Мессенжерлерде мектеп ауласында «балаларға есірткі таратып жатқаны» туралы ақпарат тарап жатыр. Оған сенсек, «құлпынай куик» деп аталатын жаңа есірткі пайда болған, оның түрі құлпынай кәмпиттерге ұқсайды. Ақпаратты таратушылар деректі барлығы білуі керек екенін және ата-аналарға ескерту керектігін айтады. «Қазір мектептерде сорақы жағдай болып жатыр» деген эмоцианалды тұсы да бар.

Үкім: Фейк
Мектеп оқушыларына «құлпынай куик» деген есірткі таратып жатқаны туралы ақпарат 2007 жылы АҚШ-тан бастау алған фейк. Мұны қазақстандық және басқа да шетелдік ресми органдар терістеген. Ал ақпаратпен бірге тарап жатқан сурет контекстен жұлынып алынған.
Толығырақ
Байқауымызша, біз тексеріп отырған ақпарат 2025 жылдың қаңтар айынан бастап ағылшын тілінде тарай бастаған. Мысалы, 28 қаңтарда осындай деректі кениялық Instagram қолданушысы жариялаған (пост мәтіні біз тексеріп отырған ақпараттың мәтініне ұқсас). Дәл сол күні Ямайканың CVM Television арнасы X желісінде Strawberry Quick («құлпынай куик») деген қауіпті есірткіні адамдар мектеп оқушыларына тарататыны, ал балалар соның салдарынан ауруханаға түсіп жатқаны туралы ақпарат жариялады. Дегенмен көп ұзамай Ямайканың Білім, дағдылар, жастар және ақпарат министрлігі мектептерде Strawberry Quick-ке қатысты деректің анықталмағанын хабарлады.
Ақпан айының басында ақпарат Үндістанға, кейін көршілес Қырғызстанға да жеткен. Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі де мұның жалған ақпарат екенін мәлімдеді.
Фейк қайдан бастау алды?
2007 жылы АҚШ-та тәттілендірілген және хош иістендірілген Strawberry Quick деп аталатын есірткі туралы ақпарат электрондық пошта арқылы тарай бастады (қазір тарап жатқан есірткінің атауы осы шыққан). Сол хабарламада есірткіні балалар мен жасөспірімдерді кәмпитпен шатастыруы не қызығуы мүмкін екенін ескетеді.
Snopes сайтындағы әріптестеріміздің жазуынша, бұл ақпарат 2017 жылы да әлеуметтік желілерде оқтын-оқтын тарап тұрған, олардың кейбіреулеріне есірткінің болжалды суреттері де қосылып тараған.

Дегенмен, әріптестеріміздің жазуынша, полиция кейде кәмпитке ұқсайтын кристалдық есірткінің түрлі-түсті нұсқаларына кезігіп тұрады. Бірақ есірткі сатушылар метамфетаминнің түрлі-түсті және хош иістендірілген нұсқаларын (имитацияланған кәмпит) балаларды қызықтыру үшін шығарады деген дерекке ешбір сенімді дәлел жоқ.
Сурет қайдан алынған?
Біз тексеріп отырған ақпаратта пайдаланылған сурет, Snopes сайтының жазуынша, бастапқы контексттен алынған және балаларды қызықтыру үшін қолданатын тактика ретінде көрсетілген (басқа бір фейк ақпарат үшін пайдаланылған). Қызғылт аюлардың түріндегі таблеткалардың суреті алғаш рет 2016 жылы есірткіге қатысы бар уеб-сайттарда пайда болған (онда «Purple Bears w/ 180mg MDMA» деген тақырыппен жарияланған) және балаларға емес, осы затты тұтынушыларға бағытталған-ды.

Контекст
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда осы ақпараттың тағы бір нұсқасы 2018 жылы да тараған және Factcheck.kz сайты сол кезде де мұның фейк екенін жазған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.