Мексика жағалауынан “қиямет күнінің” белгісі саналатын балықтың табылғаны рас па?

Кейінгі бірнеше күнде әлеуметтік желілерде “Мексика жағалауынан қияметтің балығы табылды” деген ақпарат тарап жатыр (1,2,3,4). Ақпаратқа сай, 9 ақпанда Мексиканың оңтүстік Калифорниядағы жағалауында демалып жүрген адамдар түсініксіз балықты байқап қалып, видеоға түсірген. Ескек-балық (Oarfish) деген атаумен танымал болған балықтың бұл түрі кейбір халықта жамандықтың әрі қияметтің белгісі саналады-мыс. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Ақпанның басында Мексиканың оңтүстік төменгі Калифорниядағы жағалауында ескек-балықтың (Oarfish) табылғаны рас. The Washington Post газеті дәл осы балықты байқап, видеоға түсірген азаматтың бірі Роберт Хейсбен сұхбаттасқан болатын. Хейстің айтуынша, бір көргенде аллигатор не кішкентай акула деп ойлаған. Кейін сирек кездесетін теңіз жаратылысы екенін байқапты. Бұл балық жапон фальклорында байырғы заманнан бері жамандықтың белгісі саналады-мыс. Оған қоса 2011 жылы Жапонияда болған жер сілкінісіне дейін жаппай ескек-балықтардың табуылуы да себеп болды. Алайда жапон зерттеушілері кейін жер сілкінісі мен балықтардың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін жазды.

Толығырақ

Scripps Institution of Oceanography дерегінше, 1901 жылдан бері жалпы Калифорния жағалауында 20-ға жуық ескек-балық табылған. 2024 жылдың өзінде 3-4 жағдай тіркелген. Флорида табиғат және тарих мұражайының мәліметі бойынша, ескек-балықтың ұзындығы 10 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл балық мың метр тереңдікте өмір сүреді әрі жарыққа көп шыға бермейді. Шындығында, тірідей бейнесі ең алғаш 2001 АҚШ әскери-теңіз күштері туралы бейнеде көрсетілді. Ескек-балық 2013 жылы табиғат және табиғи ресурстарды қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) “қызыл тізіміне” жойылып кету қаупі төніп тұрған балық ретінде енді.

Ocean Conservancy ақпаратына сай, ескек-балық туралы аңыздар өте көп, себебі адамдардың көзіне көріне бермейді. Ал егер ол су бетіне шықса жамандықтың белгісі деп ойлайды. Алайда бұл теория дұрыс емес дейді. Көптеген ғалымдар пластиканың мұхиттағы ластану деңгейінің күн санап өсіп келе жатқанын алға тартып, теңіз эко-жүйелеріне кедергі келтіруде дейді. Сондықтан біз барынша пластикті аз өндіру керекпіз дейді мамандар. Тереңде өмір сүретін тіршілік иесінің теңіз бетіне көтерілуі – ол жамандықтың емес, керісінше қоршаған ортаға, әсіресе теңіздің ластануына тікелей байланысты.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz