Маусым айының екінші жартысында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жабайы арыстанның Оңтүстік Африкадағы супермаркетке шабуыл жасағанын көрсететін видео кең тарап, вирустық сипатқа ие болды. Бұл оқиға түрлі тілде жарияланып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9). Сол ролик Қазақстандағы интернет сегментінде де тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). Кадрларда ер адам дүкеннен жүгіріп шығады, ал арыстан ішінде қалып, ет жеп жатқандай көрінеді.


Factcheck.kz редакциясы бұл видеоны тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
Видео жасанды интеллект көмегімен жасалған. Кадрларда нейрожелілермен генерацияланған видеоларға тән визуалды бұрмаланулар анық байқалады. Бұл роликтің жасанды екені оны алғаш жариялаған дереккөзде де айтылған, ал оған көптеген медиаресурс сілтеме жасаған.
Мұндағы ақпаратты AFP Fact Check пен Factly фактчекерлері де тексеріп, дәл осындай қорытындыға келген.
Толығырақ
Көптеген ақпарат көзі бұл видеоны алғаш жариялаған дереккөз ретінде TikTok-тағы ataquesferoz аккаунтын көрсетеді. Керісінше іздеу арқылы тексергенде, арыстан түсірілген видео расымен сол аккаунтта алғаш рет 13 маусым күні сағат 19:00-де (Қазақстан уақыты бойынша) жарияланғаны анықталды. Ролик 24 миллионнан астам қаралым жинаған.
TikTok-та бейнені «Жасанды интеллектпен жасалған» деп белгілеуге болады. Бұл пост та дәл осылай белгіленгені көрінеді. Жалпы ataquesferoz парақшасынан жасанды интеллект көмегімен жасалған басқа да видеоларды көруге болады.

Видео авторы жазбада Оңтүстік Африканы мүлде атамайтынын айта кету керек. Тек #Африка деген хештег қолданған. Ал «Оңтүстік Африкадағы оқиға» деген интерпретация кейінірек, бұл видеоны жаңалық ресурстары бөліскеннен кейін пайда болған.
Шынайы видео мен жасанды интеллект жасаған бейненің басты айырмашылығы – соңғысында техникалық шектеулерге байланысты визуалды қателер болуы мүмкін. Бұл видеода да қате аз емес. Көзге анық байқалатындарын талдайық.
Видеоның бастапқы секундтарынан-ақ ЖИ көмегімен жасалғанын дәлелдейтін бірнеше белгіні байқауға болады. Ең алдымен, видеода сол жақ жоғарғы бұрышта мағынасыз мәтін мен бұрмаланған сандар жазылған тақтайша көзге түседі. Екіншіден, дүкеннен жүгіріп шыққан адамның бейнесі камера объективінен толық шықпай жатып-ақ ғайып болады. Сонымен қатар арыстанның құйрығы екі рет жоғалып кетеді: алғаш рет – алтыншы секундта, екінші рет – алпысыншы секундта. Бұл кезде құйрық артқы жағындағы етпен бірігіп, көзге көрінбей кетеді.



Адам қозғалыстары да бейберекет әрі түсініксіз. Видео басталғанда ол қолына есік секілді бір затты ұстап, арыстанға жақындап келеді. Келесі кадрда ол жүгіріп кетеді, бірақ қолындағы зат еш жерде көрінбейді. Бұл шынайы кадр болса, әлгі зат еденде қалуға тиіс еді.
Тағы бір ақау – 42-секундта байқалады. Бұл тұсты видеодан байқау әлдеқайда оңай. Камера сөрелердегі ет жаққа бұрылғанда бірнеше тауар құлап түседі, алайда келесі сәтте бәрі қалпына келіп, еденде ештеңе жоқ сияқты болады.
46-секундта көрсетілген еттің де пішіні күмән тудырады – олар тым тегіс, әсіресе кесілген тұстарында. Ал арыстанның тісі батқанына қарамастан, еттің пішіні еш өзгермейді.

Кадрдағы арыстан мүлде шайнап немесе жұтып жатқан жоқ – тек етті сәл ғана түртіп немесе итеріп қояды.
Сондай-ақ бұл видеоны нақты кім түсіріп жатқаны белгісіз. Жоғарыдан түсірілген көрініс бейнебақылау камерасы арқылы жазылғандай әсер қалдырады. Алайда роликтің кей сәттерінде камера қозғалысы бейберекет әрі қисынсыз – қолына ұялы телефон немесе басқа құрылғы ұстаған адам түсіріп жатқандай көрінеді.
Видео соңында едендегі төртбұрышты плиткалар бір сәтте тікбұрышқа айналып кетеді. Төменде салыстыру үшін екі скриншот келтірілген.


Аталған визуалды ауытқулардың барлығы бұл бейнежазбаның шынайы түсірілім емес екенін, жасанды интеллект құралдары арқылы жасалғанын көрсетеді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.