер ететіні туралы мәлімдемелер дәлелденбеді. Эми Келли сілтеген зерттеу ғана шәует көлемі уақытша азаюы мүмкін екенін көрсеткен. Алайда бұл вакцинаның қауіпті екенін білдірмейді және көрсеткіштер орнына келген. Толығырақ төменнен оқыңыз.

Телеарна сілтеген Эми КеллиDailyClout ұйымының операциялық директоры, ол коронавирус пен вакцина жайында жүйелі түрде жалған ақпарат тарататын ұйым. Медиа фактологиясын талдайтын MediaBiasFactcheck ресурсы DailyClout ұйымына төмен баға берген және сайтты “конспирология/псевдоғылым” санатына жатқызған.

Сюжетте Келли “Pfizer құжаттарын талдау бағдарламасының директоры” ретінде көрсетілген, бұл Келли Pfizer-де жұмыс істейтін сияқты әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ бұл жалған. Ресми түрде “Құжаттарды талдау бағдарламасы” деген жоба жоқ. Бұл туралы тек DailyClout өкілдері мен олардың серіктестері айтады.

Ал сперматозоидтардың концентрациясы мен қозғалғыштығы 22%-ке төмендегені туралы манипуляцияның шығуына Andrology журналында жарияланған зерттеу себеп болса керек: зерттеушілер Pfizer вакцинасының екінші дозасынан соң 3 ай өткенде ерлерде сперматозоид көлемі шамамен уақытша 22%-ке төмендегенін байқаған. Алайда 6 айдан соң мұндай симптомдар жоғалып, шәует көлемі орнына келген.

Дегенмен сперматозоид көлемінің мұндай төмендеулері вакцинаның зиянын білдірмейді. Ерлердің репродукциясы және урологиясы қоғамы мен ерлердің репродукциясын зерттеу қоғамының бірлескен мәлімдемесінде Pfizer вакцинасын салдырған соң расымен-ақ кейбір еркектердің шәует көлемі азаюы мүмкін екенін, бірақ бұл вакцинаның қауіпін білдірмейтінін айтқан. Ұйымдардың жазуынша, Pfizer/BioNtech COVID-19’ға қарсы вакцинасының клиникалық сынақтарында ерлердің шамамен 16%-інде екінші дозадан кейін қызба пайда болған. Ал қызба сперматозоид өндірісінің уақытша төмендетеді. Осылайша, егер ер адамда вакцина нәтижесінде қызба пайда болса, ол сперматозоид өндірісінің уақытша төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл жағдай ер адамдарда COVID-19 салдарынан не басқа себеппен қызбадан шәует азаятынына ұқсас, тіпті одан аз әсер етеді. Екі ұйым балалы болғысы келетін ер адамдарға COVID-19 вакцинасын ұсыну қажет екенін жазған.

Айта кетейік, 2021 жылдың маусымында жарияланған зерттеуде 45 ер адамның мРНҚ технологиясымен жасалған вакцина (яғни Pfizer мен Moderna) салынғанға дейін және салынғаннан кейін шәует сапасы тексерілген. Зерттеу қорытындысына сай, шәует сапасында айтарлықтай өзгеріс болмаған. Ал 2021 жылдың ақпаны мен наурызы аралығында Израильдің мамандандырылған орталығында жүргізілген зерттеуде 75 ер адамның Pfizer вакцинасы салынған соң 1-2 айдан кейінгі шәует сапасы тексерілген. Зерттеу жұмысының нәтижесіне сәйкес, COVID-19 екпесінен кейінгі сперматозоидтардың параметрі негізінен ДДСҰ белгілеген қалыпты анықтамалық диапазон шегінде қалған және COVID-19 вакцинациясының себеп-салдарлық зияны жоқ екені дәлелденген.

РФ қорғаныс министрлігінің өтірігі

Бұдан соң сюжетте АҚШ фармацевтері мен лоббистері вакцинаны тезірек нарыққа шығару үшін Pfizer-ді барлық әкімшілік кедергіден «сүйреп өткенін», Ресей қорғаныс министрлігі вирустармен мұндай тығыз жұмыс әртүрлі биологиялық қаруды жылдам жасауға негіз бола алатынын бірнеше рет ескерткенін айтады.

