2024 жылдың 11 мамырында БҰҰ-да өткен “кездесу барысында делегаттар Біріккен Араб Әмірліктері ұсынған Палестинаның БҰҰ-ға мүшелігі туралы қарарды қабылдағаны” туралы хабар таратты. Бұл жаңалық кейбір ақпараттық порталда “БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаны ұйымның толыққанды мүшесі ретінде таныды” деген тақырыппен шықса (1, 2), енді бірінде “БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаның БҰҰ-ға толыққанды мүше болу туралы өтінішін қолдады” деген тақырыппен жарияланды (1, 2).
Factcheck.kz редакциясы осы деректің рас-өтірігіне үңіліп, жаңалықтың тақырыбы оқырманды қалай шатастыруы мүмкін екенін қарастырып көрді.
10 мамырда БҰҰ Бас Ассамблеясы Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты шұғыл сессияға жиналды. Кездесу барысында делегаттар Палестинаның БҰҰ-ға мүшелігі туралы қарар қабылдады. Бұл құжат Палестинаның Бас Ассамблеядағы құқықтарын кеңейтеді, бірақ оған дауыс беру я болмаса Біріккен Ұлттар Ұйымының органдарына кандидат ретінде тұру құқығын бермейді. Ал жарғыға сай, Бас Ассамблея БҰҰ-ға толыққанды мүше мәртебесін бере алмайды, бұл үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы қажет.
БҰҰ сайтында “Бас Ассамблеяның кезектен тыс сессиясы: БҰҰ-дағы Палестинаның құқықығы кеңейді, бірақ толық мүше атанбады” деген тақырыппен жарияланған ақпаратта Біріккен Араб Әмірліктерінің ұсынысымен жиналған делегаттар Палестинаның БҰҰ-ға мүшелігі туралы қарар қабылданғаны жазылған. Резолюцияны 143 ел қолдап, 9 ел қарсы дауыс беріп, 25 делегация қалыс қалды. Бас Ассамблея Палестина мемлекетінің мүшелік талаптарына сай келетінін атап өтіп, Қауіпсіздік кеңесіне «мәселені оң шешуді» ұсынған. Дегенмен Қауіпсіздік кеңесінің қатарында бар АҚШ Палестинаның БҰҰ-ға толыққанды мүше болуына қарсы вето қоюы мүмкін. Өйткені бұған дейін, 2024 жылдың 18 сәуірінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Палестинаны толыққанды мүшелігі туралы Алжир дайындаған қарар жобасын қарастырып, АҚШ вето қойған. Сол кезде 12 мемлекет қолдап дауыс берген-ді.
Осылайша, “БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаны ұйымның толыққанды мүшесі ретінде таныды” деген ақпарат рас болғанымен, мұны тақырыпқа қою деректі бұрмалауы мүмкін. Себебі, жоғарыда жазғанымыздай, Бас Ассамблея БҰҰ-ға толыққанды мүше мәртебесін бере алмайды.
2012 жылы Бас Ассамблея Палестинаны БҰҰ-ға мүше емес бақылаушы мемлекет мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Оған дейін Палестина Бас Ассамблеяда тек “бақылаушы” мәртебесінде болған.
Біріккен Ұлттар Ұйымына бұған дейін ең кейінгі болып Оңтүстік Судан 2011 жылы қабылданғанын айта кеткен жөн. Ол кезде Қауіпсіздік Кеңесі Бас Ассамблеяға Оңтүстік Суданды БҰҰ-ға мүшелікке қабылдауды ұсынған.