«Oreo» қиямет күніне арнап бункер салды ма?

Кейінгі жарты жылда әлеуметтік желілерде, оның ішінде Instagram мен Facebook парақшаларында «Әлемде елиталар қиямет күніне дайындалуда. Oreo болашақ ұрпақ үшін печеньелерді сақтау үшін Норвегияда қиямет күні бункерін салды» деген қазақ тіліндегі жазумен видео тарап жатыр (1, 2); (архивтелген нұсқасы: 1, 2). Қызығы, мұндай ақпарат ағылшын тілінде де тараған (1, архивтелген нұсқасы: 1). Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

«Oreo» қиямет күніне арнап бункер салды ма?
Instagram әлеуметтік желісінің скриншоты

Үкім: Фейк

Oreo қиямет күніне арнап емес, тек жарнама үшін бункер салған. Мұндай “қойма-бункер” салуға NASA – ның 2020 жылғы «2018 vp1 астероиды осы жылы қарашаның басында жерге жақындайды» деген мәлімдемесі түрткі болған. Бірақ оның планетамыздың атмосферасына ену ықтималдылығы өте төмен еді (0,41%). Енген күннің өзінде ғалымдар оны  Жерге жетпей жойылып кетеді деп болжаған.

Толығырақ

Астероид жайлы жаңалық желі қолданушылары арасында ақырет күні туралы ой туғызған болуы керек, Оливия Гордон есімді X пайдаланушысы 2020 жылы парақшасында «Енді көп ұзамай жерге  астероид жақын келетін сияқты…Oreo-ны кім құтқарар екен, қызық» деген твит қалдырған. Кейіннен Гордон парақшасын өшіріп тастағандықтан, жазба түпнұсқасы желіде табылмады. Бірақ жазбаның архивтелген нұсқасын көруге болады. Дегенмен сол уақытта туитке Oreo жауап беріп, маркетиңдік “шешім” ойлап тапты.

Компания Норвегиядағы Шпицберген жаһандық тұқым қоймасының үлгісін пайдаланып, жарнама үшін көшірмесін қайталады. Жарнамада “қосымша сақтық шарасы ретінде «Oreo» қаптамалары шамамен -62 градустан +148 градусқа дейін төтеп беретін және химиялық реакциялар, ылғал мен ауаның әсеріне ұшырамайтын майлар (ағыл. «mylar») материалына оралғаны” айтылады. Бұл кампанияның қалай жүзеге асқанын көрсету үшін тіпті бір астроном, бірнеше актердің қатысуымен жарнама ролик жарыққа шықты. 

Фильм соңында бункердің орналасқан координаттары көрсетілген (78°08’58.1”N, 16°01’59.7”E). Алайда координаттар арқылы картада ешқандай ғимарат көрінбейді. 

«Oreo» қиямет күніне арнап бункер салды ма?

Материалды дайындаған: Бекзат Мекен

Factcheck.kz