Үкім: Жалған және дәлелденбеген

Бұл пандемия басталғаннан бері вакцина салдыруға қарсы топтардың алға тартатын жалған нарративі. Factcheck.kz редакциясы вакцина тез дайын болғанына қарамастан, оның тарихында 10-даған жылға созылған зерттеулер жатқанын жазған. Жануарлар мен адамдарға жүргізілген клиникалық зерттеулер оның тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті.

мРНҚ 1960 жылдардың басында ашылды, ал мРНҚ-ны жасушаларға жеткізу туралы зерттеулер 1970 жылдары пайда болды. мРНҚ зерттеулерінің алғашқы жылдары технологияға деген үлкен энтузиазм байқалды, бірақ мұны еңсеру үшін көптеген инновацияны қажет ететін кейбір күрделі техникалық қиындықтар да болды. Ең басты мәселе мРНҚ ағзаға тез сіңіп, ол хабарламасын — РНҚ транскриптін “жеткізіп”, жасушадағы ақуыздар оны оқып үлгермей жатып ыдырайды дегенге саятын. Бұл мәселе нанотехнологиядағы жетістіктердің арқасында шешілді, бірақ бұл да мРНҚ вакциналарының жаппай дамуына алып келген жоқ. Себебі осы жетістіктер арқасында жасалған алғашқы екпе — Эболаға қарсы вакцина шығаруда коммерциялық даму болмады. Өйткені Эбола вирусы Африка континентінің аз мемлекетінде ғана тарады. Сосын COVID-19 келіп, барлық мемлекет вакцинаға көптеп ақша құя бастады, біреулері екпе жасаудың дәстүрлі түрін таңдады. Бірақ бұл кезде ондаған жылға созылған зерттеулер арқасында мРНҚ вакциналары жаңа зерттеулерге дайын еді.

ДДСҰ-ның сарапшыларының иммундау жөніндегі стратегиялық консультативтік тобының деректеріне сай, Pfizer-дің коронавирусқа қарсы екпесі қауіпсіз және тиімді. Екпенің қауіпсіздігін мемлекеттік органдармен қатар (мысалы, АҚШ-та FDA) басқа да халықаралық тәуелсіз сарапшылар тобы, вакцина қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитет те бақылайды.

Несі дәлелденбеді: мәлімдеменің биологиялық қару туралы бөлігіне келсек, бұл тек болжам ретінде қалады. Вирустармен жұмыс істеу гипотетикалық тұрғыдан биологиялық қаруды жасауға негіз бола алады. Алайда бұл Сomirnaty вакцинасы сол үшін пайдаланылды дегенді білдірмейді. Бұған ешқандай дәлел жоқ.

Сондай-ақ, сюжетте генерал-лейтенант Игорь Кирилловтың сөйлеген сөзінің үзіндісі келтірілген.

Мәлімдеме: Қолда бар ақпаратқа сәйкес, осы типтегі вакциналарды әзірлеу 2017 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік бюджетінің қаражатына жүргізілді және коммерциялық қол жетімді препараттар пайда болған кезде олардың қатар жүретін аурулардың дамуына және менингит, анафилактикалық шок, жедел миокард инфарктісі, инсульт сияқты ауырлардың асқынуына әкелуі мүмкін екені түсінікті болды.

Игорь Кириллов
Үкім: Жалған және манипуляция

Анафилактикалық шок — кез келген вакцинаның жеке компоненттеріне аллергиясы бар адамдарда сирек кездесетін асқыну. Мұндай адамдарға вакцинация ұсынылмайды. Кириллов тізімдеген басқа диагноздар жөнінде: интернетте вакцина салдырғаннан кейін адамдарда осындай асқынулар пайда болғаны жайында хабарламалар бар. Алайда, “вакцина салдырғаннан кейін” деу “вакцина салдары” дегенді білдірмейді. Comirnaty вакцинасы мен осы аурулар арасында себеп-салдарлық байланыс табылмады. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) жариялаған вакцинаның ықтимал асқынуларының тізімінде бұлар жоқ.

Ал миокардит пен перикардиттің пайда болу қаупінің өсуі дәлелденген, атап айтқанда екінші дозаны салдырғаннан кейін 7 күн ішінде осындай жағдай болуы мүмкін. Бұл туралы FDA да жазған (1, 2).

