Парижде Украинаға қару жеткізуге қарсы марш өтті ме?

18 наурызда желінің орыс тіліндегі бөлігінде Парижде Украинаға қару жеткізуге қарсы және Францияның НАТО-дан шығуын қолдаған «Патриоттар» партиясы ұйымдастырған марш өтті деген ақпарат (1234) тарады. БАҚ ақпараты бойынша, маршқа мыңдаған адам шығып, «Тезірек НАТО-дан шығайық!», «Макрон, біз сенің соғысыңды қаламаймыз!», «Макронға сенім жоғалды, зейнетке жіберіңдер!», «Фрэкзит!», «Урсула, біз сені қаламаймыз!» деп ұрандатты.

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Шындық

16 наурызда Францияның «Патриоттар» (франц. Les Patriots) саяси партиясы зейнет реформасына қарсы наразылық шаралары өтіп жатқан сәтте Францияны НАТО мен Еуроодақтан шығуға шақырған, сондай-ақ ел президенті Эммануэль Макронның отставкаға кетуін қолдаған марш өткізді (12). Желіге салынған аз ғана сурет пен видеодан маршқа қатысқан адамдардың санын шамалап анықтау қиын.

«Патриоттар» — Францияның Еуропалық одақтан (ЕО), НАТО мен Шенгеннен шығуын қолдайтын 2017 жылы құрылған ұлттық оңшылдар партиясы (кейбір бағалау бойынша тым оңшыл). Оның көшбасшысы Флориан Филиппот Украинаға қару жеткізу Францияны Үшінші дүниежүзілік соғысқа итермелейді және ел экономикасын әлсіретеді деп есептейді.

Контекст: зейнет реформасы мен наразылық

10 қаңтарда Франция премьер-министрі Элизабет Борн үкімет дайындаған зейнет реформасының жобасын таныстырды. Онда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы 62-ден 64-ке көтерілген. Зейнет жасының өсуі кезең-кезеңімен жүзеге асады: 2023 жылдың қыркүйегінен бастап жыл сайын зейнетке шығу жасы үш айға артып отырады. 2027 жылға қарай ол 63 жас үш айға, 2030 жылы толық 64 жасқа жетеді. Жаңа тәртіп 1961 жылдың қыркүйегінде және содан кейін туған француздарға қатысты қолданылады. Сонымен қатар, заңда ең төменгі зейнетақы мөлшері 1,2 мың еуроға көтерілетіні жазылған.

19 қаңтарда елде жалпыұлттық ереуіл болып, Францияның берекесін қашырды. Le Monde француз газетінің ақпараты бойынша, ел бойынша авиа және теміржол рейстері, оның ішінде халықаралық рейстер тоқтады, мектептер мен зауыттар жабылды, Париж метросындағы қозғалыс қиындады. Сол күні Ішкі істер министрлігі елде 1,12 млн адам ереуілге шыққанын айтты, оның 80 мыңы Парижде болып шықты.

8 наурыздан 9-на қараған түні Сенат (парламенттің жоғарғы палатасы) зейнет реформасы туралы жаңа заңдағы зейнет жасын көтеру туралы бапты көп дауыспен мақұлдады. 201 сенатор қолдап дауыс берсе, 115-і қарсы болған (Франция парламентінің жоғарғы палатасының жалпы 348 мүшесі бар).

12 наурызда Франция Сенаты ақпанның басынан бері жалғасып келе жатқан елдегі наразылықтарға қарамастан үкімет ұсынған зейнет реформасын мақұлдады. Реформаны 195 адам қолдаса, 112-і қарсы болды. Дауыс беру нәтижесін республиканың премьер-министрі Элизабет Борн Twitter-де жариялады. Ел үкіметі Ұлттық жиында конституцияның 49.3-бабын пайдаланып, дауыс беруді айналып өтіп, заң қабылдады. Бұл бап үкіметке заң шығарушы органның келісімінсіз-ақ мәжбүрлі түрде заң жобасын қабылдауға мүмкіндік береді. Тек парламент сенімсіздік білдіріп дауыс бермесе болғаны.

22 наурызда Эммануэль Макрон France 2 телеарнасына берген сұхбатында үкімет ұсынған, парламентті айналып өткен зейнет реформасы 2023 жылдың соңына дейін күшіне енуі керек екенін айтты. 2022 жылғы сайлау науқаны барысында Макрон өзінің екінші президенттік мандатының соңына дейін зейнет реформасын жасауды шешкенін мәлімдеген.

24 наурызда брифинг барысында Макрон кәсіподақтармен еңбек заңнамасына қатысты келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ зейнет реформасын талқыламайтынын хабарлады.

Factcheck.kz