“Уокердің ағынан жарылуы”

Сюжеттің келесі бөлігінде телеарна Pfizer-дің [вакцинаны-авт.] зерттеу және әзірлеу жөніндегі директоры Джордан Уокер есімді адамды көрсетіп, ол жаңа штамдарды Pfizer-дің өзі шығаратыны (алғашқы болып вакцинаны да шығару үшін-міс) туралы камера алдында абайсызда мойындап қойғанын айтады.

Үкім: Жалған

Джордан Уокердің Pfizer-дің стратегиялық операциялар және мРНҚ ғылымын жоспарлау, зерттеу мен әзірлеу жөніндегі директоры лауазымында жұмыс істейтініне ешқандай дәлел жоқ. Ал бұл ақпаратты алғаш болып таратушы Project Veritas бұған дейін дәлелсіз не бұрмаланған ақпарат таратқаны үшін бірнеше рет сынға ұшырады. Pfizer компаниясы өзіне қатысты айыптауларды жоққа шығарды.

Телеарна сюжетінің Джордан Уокер есімді адамға қатысты кадрларында көрсетілген ақпарат 2023 жылдың 26 қаңтарында батыс медиасында тарады. Ақпаратта Джордан Триштон Уокер есімді адам Pfizer-дің стратегиялық операциялар және мРНҚ ғылымын жоспарлау, зерттеу мен әзірлеу жөніндегі директоры екені айтылған. Ол видеода Pfizer «вирусты мутациялау» мүмкіндігін зерттеп жатыр деп мәлімдейді және вирустың функциясын күшейту деп аталатын зерттеу желісін атап өтеді. Бірінші видео Project_Veritas-тың Twitter парақшасында 26 қаңтарда жарияланған, келесі күні, 27 қаңтарда сол аккаунтта екінші видео пайда болды. Үшінші видео дәл сол парақшада 3 ақпанда жарияланған. Соңғысындағы іс-әрекет екінші бейнеге дейін болған, бірақ Проверено ресурсы жазғандай, оны бірінші бейнемен салыстыру қиын. Үш видеодан алдымен бейне жасырын камераға түсірілгенін, содан кейін журналист келіп, компания мен вакцина туралы сұрай бастайтынын түсінуге болады. Кадрлар қиылып, монтаждалған. Бейнежазбадағы мәліметтердің барлығын фактчекерлер терістеген (1, 2, 3, 4).

Джордан Уокер деген кім?

Snopes фактчекерлері Джордан Уокер есімді адам Pfizer-де жұмыс істейтініне нақты дәлел таба алмаған. Дегенмен есімі осындай адамның медициналық білімі болуы мүмкін және Pfizer компаниясында осындай есімге тіркелген жұмыс істеп тұрған электронды пошта да бар (атауы әдейі қате жазылған электронды поштаға жолданған хатқа “адресат тіркелмеген” деген белгі пайда болған). Ресурс бұған қатысты Pfizer-ге хат жолдағанын, компания әлі жауап бермегенін айтады. Ал Проверено фактчекерлері Уокерге ұқсас адам Массачусетс штатының жалпы ауруханасында урологиялық хирургия бойынша Гарвард резидентурасының түлегі болуы мүмкін екенін анықтады.

Pfizer компаниясы вакцинасының бедеулікке алып келетінін жасырған ба?
Видеодағы Джордан Уокер (сол жақта) және Гарвардтың Массачусетс көпсалалы ауруханасындағы урологиялық хирургия резидентурасының түлегі

Уокер урологияда простатэктомия техникасы, уретральды атрофияның қауіп факторлары және урологиялық хирургиядан кейінгі асқынуларды азайту туралы бірнеше ғылыми мақаланы жазуға атсалысқан. Жұмысының тақырыбынан Уокердің иммунологияға немесе генетикаға ешқандай қатысы жоқ, бірақ урология саласының маманы екенін көруге болады.

Уокер 27 қаңтарда жарияланған екінші видеода өзінің Pfizer компаниясында жұмыс істегенін жоққа шығарып, мердігер болғанын айтқанын (тайм коды: 5:13) ескеру қажет. Бұған дейін ол сұхбат беріп жатқанын білмегенін, бірақ романтикалық кездесудемін деп ойлағанын және әсер қалдыру үшін Pfizer-дегі зерттеулер туралы айтқанын жеткізеді. Ол мұның бәрін ойлап тапқанын айтады (тайм коды: 3:23).

Ал Snopes Project Veritas-пен де байланысып, видеоның өңделмеген нұсқасын сұраған, бірақ одан да әзірше жауап келмеген. Medical Marketing and Media компаниясы да Джордан Уокер есімді адам Pfizer-де жұмыс істейтінін дәлелдей алмаған.

Pfizer компаниясы 27 қаңтарда жариялаған хабарламасында вирусты қасақана эволициялауға бағытталған зерттеу жасамағанын мәлімдеді. Алайда, Pfizer PAXLOVID-ті меңзеп (COVID-19’ды емдеу үшін қолданылатын тікелей әсер ететін дәрі) FDA мен басқа да реттеуші органдар талап ететіндей, in vitro жұмысын (мысалы, зертханалық өсіру шыныаяқында) жүргізіп жатқанын жазды. Бұл ықтимал мутациялардың нирматрелвирге (PAXLOVID-тің негізгі компоненттерінің бірі) төзімділігін анықтау үшін қажет.

Компанияның жазуынша, “табиғи түрде дамып жатқан вирусқа қарсы препараттың белсенділігін жүйелі түрде бағалап тұру маңызды. Бұл жұмыстың көп бөлігі компьютерлік модельдеу не вирустың жұқпалы емес бөлігі — ядро ​​​​протеазасының мутациялары арқылы жасалады”.

Мәлімдеме: Сонымен қатар, Pfizer вакцинасын алғаш қолдану кезінде бірқатар қайғылы жағдай тіркелді. Вакцинаны бірінші болып ұшқыштар мен бортсеріктерге салды. United Airlines Гватемаладан Чикагоға ұшқан рейсін Хьюстонға қондыруға тура келді. Бұл ресми нұсқаға сай, техникалық және медициналық мәселелер қатысты болды. Шын мәнінде, журналистер анықтағандай, капитанның кеудесінде қатты ауырсыну болған, оны орынынан тұрғыза алмаған. АҚШ федералды авиация басқармасы авиакомпанияның ұшқышына бұл Pfizer вакцинациясынан туындағанын мойындады.

“Звезда” телеарнасы
Үкім: Дәлелденбеген

Телеарна мысалға келтірген ақпарат 2023 жыл 11 наурызда болған, ал АҚШ-та вакцина салу 2020 жылы 11 желтоқсанда басталған. Екпені алғашқылардың бірі болып медицина қызметкерлері қабылдаған. Ол кезде мұндай қайғылы жағдайдың тіркелгені хабарланбады. Телеарнаның ұшқышқа қатысты мәлімдемелеріне де дәлел жоқ.

2023 жылы 11 наурызда Гватемаладан Чикагоға ұшып бара жатқан ұшақ Хьюстонның Джордж Буш атындағы континентаралық әуежайына шұғыл қонған. Жергілікті медиалардың United Airlines-ке сілтеп хабарлауынша, бұл “медициналық және техникалық” себептерге байланысты болған (1, 2, 3). Тек Houstonchronicle.com сайты медициналық көмекке кім мұқтаж болғаны белгісіз екенін жазған. Алайда басқа сайттар ұшқышқа медициналық көмек көрсетілгені туралы дәлелсіз ақпарат таратты (1, 2, 3).

Khou.com сайты United Airlines сайтының рейс мәртебесі туралы бетінде экипаж мүшесіне қатысты күтпеген жағдай болғаны жөнінде ақпарат пайда болғанын жазды. Сайт дерегінше, бұл жазу кейін ұшақты діттеген жеріне дейін апарып тастайтын жаңа экипаж мүшесі тағайындалғаны туралы ақпаратқа ауысқан. Бірақ сайт көрсеткен сілтеме қазір бос тұр, ал оның архивтелген нұсқасы жоқ. Сондықтан дерек дәлелденбейді.

Бұл дерекке сүйенген Western Journal сайты ұшақтың шұғыл қонуын ұшқышқа коронавирусқа қарсы екпе салумен байланыстырған. Ал “Звезда” телеарнасы сюжетінде көрсеткен CDM.press сайты қандай да бір ішкі құжаттарға сілтеп, “ұшқыштың дәрменсіздігі” мен “капитанның кеудесінде қатты ауырсыну болғаны, оны орынынан тұрғыза алмағанын” жазды. Алайда мұндай мәлімдеменің де дәлелі табылмады.

*Басты беттегі сурет Bing AI көмегімен салынды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz